Ашық әңгіме: Жаңа оқу жылындағы сапаны қамтамасыз етудің негізгі бағыттары
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті бейіндік ведомстваның құзыреті шегінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейлерінде, қосымша білім беру, балалар мен педагогтердің құқықтарын қорғау саласында, республикадағы білім беру саласындағы заңнаманың талаптарын сақтау жөніндегі қызметіне қатысты іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады, сондай-ақ ведомствоның құзыреті шегінде салалық министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысады. Осы комитеттің төрағасы Ернұр ДӘУЕНОВпен арнайы сұхбат әңгіменің газеттік нұсқасын оқырмандар назарына ұсынамыз.
Ернұр Нұрланұлы ДӘУЕНОВ, Павлодар облысында 1988 жылы дүниеге келген. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін, Қарағанды Қазтұтынуодағы университетін бітірген. Еңбек жолын 2009 жылы Ы. Алтынсарин атындағы облыстық дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатының тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған.
2011 жылдан 2013 жылға дейін Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім Академиясының ғылыми қызметкері, Астана қаласының «Зерде» дарынды балаларға арналған мектеп директорының орынбасары, «Ертіс дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының зертхана меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2013-2014 жылдары – Павлодар облысы білім беру басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің бас маманы. 2014-2015 жылдары – Шарбақты ауданы білім беру бөлімі басшысының орынбасары.
2015-2016 жылдары – Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің басшысы. 2016-2017 жылдары – Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары. 2017-2019 жылдары – Павлодар облысының ішкі саясат басқармасының басшысы. 2019 жылдан бастап Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасын басқарды. 2020 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігіндегі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылғы қазан айының 11-інде Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Ернұр Нұрланұлы, қазір қоғамда білім беру саласында сапа мәселе өзекті болып отыр. Комитет тарапынан бүгінгі күні қандай жұмыс жүргізілуде? – Сұрақ өте орынды. Жалпы жұртшылыққа түсінікті болуы үшін қысқаша баяндасам, бұл орайда комитет қызметкерлерінің үйлестіруімен бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл: орта білім беруді бағалаудың ұлттық шеңберін әзірлеу; мектепішілік бақылау жұмысын трансформациялау; 2022 және 2023 жылғы білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (ББЖМ-МОДО) қорытындысы бойынша 1000 мектеппен жұмыс. 2024 жылы барлық толық жинақты мектептерде Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингін өткізу.
Ұлттық шеңбер туралы айтып кеттіңіз. Бұл қандай құжат және оның мақсаты не? – Қазіргі таңда барлық бағалау және мониторингтік құралдар жүйеленбеген, сол себепті халықаралық тәжірибеге сүйеніп министрлік барлық бағалау және мониторингтік рәсімдерді бір жүйеге келтіру (мақсаттарының, міндеттері мен дәйектілігінің толық түсінігін қалыптастыру) мақсатында орта білім беруді бағалаудың ұлттық шеңберін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіуде. Құжат төрт негізгі элементті біріктіреді: білім алушыларды бағалау, мұғалімдерді бағалау, білім беру ұйымдарын және жалпы білім беру жүйесін бағалау.
Мектепішілік бақылау жұмысын трансформациялау деген нені білдіреді? – Мектепішілік бақылау – бұл білім алушылар мен педагогтердің жалпымемлекеттік талаптары мен сұраныстарына сәйкес оқу-тәрбие процесінің жай-күйін бағалау жүйесі. Негізгі мақсаты білім беру ұйымының қызметін жетілдіру, оның ішінде білім беру мен тәрбиелеу сапасын жақсарту, педагог қызметкерлердің кәсібилігін арттыру болып табылады.
Әрбір мектеп оқу жылының басталуына дейін мектепішілік бақылау жоспарын әзерлеуі тиіс. Бұл сұрақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығымен реттеледі. Алайда, қазіргі таңда Мектепішілік бақылау жоспарларының сапасы төмен, формалды түрде жүргізіледі. Кейбір мектептерде мүлде жоқ. Осы мәселені шешу үшін және мектептерге әдістемелік комек көрсету мақсатында Мектепішілік бақылауды жүргізу бойынша дайын үлгілері бар егжей-тегжейлі нұсқаулық құрастырылды. Бұл әр мектепке жұмыста қолдануға үлкен көмек болады.
1000 мектеппен жұмыс жобасы туралы нақтырақ тоқталып кете аласыз ба? Бұл қандай жоба? 2022 және 2023 жылдары білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі қорытындысы бойынша әдістемелік көмекті қажет ететін бір мың мектеп таңдалып алынды. Әр мектеппен нақты жұмыс жүргізу үшін, бағалау құралдарының практикалық қолданылуын қадағалау және әр мектеп деңгейінде нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін 200 жауапты ментор бекітілді. Осы екі жүз тәлімгерді ББЖМ және PISA, TIMSS, PIRLS, ICILS сияқты халықаралық зерттеулер нәтижелерін практикалық қолдануға оқыту, Мектепішілік бақылау жоспарын жүргізу, тиімді іске асыру бойынша семинарлар, тренингтер ұйымдастырылады. Бұл жұмысты біз жыл бойы жүргізетін боламыз.
Ернұр Нұрланұлы, Сіз ББЖМ деген зерттеуді атап өтіп жатырсыз? Бұл қандай мониторинг? Оны өткізу қалай жоспарланып отыр? – ББЖМ дегеніміз білім алушылардың мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкестігін бағалаудың тәуелсіз ұлттық құралы болып табылады. Тестілеу жыл сайын білім беру ұйымдарының 4 және 9 сыныптар арасында функционалды сауаттылық бойынша өткізіледі. Осы жылы біз бұған дейін мониторинге қатысқандарды қоспағанда, барлық толық жинақты 2400-ден астам мектептерді қамтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, біз өз құралымызды Нидерландыдағы Халықаралық сараптама және сертификаттау зерттеу орталығында (RCEC) аккредитациялаудан өткізу бойынша жұмысты жүргізіп жатырмыз.
Қазір мектептерде бағалау процесі қалай жүргізілуде? – 2016 жылдан бастап елімізде критериалды бағалау енгізілді. Ол екі компоненттен тұрады. Ол мұғалімнің күнделікті қоятын формативті бағасынан және тоқсан, жыл аяқталғаннан кейін, сондай-ақ оқу бағдарламасының бөлімдері бойынша жүргізілетін суммативті бағасынан тұрады. Сауалнама нәтижелелерін қарайтын болсақ, көптеген мұғалімдердің пікірінше, критериалды бағалауды енгізу бағалау үдерісін едәуір жақсартып, оны объективті және ашық ете түсті.* (*Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалаудың қолданыстағы жүйесін зерттеу нәтижелері бойынша аналитикалық есеп – Астана қаласы: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2023).
Педагогтердің едәуір үлесі (80%) бағалау оларға білім алушылардың оқуға деген оң көзқарасын қалыптастыруға, олардың білім жетістіктерін объективті бағалауға және оқу бағдарламасын меңгерудегі үлгерімін бақылауға көмектеседі деп есептейді. Бұл ретте бағалаудың критериалды жүйесі мұғалімнен жеке шығармашылықтың неғұрлым кешенді көрінісін, бағалауды ұйымдастыру және жүргізу кезінде креативті тәсілді қолдануды талап етеді. Бағалау сапасын қамтамасыз ету үшін мұғалімдер формативті және жиынтық бағалау тапсырмаларын, бағалау өлшемшарттарын, дескрипторларды құрастыру, әр оқушының жеке қабілеттерін ескере отырып, кері байланыс беру сияқты дағдыларды игеруі керек.
Ернұр Нұрланұлы ашық әңгімеңізге үлкен рахмет! Бірегей бастамалар мен жаңашыл жобаларға сәттілік пен жауапты қызметте абыройлы жетістіктер тілейміз.
Сұхбатты жүргізген
Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Сұхбаттың толық нұсқасын «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінің YouTube арнасынан көре аласыздар
Загрузка...