Адал азаматты қалыптастыратын бірегей бағдарлама

«Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынып отыр. Мен бұл ұсыныспен толық келісемін», – деді биылғы наурыз айының 14-і күні Бурабайда ұйымдастырылған төртінші Ұлттық құрылтайдағы сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ.

Еділ ОСПАН

Мемлекет басшысының осы ұстанымына орай Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстелге ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспан мен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова және Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов арнайы қатысып, орнықты ой-пікірлерін ортаға салған болатын. Оқырмандардың назарына осы спикерлердің сөзін ықшамдап беруді жөн көрдік.

Ерлан ҚАЛМАҚОВ

– Соңғы жылдары Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісіне ерекше назар аударып, педагогтер мен ата-аналарды өскелең ұрпақтың адал азамат ретінде қалыптасуына жұмылдыруға баса мән беріп отыр. Оқу-ағарту министрлігі қоғам өкілдері, сала мамандары, білікті педагогтер мен тәрбие саласында еңбек етіп жүрген білім қызметкерлерінің қатысуымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын әзірледі. Бұл жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруға тікелей жауапты министрліктің Тәрбие ісі жөніндегі департаменті құрылды. Бағдарлама алдыңғы жылы қанатқақты режімде енгізіліп, былтыр жалпы мазмұны толықтай жаңартылған соң барлық білім ұйымында іске асырыла бастады, – деді вице-министр Еділ Сабырұлы.

– Қазір еліміздегі 20 мыңға жуық балабақша мен сегіз мыңға жуық мектепке қоса жеті жүзден аса колледж осы бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Бағдарламаның өзегі «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеологиялық үштағанымен астасып жатыр. Оның мазмұны ел Президенті атап көрсеткен, ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын алты құндылыққа сәйкес жүйеленді. «Адал азамат» жаңа атауындағы бұл тәрбие бағдарламасы алдағы уақытта еліміздегі барлық мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымына енгізіледі. Ұлттық және адами құндылықтарды бала бойына сіңіру олардың жас ерекшеліктеріне сай танымдық, тәжірибелік, эмоционалды компоненттерді қамтиды.

Сала жетекшісі орынбасарының айтуынша, танымдық компонент әрбір құндылықтың мәні мен мазмұнын ұғынуды қамтамасыз етеді. Тәжірибелік компонент балалардың осы құндылықтарды іс жүзінде нақты әрекеттер бойынша іске асыруына мүмкіндік береді. Ал эмоционалды компонент құндылықтардың өмірлік әдетке, күнделікті дағдыға айналдыруға ықпал етеді. Осы мақсатта құндылықтар пән мазмұнына, сынып сағаттары мен сыныптан тыс тәрбие шараларына жүйелі түрде интеграцияланған. Жаңадан бекітілген Жалпыға міндетті білім беру стандартында бағдарлама құндылықтары базалық құндылықтар ретінде айқындалған. Бүгінде бұл министрліктің тарапынан бірнеше мемлекеттік құрылымдар ұсынатын шаралардың барлығын бағдарламаға сәйкестендірудің басталғанын білдік.

– «Адал азамат» ұзақ мерзімді бағдарламасын дамыту бірнеше кезеңнен тұрады. Биыл бағдарлама аясында барлық қатысушыны тартып, жекеменшік мектептермен жұмысты күшейтеміз. Келесі жылы бағдарламаны қоғамға кеңінен тарату үшін пәрменді шаралар қабылданады. Тұжырымдамадағы құндылықтарға сай мектептердің бірыңғай дизайн-коды әзірленеді. Сынып жетекшілерінің біліктілігін арттыра отырып, оқушымен, ата-аналармен жұмысты одан әрі нығайту қолға алынбақ. Бұл ретте ата-аналармен жұмыстың маңызы ерекше. Қазіргі таңда 6800 мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылған, – деді спикер сөзінің соңында.

– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының құрылымы, мазмұны, іске асыру тетіктері тәрбиенің экожүйесіне негізделеді. Бағдарлама үш деңгей арқылы, яғни білім беру ұйымы, педагогтер және отбасы ынтымақтастығымен іске асырылады. Мысалы, 2013 жылғы «Groff, J.» зерттеулерінде мектеп өміріне отбасы, қоғамдық қауымдастықтың қатысуы құндылыққа негізделген білімді күшейтіп, этикалық мінез-құлық пен әлеуметтік жауапкершілікті арттырады десе, бұл тұжырымға қайшы пікірді «Van den Akker, J.» өз зерттеулерінде отбасы мен мектеп арасындағы құндылықтардың (мәдениетаралық, конфессияаралық, әлеуметтік әртүрлілік және сол сияқты) өзара сәйкес келмеуі, яғни құндылыққа негізделген білімнің толыққанды жүзеге асуына қиындық келтіретінін ескеруді ұсынады, – деді сөз кезегінде Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Шымболатқызы.

Анар ТӘҢІРБЕРГЕНОВА

– Халықаралық зерттеулерде мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастық, ата-ананы мектептегі тәрбие жұмысына тарту баланың академиялық үлгеріміне оң ықпалы бар екені айтылады. Мысалы, «PIRLS-2016» халықаралық зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес ата-аналары балаларымен жүйелі түрде айналысатын оқушылардың балы ата-аналары балаға сирек көңіл бөлетін оқушыларға қарағанда жиырма төрт балға, оның оқуына қатыспағандарға қарағанда 110 балға жоғары болды. «PIRLS-2021» зерттеуінде мектеп өміріне белсенді араласқан ата-аналардың балаларының көрсеткіші 16 балға жоғары болса, «TIMSS-2023» отыз жеті балға жоғары екенін көрсетеді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының іске асырылуын жүйелі бағалау мақсатында педагогтер мен ата-аналар арасында сауалнама жүргізіледі. Бірінші және екінші тоқсан қорытындысы бойынша сауалнамаға 270 мыңға жуық ата-ана мен елу мың педагог қатысты.

Спикердің мәліметіне сүйенсек, сауалнамаға қатысқан педагогтердің сексен екі пайызы – бағдарлама сынып жетекшісі ретінде кәсіби дамуына оң әсерін тигізетінін атап өткен. 84 пайызы бағдарлама оқушылар белсенділігінің артуына ықпал еткенін, 71 пайызы мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықтың нығая түскенін көрсеткен. Ал сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 67%-ы бағдарламаға оң көзқарасы қалыптасқанын, сексен тоғызы бағдарламаның бала мінез-құлқына жағымды әсер еткенін айтқан. Жалпы, сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 61 пайызы бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін мектеппен бірлесіп әрекет етуге ынталы екенін көрсетіпті.

– Осы уақытқа дейінгі зерттеулерге қарағанда ата-аналардың мектеппен бірлесіп әрекет етуі 20 пайызға артқанын байқаудамыз. Қазіргі уақытта білім беру ұйымындағы тәрбие жұмысын сапалы іске асыру үшін бағдарламаның мазмұнын ашып көрсететін әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр. Әдістемелік ұсынымдар мектеп әкімшілігіне, педагогтерге, ата-аналарға арналған. Мұнда бағдарламаны нақты іске асырудың тиімді тәсілдері ұсынылады, бірлескен әрекеттегі рөлдер мен жауапкершілікті айқындайды. Мұндай құралдар әр қатысушыға тәрбие үдерісінің мақсаты мен мазмұнын ортақ түсінуге, өзара тәжірибе алмасып, балалардың жан-жақты дамуына мейлінше қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді сөзін қорытындылаған Анар Тәңірбергенова.

– Бағдарламаның негізгі тетігі – күнделікті, апта және ай сайын жүйелі іске асырылатын қадамдар. Мысалы, білім алушылардың үзіліс кезіндегі бос уақытын асық, тоғызқұмалақ, бес тас ойнап өткізуін ұйымдастыру, қоңырауды күймен күмбірлету мәдени мұраны сезінуге жол ашады. «Үнемді тұтыну» жөніндегі күнделікті жадынамалар білім алушылардың экологиялық мәдениетін дамытады. Әр оқу аптасын Әнұранмен бастау тәуелсіздік пен отаншылдық рухын бекемдей түседі. Апта дәйексөздері білім алушыларды нақты құндылыққа үндеп, сабақтан тыс уақыттағы әрекетін соған бағдарлайды. Сондай-ақ әр сынып сағатының 10 минуты білім алушылардың жеке қауіпсіздігіне арналып, «Қауіпсіздік сабақтары» аясында техногендік, табиғи апаттардан, интернет, басқа да денсаулыққа төнетін қатерлерден қорғану дағдыларын дамытады. Ай сайын зиянды әдеттердің алдын алу шаралары ұйымдастырылады, – деді сөз кезегінде департамент директоры Ерлан Болатұлы.

– «Балалар кітапханасы» жобасы шеңберінде жас оқырмандарға ұсынылатын 2580 кітап іріктеліп, тізімі бекітілді. Қазіргі уақытта қорларды толықтыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бағдарламаға сай жыл сайын кітаптар санын екі миллион данаға ұлғайту көзделген. Былтырдан бастап арнайы портал іске қосылды. Жазғы және қысқы демалыс уақытында мектептерде үйірмелер мен секциялар жұмыс істеп, қосымша шаралар ұйымдастырылуда. Балаларға әр айдың үшінші жексенбісі мен каникул уақытында музейлерге тегін бару мүмкіндігі қарастырылған. Театрларда оқушылар үшін арнайы қойылымдар көрсетіледі. Биылғы көктемдегі демалыстың басты ерекшелігі ретінде «Қазақфильмнің» алтын қорындағы фильмдер, анимациялық фильмдерді мәдениет, білім ұйымдарында оқушылардың тегін тамашалағандарын айрықша атап айтқанымыз абзал.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий