Шахмат – спорттық ойынмен қатар өнер, ең бастысы – ғылым
Астана қаласындағы «Үркер» тұрғын алабының тұрғыны, қоғам белсендісі КУЖАТАЕВА Алла Аскербаевнаның бастамасына орай және қаржылық қолдауымен осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті балалар үшін аула клубы ұйымдастырылып, шахмат ойынының қыры мен сырын меңгертетін арнайы топ ашылған болатын. Қазіргі кезде осы үйірменің жетекшісі ретінде қызмет атқаратын өзінің жүрек қалауындағы ізгілікті ісіне ықыласы зор ынталы әрі мейірімді азамат, шахматтан спорт шеберіне үміткер, спорттың осы түрін өнер мен ғылым ретінде жастардың арасында белсенді түрде насихаттаушы Мұратбек Аманкелдіұлы ЕЖЕНОВ жас жеткіншектерге біліктілігіне сай білім беріп, тәжірибесін үйретіп жүр. «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінің редакциясына арнайы келген қадірменді қонағымыз – Мұратбек Аманкелдіұлымен сұхбат әңгімені барша оқырман қауымның назарына ұсынамыз.
– Мұратбек Аманкелдіұлы, сізге іс-тәжірибеңізбен бөлісіп, көкейіңіздегі ой-пікірді айтуға қуана келісім бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Жылдам дамыған жаһандану заманындағы ата-аналардың көбі балаларына жан-жақты білім беру мақсатында қабілеті мен қарымына қарай спорттық үйірмелерге қатыстырып, ән-би өнеріне жетелейді. Айтыңызшы, астаналықтардың шахматқа қызығушылығы қаншалықты деңгейде?
– Иә, дұрыс айтасыз. Қазіргі кездің талабы барлығымыз үшін де жоғары. Себебі, бұл – бәсекелестік дәуірі. Алға озған қатарынан кім кем қалғысы келеді дейсің. Әсіресе, болашақтың тізгінін ұстайтын жігерлі жастар үшін. Сондықтан, зейінді де зерек ұл-қыздарымыз мектептегі білім бағдарламасынан бөлек қосымша мүмкіндіктерді игергісі келетіні түсінікті жайт. Бұл ретте шахматтың орнын бөлек санайтындар жетерлік. Алғашында әуестіліктен басталған құштарлық мені шахмат ойынының тылсымына тартып, тұрақты табыс көзі бар оқытушылық қызметке жетелеп әкелген еді. Бүгінгі күні біраз шәкірттерім мені өздерінің ұстазы санайды.
Дәл осы кезеңде менің қарамағымда отыз бала бар. Келіп қатысушылардың қатары күн өткен сайын көбеймесе азаяр емес. Сондықтан, бар білерімді өскелең ұрпаққа үйретуден жалыққан емеспін. Жуырда алты аула клубтарының арасындағы жарысқа қатысқан он үш үміткеріміздің алтауы жүлделі орындарды иелегенін мерейлі мақтан тұтамыз. Әлемде шахмат – ақыл-ойды дамытатын спорт түрі саналады. Ежелден жеткен аңыздарға сүйенсек, шахматты алғаш болып біздің заманымызға дейінгі мың жыл бұрын үндістандық математик ойлап тапқан деседі. «Шахмат» сөзінің мағынасы патша (шах) өлді (мат) дегенді білдіреді. «Ең әсерлі білім – сені жеңе алатын бәсекелеспен шахмат ойнау», – депті америкалық публицист Ричард Бах.
– Расында да, адамның бәсекеге қабілеттілік қасиетінің дамуына шахматтың пайдасы көп қой.
– Шахматты аса ауқатты әрі табысты адамдардың ойнайтынан көріп, оның бір бекзат ойын екенін бірден аңғаруға болады. Біздің еліміздің де аты шахмат аламанында шаңда қалып жатқан жоқ. Қаншама қандастарымыз әлем назарын өздеріне аударып, тақтадағы ой айқасында оң нәтижелер көрсетіп жүр. Айрықша атап айтқанда қазақстандық шахматшы, гроссмейстер Дәрмен Қанатұлы Сәдуақасов жиырма жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы шахматтан әлем бірінішілігінің чемпионы, ҚР Шахмат федерациясының вице-президенті. Және ең жас шахматшы Бибісара Асаубаева мен он төрт жасында әйел гроссмейстер атанған Жансая Әбдімәлік секілді мықтыларымыз тағы бар.
«Шахмат дегеніміз – формасы бойынша ойын, мазмұны жағынан – өнер, ал ойынды меңгеру жағынан – ғылым». Бұл – кеңес заманында әлем чемпионы атанған Тигран Петросянның шахмат туралы сипаттамасы. «Тақта үстіндегі тартыс» арнайы жобасына қатысқан белгілі қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев ағамыздың жуырда математика адамның миын ретке келтірсе, шахмат миды тәртіпке келтіру үшін керек, – деген парасатты пайымын естідім.
Ғалым: «Шахматшы болу үшін математиканы білу керек деген бос сөз. Математиканы игеру бір бөлек, шахматты игеру екі бөлек», – дей келіп, екеуі де – терең ғылым деген тоқтам жасады. Сондықтан, мен қазіргі замандағы қазақтан шыққан мықты математик ғалымның пікірін қос қолыммен қолдай отырып, ата-аналарға ескерткім келетіні – қай елдің болмасын шахмат шеберіне жүгінсек те, олар балалардың бір-екі ойыннан соң жеңіс пен жеңіліс тек өзіне тікелей байланысты екенін түсініп, жинақтала бастайтынын ең бірінші алға тартады. Шахматтың балғындар үшін ең басты қажеттілігі – жастайынан нақты шешім қабылдап, әртүрлі оқиғаларды логикалық тұрғыдан бағалауына жәрдемдесетіндігінде.
Қаршадайынан қарапайым сұрақтарға да ересек адамдарша жауап беріп, саналы шешімдерге барады. Мамандар бір орында отыра алмайтын кішкентай балаларды шахмат ойнауға үйрету қиын соғуы мүмкін екенін айтады. Алайда, егер осы спорттың қызығына кіргізе алсаңыз, бала сабыр мен шыдамдылыққа үйренеді. Әсіресе, мектепке барғалы жүрген кішкентайларға тигізетін пайдасы зор. Бала әрбір ісін жоспарлап, болжам жасап үйренеді. Уақытты тиімді пайдалануға, алға қойған мақсаттарына жетуге икемделе түседі. Ұл-қыздардың мінез-құлқын тәрбиелеуге қиындау әрі іш пыстырарлық спорт түрі болғанына қарамастан, жеңіске деген жігер танытуға жаттықтырады.
– Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта бала телефоннан бөлек кітаппен жұмыс істеуі қажет. Ал, спорт саласының мамандары шахмат ойынының негізін түсіндіретін кітаптың көбісі тек орысша ғана екенін айтатын. 2009 жылдан бері Отандық баспа тарихында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған «Көкжиек-Горизонт» оқу, көркем және публицистикалық әдебиет баспасы (директоры – Наталья Владимировна НОВОСЕЛЬЦЕВА) қазіргі таңда бейіндік ведомствоның арнайы рұқсатымен қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде оқу әдебиеттерін әзірлеп, шығарумен айналысуда. Жуырда осы баспа үйінен қазақ және орыс тілдерінде төрт автордың бірлесуімен (Е.Ю. Владимиров, Д.К. Сәдуақасов, Г.Б. Даулетова, А.М. Есіркепова) 1-сынып оқушыларына арналған «Шахмат негіздері» оқулығы мен қосымша дәптерлері жарық көрген екен. Қолыңызға ұстап, түрлі-түсті суреттермен безендірілген осы 118 беттік жаңа кітапты парақтап шыққанда қандай ой түйдіңіз?
– Шынымды айтсам, сапалы түрде тамаша мазмұнда танымал тұлғалардың авторлығымен жарық көрген кітапты көріп, қатты қуанып отырмын. Және бұл екі тілде. Қарапайым тілмен, жақсы жазылған. Кезекті қадамдармен түсіндірілуі де ойға тез қонымды көрінеді. Сондықтан, мектептегі шәкірттер мен шахмат үйірмесінің мүшелері үшін таптырмайтын құнды дүние. Ең бастысы, барлық отбасының перзенттеріне қажет және әрбір үйдің төрінде тұратын өзіміздің Отандық өнім.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының мақұлдауымен жарияланған. Бұрын шахматты үйрету мақсатындағы қосымша ретінде пайдаланылатын Александра Костенюктің қазақ тіліне аударылған «Ең ақылды балаларға арналған шахмат жазбалары» атты кітаптың барын білетінмін. Жаңа кітап осы олқылықтың орнын толтыратындығы даусыз. Бұл – бастамасы шығар, бірінші сыныптағылар үшін. Алдағы уақытта жоғары сынып оқушылары мен студенттерге және ата-аналарға арналған ерекше баспа өнімі оқырмандарға кеңінен тарайтындығына кәміл сенемін.
– Мұратбек Аманкелдіұлы, сізге аула кулубындағы қолөнерші жастардың ұлттық нақышта әсем безендірілген қаптамалық қалтасы бар шахматты редакция қызметкерлеріне сыйға тартып, ұжымның жетекшісі ретінде маған осы ойынның ережесі мен жүру тәртібін үйреткеніңіз үшін алғыс айтып, мазмұнды әңгімеңізге ризашылығымды білдіремін. Ұстаздық еңбегіңіздің жоғары нәтижесіндей биік белестерді бағындыратын шәкірттеріңіз көп болсын!
Сұхбатты жүргізген
Ләззат ТҮРКІСТАНОВА