Өткен жыл қорытындысы, алдағы міндеттер

2021 жылғы мамырдың 6-сы күні бұрынғы құрылым «Республикалық ғылыми-практикалық білім беру мазмұнын сараптаудың орталығы» болып өзгертілді. Осы орталықтың директоры Абдрахманова Назира Кабдоллаевнамен өткен жылға көз жүгіртіп, қандай маңызды жұмыстар атқарылғаны туралы әңгімелестік, арнайы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Назира Кабдоллаевна, Сіз басқарып отырған Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы білім беру сапасын қамтамасыз етудегі шешуші рөл атқаратын орталықтардың бірі болып табылады. Өткен жылға көз жүгіртіп, қандай маңызды жұмыстар атқарылды және осы жыл несімен ерекшеленгенін айтсаңыз.

– Оқулық – білім берудің негізгі құралы ғана емес, сонымен қатар қалың жұртшылық назарының негізгі объектісі болып табылады. Олай дейтініміз, мектепте 4 миллионға жуық оқушы, 400 мыңға жуық мұғалім, оған оқушылардың ата-аналарын қосатын болсақ, оқулық қанша адамның қолынан өтетінін ойлай беріңіз. Сондықтан, Орталық жұмысы шынымен де маңызды да күрделі, қызығы мен қиындығы қатар жүретін процесс.

Орталық үшін өткен жыл қызмет бағыттарының кеңеюімен ерекшеленді. Негізгі оқу әдебиеттерімен қатар биыл оқытудың қосымша ресурстарының жаңа түрлеріне сараптама жүргізіле бастады. Атап өтетін болсақ, бейнесабақтар, виртуалды зертханалар, тренажер тесттер және тағы да басқа түрлі электрондық оқу құралдары. Бұл құралдар мұғалімдерге қосымша әдістемелік көмек ретінде жұмысын жеңілдетсе, сонымен қоса оқушылардың да өз бетінше дайындалуына және білімін бағалауына қажетті ресурс болып табылады. Биыл осындай 305 қосымша құралға сараптама жүргізіліп, оның 167 аталымы білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылды.

2023 жылдан бері Үлгілік оқу бағдарламаларына сараптама жүргізу жұмысы қолға алынғаны белгілі, осы жылы тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, вариативті курстардың оқу бағдарламаларына, мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарына арналған тәрбие және сыныптан тыс жұмыс бағдарламаларына сараптама жүргізу жұмысы заңдастырылды. Сараптама жүйесін жетілдіру мақсатында Сараптама қағидаларына жаңадан әзірленген және қайта басылып шығарылатын оқулықтар мен ОӘК, оқу құралдары, электрондық басылымдарды қабылдау мерзімдеріне, сондай-ақ оқу басылымдарына сараптамалық қорытынды беру бойынша сараптамалық шешімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, биылдан бастап материалды берудің сабақтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз ету үшін 1 жастан 4 жасқа дейінгі жас санаттарына арналған ОӘК бірыңғай оқу басылымы ретінде әзірленіп, сараптамаға ұсынылатын болды.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы ретінде педагогтерге оқулықтар мен ОӘК таңдау құқығын беретін E-TANDAU платформасының қолданысқа енгізілуін атап өтуге болады. Бұл жүйе педагогтердің құқықтарын сақтай отырып, оқулықты таңдау процесін автоматтандыру арқылы қабылданатын шешімдердің объективтілігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған. Платформа арқылы оқулықтарды таңдау процесіне 60 мың мұғалім қатысып, нәтижесі үстіміздегі жылы мұғалімдердің өз бетінше таңдауы мен бұрынғы жылдары білім басқармалары ұйымдастырған таңдау көрсеткіштерінің салыстырмалы динамикасында біршама айырмашылықты көрсетті.

– Өзіңіз жоғарыда атап өткендей, білім берудің негізгі құралы және қалың жұртшылық назарының негізгі объектісі болып табылатын оқулыққа сараптама жүргізу кезінде неге көңіл аударылады? Биыл қандай оқулықтарға сараптама жүргізілді?

– Оқулыққа қойылатын басты талап, әрине, оның Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен үлгілік оқу жоспарына сәйкестігі. Жалпы оқулықтарды бағалау сараптаудың 10 аспектісіне сәйкес жүргізіледі. Яғни, сараптама кезінде оқулықтың құрылымы мен макеті, мазмұны, дидактикалық, әдістемелік аспектілері, тілдік деңгейі, психологиялық және психолингвистикалық, мәдени-құндылық, саралау аспектілері, цифрлық инновациялық технологиялармен интеграциясы және оқулықтың макеті мен дизайны жеке-жеке критерийлер бойынша бағаланады. Осы жерде оқу басылымының әрбір түріне, нақты айтқанда оқулықтарға әрбір пән бойынша, электрондық оқулықтарға, әдістемелік құралдарға, қосымша құрал түрлеріне арналған жеке-жеке критерийлердің бар екенін айта кету керек.

ҚР БҒМ 2022 жылғы 5 сәуірдегі №132 бұйрығымен бекітілген Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар электрондық нысандағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге қатысты аудио материалды AAC, AC3, OGG, MP3, MP4 форматтарында ұсыну, ойнату арналары, оқытудың деңгейлік саралау материалдарының болуы, геймификация элементтерінің болуы, жаратылыстану пәндері бойынша виртуалды зертханасы бар дидактикалық материалдардың болуы сияқты талаптармен және иллюстрациялар мен бейнематериал форматына қойылатын талаптармен толықтырылды.

Оқулықтарда функционалды сауаттылықты дамытуға арналған тапсырмалардың болуына да аса назар аударылады. Биыл қазан айында пән мұғалімдері және сарапшылардың қатысуымен 8, 9, 10-сыныптарға арналған физика, химия, биология, география, қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті, алгебра, геометрия пәні оқулықтарында PISA форматы бойынша тапсырмалардың берілуіне талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде оқу әдебиетінің авторлары мен сарапшылары, мұғалімдер, әдіскерлер – барлығы бес жүзден астам адамның қатысуымен «Функционалдық сауаттылықты дамытуға арналған тапсырмалардың ерекшеліктері және олардың оқулықтардағы рөлі» тақырыбында онлайн дәріс және «8, 9, 10-сыныптарға арналған оқулықтарда функционалдық сауаттылықты қалыптастыру бойынша тапсырмаларды пайдалану» тақырыбындағы шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.

Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге жүргізілген сараптамаға келетін болсақ, биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту деңгейі бойынша 116 оқу-әдістемелік кешенге сараптама жүргізіліп, оның 107-сі Пәндік сараптамалық комиссия шешімімен білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылса, Орта білім беру деңгейі бойынша 672 аталым сараптамадан өтіп, 406 оқулық пен ОӘК білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылды. 135 аталым оқу әдебиетіне қазіргі уақытта өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде үлгілік оқу бағдарламасының жаңаруына байланысты 3–4-сыныптардың 7 пәні бойынша оқулықтар мен ОӘК, 5–7-сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттер» оқулықтары мен ОӘК жаңадан әзірленсе, 3–4-сыныпқа арналған «Жаратылыстану», 7-сыныптың барлық пәндері, 8–9-сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы», «Қазақстан тарихы», «География» 9–11-сыныптарға арналған «Құқық негіздері», 10–11-сыныптарға арналған «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» оқулықтары мазмұнындағы статистикалық, саяси, тарихи және географиялық мәліметтердің ескіруіне байланысты қайта басып шығарылды.

– Сараптаманың бірнеше сатыдан тұратын күрделі процесс екенін өткен жолғы сұхбаттарыңызда айтқан болатынсыз. Сол сараптамаға қатысатын сарапшыларды қалай жасақтайсыздар? Олар белгілі бір дайындықтан өте ме?

– Өзіңіз айтып отырғандай, сараптама процесі өте күрделі болғандықтан, сарапшыларды іріктеуге де өте көп көңіл бөлінеді. Орталықтың сарапшылар базасы жыл сайын іріктеуден және оқытудан өткен сарапшылармен толықтырылып отырады. Биыл алғаш рет 360 сағаттық оқыту курсы өткізілді. Курсқа қатысуға екі жүз елу адам ниет білдірсе, олардың ішінен біліктілік талаптарына сәйкес 183 тыңдаушы оқыту курсына жіберілді. Нәтижесінде оқытудың барлық кезеңдері мен қорытынды бағалаудан сәтті өткен сексен бір тыңдаушы сертификатқа ие болып, базаға енгізілді.

Сонымен қатар, биылғы қыркүйек айында базадағы сарапшыларға арналған қайта даярлау семинары ұйымдастырылды. Семинарға қайта басып шығарылған оқулықтарға сараптама жүргізетін 151 сарапшы қатысты. Білім беру саласында оқу материалдарының сапасын бағалау және талдау үшін кәсіби мамандарды тарту мақсатында сарапшыларды іріктеудің жаңа жүйесі енгізілуде. Желтоқсан айының 17-сінен бастап іріктеудің бірінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде үміткерлер Орталықтың интернет-ресурсында жеке деректерін, телефон нөмірлерін, электрондық поштасын көрсете отырып, электрондық өтінішін тиісті құжаттарымен қоса тіркейді. Біліктілік талаптарына сәйкес келетін үміткерлер конкурстың келесі кезеңдеріне жіберіледі.

Сараптама саласындағы кәсіби құзыреттіліктерді кешенді бағалау кезеңінде лингвистикалық құзыреттілігі, когнитивті икемділігі, сын тұрғысынан ойлау қабілеті мен зейінділігін тексеретін тестілеу жүргізіледі. Тестілеуден сәтті өткен үміткерлермен әңгімелесу жүргізіледі. Одан кейінгі кезеңде үміткерлер білім мазмұнының теориялық және практикалық аспектілерін түсіну, өз пікірін дәлелдеу, ойларын нақты тұжырымдау деңгейін дәлелдеу мақсатында эссе жазады. Осы кезеңдердің барлығынан сәтті өткен үміткерлер оқыту кезеңіне жіберіледі. Оқыту нәтижесі бойынша үміткерлерге 5 жылға жарамды біліктілік сертификаты беріледі.

 – Өтіп бара жатқан жылы Орталықта қарқынды жұмыс атқарылғанына көзіміз жетіп отыр. Алдағы жылға қандай міндеттер қойылып отыр?

– Жоғарыда атап өткендей, өткен жылы Орталықтың бизнес-процестерін цифрландыру жұмысы басталды. Үстіміздегі жылы оқулықтарды таңдауға арналған ETANDAU.GOV.KZ электрондық платформасы еліміздің бірқатар өңірлерінде сәтті сынақтан өтіп, республика ауқымында пайдалануға енгізілді. Қазіргі уақытта E-EXPERT.GOV.KZ сарапшыларды оқытудың электрондық платформасын әзірлеу жұмысы жүргізілуде. Бұл платформа сараптаманың теориялық және практикалық аспектілері бойынша көп сатылы асинхронды оқытуды қамти отырып, сарапшыларды іріктеуді жүзеге асыру мүмкіндігін береді.

2021-2023 жылдарға арналған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды бағдарламалық- нысаналы қаржыландыру шеңберінде білім беру ресурстарын сараптаудың электрондық платформасының тестілік нұсқасы әзірленген болатын. Қазіргі уақытта электрондық платформаны қолданысқа енгізу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылғы қыркүйек айына дейін платформаны іске қосу жоспарымызда бар.

Алдымызда бастауыш және орта білім деңгейлеріне арналған үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларына сараптама жүргізу жұмысы тұр. Бұл да өте бір жауапкершілігі мол, маңызды жұмыстардың бірі. Сонымен қатар, вариативті курстардың, тәрбие және сыныптан тыс жұмыстардың, педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламаларын сараптау жұмыстары жоспарлануда. Келер жылы, сондай-ақ, жаңа бағдарлама бойынша әзірленген 1 және 5-сынып оқулықтары мен қайта басылатын 4 және 8-сынып оқулықтары сараптамаға келіп түседі деп күтілуде.

Оқулықтар мен ОӘК сапасының білім берудің заманауи талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін бағалау әдістері мен құралдары үнемі жетілдіруді талап етеді. Осы мақсатта Орталық білім мазмұнын бағалаудың жаңа тәсілдері мен технологияларын зерделеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіледі. Алдағы жылы да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын гранттық қаржыландыру бойынша жобалар жүзеге асырылады.

Жалпы, 2025 жыл Орталығымыз үшін атаулы жыл болмақ. Неге десеңіз, білім сапасы жолындағы 20 жылдығымызды атап өтпекпіз. Бұл – өткенімізге есеп беріп, алдымызға үлкен мақсаттар қоятын ерекше асулардың бірі болады деп ойлаймын. Осы мерейлі мерекеге орай, Орталықта «Сарапшы/Эксперт» ғылыми-әдістемелік журналын шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл оқу әдебиеті мазмұнын жаңаша көзқараспен зерттеп, олардың сапасын кеңінен талқылайтын зияткерлік алаң болады деген сенімдеміз.

– Алдағы жылға да қыруар жұмыстар жоспарланған екен. Әрбір бастамаңызға сәттілік пен жеңістер тілейміз! Сұхбатыңызға рақмет!

 Сұхбатты жүргізген Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий