Шалғайдағы жас мұғалімдердің жағдайы қалай?
2009 жылы еліміздің шалғай ауылдарындағы маман жетіспеушілігін азайту мақсатында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы іске қосылды. Мемлекеттен қыруар қаражат бөлінгенімен, жастардың қаладан ауылға баруы екіталай. Барған күннің өзінде де ауылдарда жас маманға жағдай қаншалықты дұрыс жасалған?
Қазіргі таңда ауыл-аймақта расымен маман тапшылығы сезіледі. Осы мәселе бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жасалған болатын. Дегенмен, бұл бағдарлама түгелдей дерлік орасан зор пайдасын әкеліп жатыр дей алмаймыз. Себебі, ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастар өте көп. Қалада емін-еркін, барлық жағдайы жасалған жерге үйренген жастың шалғай әрі бейтаныс ауылға баруы оңай емес. Бір жағынан, жат жерге баруға жүрексінсе, екінші жағынан ауылдарда жас маманға жағдай дұрыс жасалмаған. Үй, жылу, жалақы секілді мәселерде маманға жағдай жасалуы шикілік танытып тұр. Сол үшін де көп жастардың ауылға баруға қаламайтындары рас.
Жалпы, бұл аталған бағдарламаға ауылдық жерлерге барған немесе бұрыннан тұрып жатқан мамандар ғана қатыса алады. Бірақ, нақты салалар белгіленген. Атап айтсақ: денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт; агроөнеркәсіптік кешен мамандары; ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері. Былтыр ұлттық экономика министрі «Дипломмен – ауылға» жобасына қатысушыларға берілетін көтерме жәрдемақыны ұлғайту туралы бұйрықты да шығарған.
Яғни, жәрдемақыны жетпістен 100 АЕК-ке (369 мың 200 теңгеге) дейін арттыру жоспарланған. Ресми мәліметке сәйкес, 2009-2022 жылдар аралығында тоқсан бес мыңнан астам маман 17 миллиард теңге сомасына көтерме жәрдемақы алған. Қырық бес мыңнан астам маманға баспана сатып алу үшін 142,5 миллиард теңге бюджеттік несие берілді. Жалпы, бас-аяғы он бір жылда 60 мың жас маман – білім беру, он сегіз мың маман – денсаулық сақтау, 2302 маман – мәдениет саласына, 1512 маман – спорт, 2743 маман агроөнеркәсіп, сондай-ақ 699 маман әлеуметтік қамсыздандыру саласына жұмысқа орналасқан. Бұдан өзге оншақты қызметкер жергілікті ауыл, елді мекен әкімдігіндегі тұрақты еңбекпен қамтылғаны белгілі болуда.
Жас мамандардың ауылға тұрақтап қалғысы келмейтінінің негізгі себебі, ауылда қалсам, дамымай, артта қаламын. Қалада жұмыс істегенім одан жақсырақ емес пе деп ойлайтындар бар. Ауылда жағдай жоқ емес, керісінше, мемлекет ауылға барамын деген маманға мүмкіндік беріп қойған. Жыл сайын қыруар ақша бөлінеді әрі ауылда оқуды енді бітіріп келген жастардың алғашқы мансап жолын бастауына таптырмас мүмкіндік екндігі даусыз. Былтыр ғана жоғарғы оқу орнын тәмамдаған жас мұғалім Бексұлтанның айтуынша, ауылға қарағанда қалада мұғалім ретінде жұмыс табу әлдеқайда қиын. Әрі мұғалімге ауылдық мектепте сағат көп, әрі жағдайда жаман емес дейді.
– Қазір мен қалалық жерде жеке мектепте жұмыс істеймін. Шынымды айтсам, ауылдық жерде жұмыс істеген жас мұғалім үшін өте қажет. Себебі, қалаға қарағанда ауылда мұғалімге сағат көп, қаладағыдай 30 оқушы емес, он шақты ғана ұл мен қыз. Яғни, енді оқу бітірген мұғалімнің оқушымен жұмыс істеуіне қиындық тумайды. Сол арқылы тәжірибе жинақтай аласың. Ал, қалада жас маманның отызға жуық шәкіртпен жұмыс істеуі, әрине, оңай емес. Сонымен қатар, қаладағы мұғалімдерге қарағанда ауылдағы мұғалімдердің жағдайы тәуір. Себебі, мемлекеттен қолдау бар, сағат жағынан да, оқушымен жұмыс істеп, біліктілігіңді арттыру жағынан да, – дейді жас мұғалім Бексұлтан Досжан.
Көбіміз жастардың ауылдан қашатынына қарап, шынымен де жағдайдың дұрыс жасалмағаны ма деп ойлаймыз. Негізі, бұл жерде ауылдық жерде жұмыс істеймін деген жасқа мүмкіндіктің бар екендігінен көбісі бейхабар болуы мүмкін. Себебі, қалада өсіп үйренген адамның жат ауылда тұрғысы келмейтіні анық. Оған толық жағдай жасалса да, бәрібір бүйрегі қалаға бұрып тұрады. Осы тұрғыда ауылдық жерде жұмыс істейтін, көп жылдық тәжірибесі бар, білікті ұстаз Райса Рахметованың айтуынша, ауылда жұмыс істейтін маманға мемлекет жақсы жағдай жасап береді, тек бұны көп жастар біле бермейді. Ауылда, керісінше, мүмкіндік көп екен.
– Негізі ауылда жұмыс істейтін мамандардың жағдайы жақсы, мемлекеттен көмек беріледі. Тек осы мүмкіндікті көбісі біле бермейді, насихат, үгіттеу жұмыстары әлсіз. Сол себептен, ауылға көбісі барғысы келмейді. Егер біз жас мамандарға ауылда қандай жағдай жасалғанын көбірек көрсетсек, жастар да ауылға қарай тартылар еді. Қазір ауылда маман тапшы. Мемлекеттің ауылға барамын деген маманға көмегі көп. Тек жастар жағы дұрыс алып кете алмай тұр, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Бекжанова.
Егер жас маман біліктілігімді арттырамын, өсемін деген ынтасы болса, ауыл-аймаққа қарамайтыны сөзсіз. Осы жайлы жас маман Бексұлтанның айтуынша, бұл мәселеде адамның өзіне тікелей байланысты. Егер ауылда тұрғысы келмейтіні болса, бәрібір жағдай толық жасалғанымен сылтау табуы мүмкін дейді.
– Ауылда тұрып үйренбеген адамға қаладан кету оңай емес. Сол үшін де көп жастар ауылға қарағанда қалада тұруды тиімді санайды. Екінші жағынан, осы салада өзімді дамытамын, тәжірибе аламын деген маман ауыл-қала деп бөлмейді. Керісінше, осындай жақсы мүмкіндіктерді пайдаланады, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Тоқетерін айтатын болсақ, мықты маман боламын дегендер ауылдағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына болады. Себебі, шалғай елді мекендерде түрлі пән мұғалімдері тапшы. Ал, дипломды жас педагогтің біліктілігі ортақ мақсат пен мүдде тұрғысында ұштаспаса, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде шыңдалуы тиіс өскелең ұрпаққа берілетін сапалы білім мен саналы тәрбие де жетістігі жоғары түлектерімен мақтанатын мықты мектепте те қалыптаспайтындығы баршамызға белгілі.
Жанель ҚҰТТЫБАЙ
Загрузка...