Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім

Жыл сайынғы дәстүрге сай тамыз айының екінші онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде секциялық жұмыстар бойынша бастау алатын Отандық педагогтердің алқалы басқосуы биылғы жаңа оқу жылының қарсаңында «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім» тақырыбымен өткен аптаның сәрсенбі күні елордадағы Назарбаев Университетінде (NU) ұйымдастырылған пленарлық бөлігінің қорытындысы негізінде нақты мәресіне жетті. Бес жүз мың адамның басын құраған келелі кеңеске ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара ДҮЙСЕНОВА, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат НҰРБЕК, ҚР Парламентінің Мәжіліс және Сенат депутаттары, білім беру бойынша халықаралық сарапшылар мен ағарту саласының ардагерлеріне қоса үздік педагогтер, аймақтағы білім басқармаларының арнайы делагациялары, беделді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жүздесу барысында Отандық педагогика саласына зор үлес қосқан танымал тұлғалар сөз сөйлеп, парасатты пайымын білдірушілер озық ойларын ортаға салды.

Халықаралық деңгейдегі саммиттің басты мақсаты – білім саласына жасанды интеллект технологияларының озық үлгілерін енгізуге бағытталған болатын. Осы орайда, «Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялар», «Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне интеграциялау», «Ауыл мектептерінде оқыту үдерісін цифрландыру» тақырыптарында түрлі талқылаулар мен цифрлық көрме және шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

– Құрметті ұстаздар қауымы! Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Мұғалім адам тағдырында аса маңызды рөл атқаратын адам екені белгілі. Ертеде бір ойшыл мұғалімдіктің миссиясын былай деп сипаттапты: мұғалім деген шәкірттерінің жолына сәулесін түсіретін шырақ іспеттес. Бұл шынымен де солай. Қиыны да қызығы мол қызметтеріңізде абыройлы бола беріңіздер. Жаңа оқу жылы әрбіріңіз үшін кәсіби өсудің айшықты кезеңі болсын! Балаларымыздың білім-білігін сапалы етуге ерен еңбек етейік! Өңірлердің PISA бойынша нәтижелерін есепке ала отырып, бес мың мектептің оқу жетістіктерін зерделеу жұмысын аяқтадық. Оның қорытындысы бойынша бір миллионға жуық оқушысы бар екі мыңнан аса мектеп әдістемелік қолдауды қажет ететін мақсатты топқа жатқызылды. Бес мың мектептің оқу жетістіктерін зерделеудің қорытындысы бойынша оларды үш топқа: жоғары, орташа деңгейлі және мақсатты мектептерге бөлдік. Үкімет мектептердің білім сапасын арттыратын жобаны мақұлдады. Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша бірінші сыныпқа келген балалардың жартысына жуығының мектепке даярлығы төмен. Сондықтан, балабақша мен мектеп арасындағы байланысты күшейту қажет, – деді Тамара Босымбекқызы.

– Ол үшін: балаларды ерте жастан оқыту мен тәрбиелеудің мазмұны, әдістемелері бастауыш мектеп бағдарламаларымен сәйкестендірілетін болады. Баланың жеке даму карталарында дағдыларының өсу, баланы оқытудың жеке траекториясы, мектепке психоэмоционалды дайындығы жинақталатын болады. Балалары балабақшаға бармайтын ата-аналар үшін балабақшалар мен мектептерде кеңес (консультациялық) орталықтары жұмыс істейді. Балалардың жеке даму карталары мектепке портфолио ретінде берілетін болады. Ол бастауыш сынып мұғалімдеріне балаларды оқытуда дұрыс тактика таңдауға мүмкіндік бермек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Үкімет барлық колледждердің қызметін талдады және профильдеуді жүргізуде. Келесі кезең жоғары оқу орындарында жоспарланған өзгерістермен сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған – кәсіби білім беру жүйесінің трансформациясы болмақ. Биыл білім берудің халықаралық салалық стандарттары енгізілетін тірек колледждердің тізбесін айқындап, әрі қарай олардың базасында кадрларды озық даярлау орталықтарын құру қажет.

Үкімет жетекшісінің орынбасары айрықша атап айтқандай, мақсатты мектептердің педагогтерін базалық, негізгі және жоғары деңгейдегі арнайы курстарда оқыту ұйымдастырылған. Мұғалімдердің курстарды меңгеру деңгейі оқушылардың тоқсандық үлгерімдері негізінде бағаланады. Ал, жыл соңында білім сапасы оқушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу жүйесін қолдана отырып, тәуелсіз бағаланатын болады. Жоғары атқарушы биліктің мектептердегі білім сапасын арттыратын жобаны мақұлдағанын білдік. Жоба аясында Назарбаев Зияткерлік мектептері, Білім-Инновация лицейлері мен республикалық физика, математика мектептері жоғары деңгейде нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдарына жаңа оқу технологияларын тарату жұмысын бастайды. Бұл тәжірибе Атырау, Ақтөбе облыстарында жақсы нәтижеге қол жеткізіпті. Маңғыстау облысында осы жылы елу мектепті жаңа жобамен қамту көзделіп отыр.

– Әлемдік практикада жоғары оқу орындарының және техникалық-кәсіби білім ұйымдарының түлектері үшін тәуелсіз бағалаудан өтіп, сертификат алу қажеттілік болып есептеледі. Біз де осы тәжірибені қолданысқа енгізуіміз қажет. Сертификаттау орталықтары түлектердің дағдыларын ғана емес, нақты білім беру ұйымдарының сапасын да бағалайтын болады. Ауылдық колледждер minor-бағдарламаларды немесе нарыққа жылдам енетін бағдарламаларды жүзеге асыруы керек. Олардың аясында жастар алты ай немесе бір жыл ішінде қарапайым жұмыс біліктілігін алып, сертификаттаудан өткеннен кейін жұмысқа кірісе алады. Ыбырай Алтынсарин академиясы ұжымы бүгінгі күні жаңа оқу бағдарламаларын әзірледі. Бұл – ұжымның практик-педагог және әдіскерлермен, ғалымдармен бірге жасаған екі жылдық еңбегінің нәтижесі. Бағдарламалардың апробациясы осы жаңа оқу жылында, ал оларды кезеңдеп енгізу 2026-2027 оқу жылынан басталмақ, – деді Тамара Дүйсенова.

– Цифрландыру министрлігі Премьер-Министрге әлеуметтік әмиянды енгізу бойынша пилот қорытындыларын баяндады. Білім саласында ол балаларды тамақтандыру бағытын қамтыды. Мұндағы өзгеріс мынадай. Әрбір ата-ананың телефонына орнатылған әлеуметтік әмиянына Отбасының цифрлық картасынан баласының тегін тамақтану құқығы туралы ақпарат немесе ваучер түседі. Осы ақпаратқа сәйкес, бала мектепте тегін тамақтануға құқылы және оның тамақтанғаны туралы ақпарат ата-анасының әлеуметтік әмиянына хабарланып отырады. Мектеп осы деректер негізінде тексеру-қабылдау актісін және есеп шотын қалыптастырады. Бұл процестің барлығы толық автоматтандырылған.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мәлімдегендей, бұл жоба осы жылдың соңына дейін пилоттық режимде барлық облыстарда жүріп, келесі жылдан бастап барлық мектептерге таратылатын болады. Жоғары оқу орындарының тәрбиешілерді дайындаудың білім беру бағдарламалары толық қайта қаралмақ. Студент балалардың даму картасын жүргізуді оқып жүрген кезінен бастап меңгеретін болады. Колледждердің беретін білімінің сапасы бағаланатын болады, оның негізінде нәтижесі жоғары бағаланған колледждер қолданбалы бакалавриат деңгейіндегі жоғарғы колледждер болып қайта ұйымдастырылады. Тәрбиешілерге магистратурада оқуды өндірістен қол үзбей оқуға мүмкіндік беру мақсатындағы тиімді тетіктердің қаралатындығы белгілі болды.

– Білікті кадрлар тек жоғары оқу орындарында ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарда да дайындалуы керек. Өкінішке қарай, бұл білім беру жүйесінің ең осал буыны болып қалуда. Дүниежүзілік экономикалық форумның бес жыл бұрынғы мәліметінше, біз әлемнің 141 елі арасында түлектердің дағдылары бойынша тоқсан бесінші орында тұрмыз. Президент тапсырмасымен Үкімет барлық ТжКБ ұйымдарын түгендеуді аяқтады және профильдеуді жүргізуде. Келесі кезең – жоғары оқу орындарында жоспарланған өзгерістермен сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған трансформация болуы керек. Білім берудің халықаралық салалық стандарттары енгізілетін тірек колледждер тізбесін айқындаудың да кезі келді, – деді Тамара Босымбекқызы.

Спикердің сөзінше, бұдан әрі олардың базасында басқа ТжКБ түлектерін оқытудың және сертификаттаудың жаңа бағдарламаларын трансферттеу үшін кадрларды озық даярлау орталықтарын құру қажет. APEC PetroTechnic колледжінде мұнай-газ саласында білім берудің үш халықаралық стандарты енгізілді (электр энергетикасы, бұрғылау кезінде ұңғыманы басқару, мұнай өңдеу түрлері бойынша технолог). Бұл колледждің сертификатталған түлектері еліміз бен шет мемлекеттерде сұранысқа ие. Жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламалары арасындағы сабақтастық қамтамасыз етілуі қажет. Осы жұмысқа тартылған беделді жоғары оқу орындары жоғары деңгейдегі инженерлерді даярласа, онда колледждер тиісінше техниктермен, технологтармен, жаңа буын механиктерімен жоғары оқу орындары толықтыруы тиіс. Бұрын техникумдарды үздік аяқтаған тұлғалар жоғары оқу орындарының үшінші курсына емтихансыз қабылданатын еді. Алдағы кезде бұл тәжірибені мамандардың біліктілігіне қойылатын жаңа талаптарды ескере отырып, қайта жаңарту көзделуде.

– Отандық білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізудің алғышарты қалыптасты деуге негіз бар. Бүгінде мектептерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамту сексен тоғыз пайызды құрайды, интернеттің орташа жылдамдығы өткен жылы 4 Мбит/с болса, биыл секундына 75 Мбит жылдамдыққа жетті. Еліміздің 1731 мектебінде «Starlink» жерсеріктік интернеті орнатылды. Қазіргі таңда оқулықтардың жүз пайызы цифрлық форматқа ауыстырылды. Олар қазір он бір платформада қолжетімді. Жасанды интеллект технологияларын білімге сауатты енгізу оқытудың тиімділігін қамтамасыз етеді, ал бұл өз кезегінде білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазір цифрлық технологиялар информатика пәнінің шеңберінен әлдеқайда шығып кетті. Енді әрбір педагогтің ақпараттық технология бойынша құзыреттілігі оның біліктілігінің ажырамас бөлігіне айналуы шарт. Бұл – жаһандық үдеріс, заманауи талап, – деді баяндамасында Ғани Бектайұлы.

– Мемлекет басшысының қолдауының негізінде білім беру инфрақұрылымы жақсарып, еліміздегі үш мыңға жуық мектеп бір ауысымда білім беруде. Қосымша 536 оқушы орнына арналған 302 мектептің құрылысы жүруде. 1,7 миллионнан астам оқушы ыстық тегін тамақпен қамтылды. Уақыт ұзаған сайын мұғалім мамандығына қызығушылық білдірушілердің қатары артып келеді. Биылғы жылы 1797 «Алтын белгі» иегерлерінің педагогика мамандығын таңдағаны анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 269 адамға көп. Біз осы қол жеткізген жетістіктерде тоқтап қалмауымыз керек. Алдымызда білім беру саласын әлі де жетілдіру мен дамытуды талап ететін жаңа міндеттер тұр. Бұл білім сапасын арттыру, инклюзивтілікті нығайту және білім беруді барлық балалар үшін қолжетімді ету, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір мектеп баланың қарым-қабілетін танып, тұлғалық дамуына жол ашатын жайлы білім беру ортасына айналуы тиіс. Мемлекет білім беру саласын дамыту мен педагогтеріміздің еңбегін лайықты бағалауға аса мән береді. Сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз, сондықтан біз білім мен тәрбие беру арқылы еліміздің болашағының қалыптасуына жанашырлық танытқан ұстаздарға қай уақытта да жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз.

– Ғылыми жұмыстар мен диссертация жазғанда жасанды интеллектті қолдануға болады. Жасанды интеллектпен жұмыс істеу тақырыбында біз қазір жоғары білім саласында өзіміздің заңнамалық ережелерімізді өзгертіп келе жатырмыз. Мысалы, енді диссертация жазғанда, магистрлік, докторлық немесе студенттік жұмыстарды жазғанда, жасанды интеллектті қолдануға рұқсат береміз. Міндетті түрде тек бір шартпен. Яғни, «бұл мәтін ЖИ көмегімен жасалған» деген ескерту белгі көрсетілуі керек. Сонда бағалаушы оқытушы студенттің жасанды интеллектті қалай қолданғанын қарайды. Менің де бұл бағыттағы жеке пайымымды басқа да сарапшылар қолдап отыр. Жылдам өзгерістерге толы осы заманда жасанды интеллекттен қорықпауымыз керек. Және толық түсінгеніміз жөн. Бірінші кезекте оқытушыларымызды, сосын оқушыларға жасанды интеллектті дұрыс қолдана білуді үйреткен абзал. Ол әлеуетті арттыратын өте қуатты құрал. Бірақ, оны тиімді қолдана алмасақ, сыртта қалуымыз кәдік, – деді Саясат Нұрбек.

– Биыл тамыз конференциясы «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбымен, ал форматы педагогтердің республикалық тамыз саммиті ретінде өтті. Саммит кезінде халықаралық деңгейде қонақтар жиналады, тәжірибе алмасу жүзеге асырылады және ең маңыздысы шешімдер қабылданады. Егер кеңесті саммит деңгейінде өткізетін болса, саммит деп атауын өзгертудегі себебі не екенін білгім келеді. Өйткені, тамыз кеңесі, тамыз конференциясы бұрыннан дәстүрлі, заңды құжаттары бар оны өткізуге себеп пен негіз бар. Ал, биыл кеңесті саммит деп өткізудің негіздемесі не екені ойландырды. Декларация қабылданды ма, әлде білімнің мазмұнын өзгертуге байланысты шешімдер қабылданды ма? Екінші, digital деген атына сай жасанды интеллектке қолжетімділікпен қатар 7500 мектеп бір кезеңде интернетке қосылып, саммитті бір мезетте көре алды ма? Атауына және биылғы өтетін формасына байланысты осы сұрақтар қызық болды, – деді журналистермен сұхбатында Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

– Үшінші, информатика пәнінің оқу бағдарламасын Зияткерлік мектептердегі информатика және жалпы мектептердегі информатика пәндерінің айырмашылығын талдайтын болсам, жалпы білім беретін мектептерде информатика пәнінде ескі бағдарламалық тілдер қарастырылған жаңартулар аз. Информатика аптасына 1-2 рет қана. Мысалы, 5-сыныпта «Графикалық редакторлар» тарауында Paint.net, Photobrush сияқты ескі бағдарламаларды ұсынған. 6-сыныпта: Python бағдарламалау тілі – «Сызықтық алгоритм» – 3 тоқсан, 4-тоқсанда басқа тақырып өтеді. Дәл сол секілді 7-сыныпта: Python бағдарламалау тілі – «Тармақталған алгоритм» – 3 тоқсан, 4-тоқсан басқа тақырыпқа өтіп кетеді. 8-сыныпта: Python бағдарламалау тілі – «Циклдік алгоритм» – 3 тоқсан. Тиімсіздігі: оқушылар 1 тарау бойынша жүйелі білім алмайды, оның үстіне практикалық сабақ аптасына 1 рет жүретін 45 минуттық сабақта өте аз бала түсініп, меңгеріп, оқыған теориялық материалды практикада қолдануға үлгермейді. Тағы қосымша тиімсіздігі қазіргі еңбек нарығы Adobe Photoshop, CorelDraw секілді жаңа бағдарламаларды талап етеді.

Жұлдыз Досбергенқызының мәлімдеуінше, информатикадан алатын білім контенті еңбек нарығының сұранысына сай емес. Егер Зияткерлік мектептермен салыстыратын болсақ, Зияткерлік мектептерде бағдарламалық тілге қатысты оқу бағдарламасының мазмұны үздіксіз жаңартылып отырады. Информатика аптасына 3-5 рет. 8-сыныптан бастап C++ бағдарламалау тілі: сызықтық, тармақталған, циклдік алгоритмдерді қолданады. Оқу бағдарламасы оқушылардың технологиялық, цифрлық (модельдеу, бағдарламалау, симуляциялау және тағы да басқалар бойынша) дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Бұл ерекшеліктерді жазда өңірлерді аралағанда информатика пәндерінің ұстаздарымен, университеттегі оқытушыларымен арнайы кездесіп, пікір алмасқан кезде байқадым. Сол негізде талдау әзірленді. Биылғы digital тамыз саммитінде бәлкім информатика пәнінің мазмұнына байланысты шешімдер қабылданса деген ұсынысым болды.

Халық қалаулысы жақында бастауыш сынып оқушылары арасында өтетін «Алтын сақа» олимпиадасының марапаттау шарасына барғанын айтып, бастауыш сыныптар арасында пәндік олимпиададың өте аз екендігіне мән берді. Мәселен, «Алтын сақа» олимпиадасы республикалық олимпиадалар тізіміне енгізілмеген. Менің ойымша, Оқу-ағарту министрлігі осындай методикалық шешімін таппаған мәселелерді аяғына дейін жеткізсе… Сондай-ақ, бастауыш сынып мұғалімдерінің айтуынша, жүктеме өте көп, аттестациядан өтуде кедергілер бар. Сәйкесінше, бастауыш сынып мұғалімдерінің мәртебесі төмен. Сондықтан, оларға жаңаша көзқарас қажет. Бүгінгі балаларды оқытудың қиындығын ескере отырып, бастауыш сыныптарына жаңаша методика, жаңаша модель қалыптасса деген өтініш бар.

– Білім – баршамызға ортақ құндылық. Білім саласының жанашырымыз бәрібір саладағы мәселені көтеріп, шешілуіне атсалыса береміз. Кез келген елдің дамуының негізгі көрсеткіші – білім, білім дамуының негізгі көрсеткіші – ұстаздың біліктілік сапасы, сәйкесінше оқушының білім сапасы – ертеңгі еңбек нарығының сапасы, ал еңбек нарығының сапасы – кез келген экономиканың бәсекеге қабілетті болуы. Формальды, ауқымды форумды өткізгеннің артында осы мәселеге көңіл бөлу қажет деп санаймын. Биылғы кеңесте жалпы PISA-ға байланысты қол жеткізген нәтижені сақтап қалуға және арттыра түсуге арнайы шаралар жоспары қабылданып, барлық педагогикалық қауымдастықпен талқылануы қажет еді деп санаймын. PISA зерттеулерінің нәтижелерін Оқу-ағарту министрлігі толығымен талдап, сараптама нәтижесінде «қатемен жұмыс» нақты әдістемелік ұсыныстарды әзірлеп, оны педагогтеріміз әрі қарай жұмыстарында пайдалануы өзекті, – деді ол.

– Жалпы, білім саласындағы сапаны Оқу-ағарту министрлігі көтеруге міндетті. Соңғы бес жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласындағы реформалары, оның ішінде педагог мәртебесін арттыру, педагогтердің жалақысын өсіру және педагог мамандығының еңбек нарығындағы тартымдылығын арттыруға байланысты реформалары сәтті жүзеге асты. Осы реформаларды, оның ішінде ұстаздың біліктілігі мен еңбегі оқушының білім сапасына ұласуы аяғына дейін жеткізіліп, сыныпта отырған үшке оқитын бала мен беске оқитын баланың білім сапасындағы алшақтықты азайтуға ден қою қажет. Мектептегі жай ұстаз бен шебер ұстаз арасындағы білім беру методикасындағы біліктілік пен сапа алшақтығын азайту керек.

Жасанды интеллекет біздің өмірімізге етене енді, осы жасанды интеллектпен бәсекеге түсетін адам капиталын одан әрі дамытуға назар аудару қажет. Балалардың тәрбиесі, тәртібі басым бағытта талқылануы керек. Біз қай жерден бала тәрбиесін уысымыздан шығарып алдық? Бұл сұрақтың жауабын ата-ана, отбасы тәрбиесінен зерделеу өзекті. Ендігі білімнің бағыты, дамуы қалай болады және білімнің, мұғалімнің сапасына қалай қол жеткізуге болады. Осы қадау-қадау мәселелер үнемі талқылана беруі қажет деп санаймын, – деп қорытқан сөзінің соңын Жұлдыз Сүлейменова.

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтың айтуына қарағанда, жасанды интеллект әлемдік жүйе болғандықтан, ақпараттық қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс.

– Біз биыл бірінші рет саммит форматын таңдап отырмыз. Оны таңдаудағы басты себебіміз – негізгі қаралатын тақырыптың өзектілігі. Әрине, жасанды зерденің пайдасы мол. Бүгінде өз бетінше ойланатын роботтар көбейіп, барлық салада басымдық алғанына куә болып отырмыз. Бірақ оның тәуекелдері де бар. Қазір әрбір мемлекет орта білімін қызғыштай қорып отыр. Өйткені, әр елдің өз ұстанымы мен бағыты бар. Ал, жасанды интеллект ғаламдық жүйе болғандықтан, оқыту үдерісінде әлемдік ақпаратты жинақтап жауап береді. Сондықтан, біз жан-жақты дайындалғаннан кейін ғана осы технологияларды енгізуіміз керек. Жаратылыстану бағытында ондай тәуекелдер жоқ. Өйткені, есеп-қисап бәріне ортақ. Оны тек қазақшаға аударып үлгерсек болды. Осы мақсатта біз қазір «Цифрлы ұстаз», «Тілге бойлау» жобаларын ұйымдастырып жатырмыз. Уақыт күтпейді. Бәлкім біз қазірдің өзінде кеш қалып бара жатқан шығармыз, – деді ол.

– Республикалық педагогтердің тамыз саммитіне өңірдегі педагогтердің жетекшісі ретінде үлкен үмітпен қатыстым әрі саммиттің жоғары деңгейде өтетініне сенімді болдым. Күткенімдей, бұл шара білім беру саласының болашағын қалыптастырудағы маңызды қадам болды. Алғаш рет саммит форматында өткен жиынның басты ерекшелігі – білім беру процесіне жасанды интеллектті енгізу және осы саладағы заманауи әдістерді қолдану мәселелерінің жан-жақты талқылануы болды. Сондай-ақ, дәстүрлі жиын халықаралық форматта өткізіліп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылармен пікір алмасуға мүмкіндік берді. Білім беру жүйесінің дамуына бағытталған тың идеялар мен инновациялық шешімдер ұсынылды, – деді Абай облысы білім басқармасының басшысы Нұржан Нығметоллаұлы.

– Әсіресе, білім саласын цифрландыру, ауыл мектептерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту және оқыту процесін жекешелендіру туралы айтылған мәселелер өте өзекті. Түрі бағыттағы ауқымды жұмыстар біздің аймақта қолға алынатын болады. Жауапкершілікпен жүктелген міндеттерді абыроймен атқару үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Менің әріптестерім – білім бөлім басшылары, колледж және мектеп директорлары мен мұғалімдері, балабақша мамандары да бұл саммитке қатысып, көптеген құнды ақпарат пен тәжірибе жинады. Әріптестердің ойларын ортаға салып, пікір білдіруі маңызды. Біз бірлесіп, аймағымыздың білім беру жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды жүзеге асырамыз.

«Жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіне интеграциялау» секциясында баяндама жасаған Кәрім Асхат – «Quantum TECH» мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Оның айтуынша, жасанды интеллект мұғалімнің орнын ауыстырмайды, тек педагогтің жұмысын жеңілдететін қосымша құрал ғана.

– «TECH» дегендегі «T» әрпі технологияны білдіреді, яғни технология – біздің басты бағыттарымыздың бірі және білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі. Ол мұғалімдерге оқыту әдістерін жетілдіруге, оқушыларға жаңа білімді оңай әрі тиімді меңгеруге мүмкіндік береді. Технологиялық құралдар оқушылардың шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға, ақпаратты іздеу және талдау дағдыларын жетілдіруге септігін тигізеді. Сондай-ақ, онлайн платформалар мен қосымшалар арқылы оқыту үдерісі анағұрлым икемді әрі қолжетімді бола түседі. Біз бүгінгі секциялық отырыста жасанды интеллектті тиімді қолдану әдістерін мұғалімдерге үйретіп, пікір алмастық. Мәселен, «Magic School» жобасы – мұғалімдерге де, оқушыларға да ыңғайлы етіп жасалған платформа. Мұнда сабақты қызықты етіп өткізуге көмектесетін тоғыз түрлі қосымша бар. Оның жасанды интеллект құралдары креативті сұрақтар құрастыруға, әр оқушымен сараптама жүргізуге, сабақ жоспарлауға үлкен көмегін тигізеді. Бұл жерде айта кететін басты нәрсе – жасанды интеллект мұғалімнің орнын ауыстырмайды, тек педагогтің жұмысын жеңілдетеді. Тағы да айта кетерлігі, жасанды зерде құрастырған тапсырмаларды мұғалім міндетті түрде тексеруі тиіс. Өйткені, ол бағдарлама болғандықтан, қателесіп, оқушыға артық әрі қауіпті ақпарат беруі әбден мүмкін, – деді ол.

– Екі жыл бұрын профориентатор мамандығы мектепке енді. Алайда оқушыға дұрыс кәсіби бағдар беру үшін сапалы қосымша мен құрылғы керек болды. Бір ғана маман мектептегі мыңдаған оқушымен жұмыс істеуге физикалық тұрғыдан үлгермейтіні анық. Осы мәселені шешу үшін біз «WeGlobal» қосымшасын ойлап таптық. Бұны әр оқушы 7-сыныптан бастап қолдана алады. Яғни, білім алушылардың жастарына сәйкес арнайы сұрақтар құрастырылған. Сол арқылы баланың қай салаға икемі барын анықтаймыз. Екінші кезеңде осы мәліметті қолдана отырып, жасанды интеллект алгоритмі оған мамандықтар кестесін ұсынады. Оның өзін құр тізіп шықпайды, пайызбен мөлшерлеп береді. Бірақ, бұл әлде де нақты шешім емес. Үшінші кезеңде оқушы әр мамандықты толық оқып, танысады. Яғни, бұл салада қанша табыс табатыны, қандай қарым-қабілет керек екені, қай университеттерде оқытылатыны, оған қанша балл жинау керектігі – бәрі-бәрі қосымшада жеңіл түсіндірілген. Статистика бойынша қоғамдағы алпыс пайыз адам өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Оның бірнеше себебі бар. Солардың арасында ең көп кездесетін жағдай – баланың атынан ата-ананың шешім қабылдауы. Енді аталған қосымша арқылы мұғалімдер мен ата-аналар оқушының нәтижесін көріп, соған сай дұрыс шешім қабылданатындығына сенеміз, – дейді «WeGlobal» жобасының жетекшісі Ақжол Замбаев.

Тамыз саммиті аясында кәсіби жетістіктерімен және оқушыларының жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленген үздік педагогтер, шеберлер, зерттеушілер, сондай-ақ білім саласының дамуы мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін білім беру ісінің ардагерлері түрлі марапаттарға ие болғанын айрықша атап айтқан абзал. Бейіндік ведомстводағы баспасөз қызметінің ресми ақпаратына сүйенсек, өңірлердегі тамыз кеңестерінде екі жүз елу жеті ұлағатты ұстазға «Еңбек ардагері» медалі, 264 педагогке «Ыбырай Алтынсарин» және екі жүз алпыс бес сала қызметкеріне «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері беріліп, 149 оқытушыға Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы, бес жүз он жеті майталман маманға ведомстволық дипломдар мен Алғыс хаттар табысталған екен.

Арнайы бетті дайындаған
Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,
Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий