Келешек мектептері – болашаққа бағытталған инвестиция

Білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. 2025-2026 оқу жылында үш жүз мыңнан астам оқушы орнына есептелген екі жүзден астам жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Соның ішінде 206 мың оқушы орнына арналған бір жүз он екі заманауи ағарту ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілмек. Жаңа мектептердің жартысына жуығы ауылдарда орналасады, – деп хабарлады өткен аптада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл жобаларды жүзеге асыру қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға, 15 апатты мектеп мәселесін шешуге, үш ауысымды оқытуды және бір жүз елу мыңға жуық оқушы орны тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Қосымша бір мың ауыл мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаз жаңартылады, кітапханалар, асханалар мен қауіпсіздік жүйелері жабдықталады. Сонымен қатар химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін алдағы төрт жылда 1231 мектепті жаңғырту бағдарламасы басталады. Осы мақсатта биыл 248 білім беру ұйымының ғимараттарына реновация жасалмақ. Бұл мектептерде шатырлар ауыстырылып, қасбеттер мен терезелер жаңартылады. Және инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізіліп, аумақ көгалдандырылады әрі абаттандыруы қарастырылған.

2019 жылдан бастап еліміздің білім беру саласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде бір мың екі жүз жаңа мектеп ашылып, 1 миллионнан астам оқушы орны қамтамасыз етілді. Бұл шаралар мектептердің шамадан тыс жүктемесін және үш ауысымды оқытуды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берген болатын. Қазіргі таңда республика аумағындағы үш мың мектеп бір ауысыммен жұмыс істейді.

– Алматы облысында үш ауысымды оқытуды жою және оқушы орындарының тапшылығын шешу мақсатында «Келешек мектептері» жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2024-2025 оқу жылында аймақтағы төрт жүз отыз жеті мемлекеттік мектепте 352 мың 856 бала оқыды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 мың 59 білімгерге артық. Былтыр ұлттық жоба шеңберінде 11 мың 100 оқушыға арналған тоғыз мемлекеттік және үш мың екі жүз жетпіс бес орындық 3 жекеменшік мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында ұйымдастырылған кезекті басқосуда облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.

Бұл өңірде екі жыл бұрын 14 мың 400 орындық он төрт мектеп салынған болатын. Нәтижесінде үш ауысымды мектептердің саны елу екіден отызға дейін азайған. Қазір облыс аумағында 17 білім ордасының құрылысы жалғасуда. Қарасай ауданының «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде жекеменшік инвестордың қаражаты есебінен екі мың балаға есептелген жаңа ағарту ошағы салына бастағаны айтылды. Бұл құрылыс нысаны алдағы қыркүйек айында қолданысқа берілмек. Іле ауданына қарасты Өтеген батыр, Байсерке және А.Тоқпанов ауылдарында әрқайсысы бір мың бес жүз орынға арналған мектептердің құрылысын бітіру 2025-2026 жылдарға жоспарланған.

– Бұл бағалы бастама – елдің білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге арналған нақты қадам. «Келешек мектептері» жобасы өскелең ұрпаққа қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруда айрықша маңызға ие. Заманауи білім ордалары – жай ғана көрікті ғимараттар емес, бұл – баянды болашаққа жасалған берік инвестиция. Білім – ұлттың іргетасы, ал бұл мектептер сол іргетасты нығайтатын басты тірек болмақ, – деді жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сұхбатындағы сөзінің соңында Салтанат Дауыспекқызы.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасы бойынша екі жыл бұрын республика аумағында жедел жүзеге асырыла бастаған ұлттық жобаның негізгі міндеті – оқу орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешу, жайлы білім беру ортасын құру және балаларға қолайлы қолжетімділікте мемлекеттік тілде білім беруді қамтамасыз ету болып табылады. «Келешек мектептері» жобасының заманауи техникалық жабдықталуы жаңа жиырма бірінші ғасырдың негізгі дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасайды: аналитикалық ойлау мен IT-құзыреттіліктен бастап зерттеу және шығармашылық қабілеттерге дейін.

Салынып жатқан мектептер заманауи талаптарға сай интерактивті және пән кабинеттерімен жабдықталған, оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін жарқын дизайнымен ерекшеленеді. Қостанай облысында осы жобаның аясында 4500 оқушы орнына арналған алты мектептің құрылысы жүргізілуде. Қостанай ауданының Заречный ауылында, Арқалық қаласында және облыс орталығының жаңа, қарқынды салынып жатқан «Әуежай» және «Береке» шағын аудандарында жалпы 3300 орынға арналған мемлекеттік тілде оқытатын төрт білім ордасы елдің игілігі үшін қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ осы жылы Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында үш жүз оқушыға арналған және Рудный қаласында 900 орындық мектептердің ашылуы күтілуде. Бұл заманауи мектептерде бастауыш, орта және жоғары буынды оқыту үшін бөлек блоктар қарастырылған. Және барлық кабинеттер интерактивті жабдықтармен қамтамасыз етілгенін айтуға болады. Және оқушылардың танымдық қызығушылықтары мен ғылыми-зерттеу мәдениетін дамыту үшін робототехника кабинеттеріне қоса компьютерлік сыныптар, STEM-лабораториялар жұмыс істейді. Бірнеше кең спорт және хореография залдары, белсенді ойындарға арналған алаңдар арқылы балалардың физикалық дамуына да ерекше көңіл бөлінеді.

– Мектептерде озық үлгідегі асханалар, медициналық кабинеттер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы санитарлық бөлме және лифт қарастырылған. Жайлы оқу залдарымен кітапханаларда мемлекеттік тілдегі оқу және көркем әдебиеттің қоры бай, білім алушылар үзілістерде коворкинг-орталықтарда демалып, уақыт өткізе алады. Осының барлығы өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, шығармашылық дамуы үшін жасалған, – деп хабарлайды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Атырау облысында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы шеңберінде биылғы жылдың соңына дейін алты білім ордасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл мектептерде бір ауысымда 5100 шәкірттің оқуына қажетті мүмкіндіктер қарастырылатын болады. Алты ағарту ошағының үшеуі облыс орталығында орналасқан. Нақтырақ айтқанда, Ақсай-2, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 ықшам ауданының әрқайсысында балалардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуын қамтамасыз ететін 900 орындық білім беру ұйымы салынып жатыр.

Ал 1200 орындық тағы бір жайлы мектеп – Құлсары қаласындағы Атырау шағын ауданында. Жайлы мектептерде шәкірттер мен ұстаздарға толыққанды жағдай жасалады. Олардың қауіпсіздігі де ұмыт қалған емес. Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары орнатылып, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылды. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Мектеп ғимаратында спорт залы, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған асханалар, акт залы және кітапхана бар. Сонымен қатар психолог, логопед, медициналық кабинеттерімен, заманауи үлгідегі оқу сыныптарымен, физика, химия зертханаларымен және STEM кабинеттерімен жарақталған.

– Алдағы жылы қосымша үш білім ордасы пайдалануға берілмек. Жайлы мектептер өңірдегі үш ауысымда оқытатын білім беру ұйымдарының мәселесін шешуге көмегін тигізеді. Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 ықшам ауданында құрылысы қарқын алған заманауи кешендер осы аумақтағы №39 орта мектепке жылдар бойы салмақ болған үш ауысымда оқытудың күн тәртібіндегі маңызды мәселесін оңтайлы реттеудің тиімді тетігіне айналары анық. Жалпы 2023-2025 жылдары «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде білім беретін 12 мекеме салу жоспарланған еді. Былтыр бір ауысымда 2700 бала оқитын үш білім ордасы оқушыларды қабылдады, – деп хабарлайды облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

– Біздің аудандағы Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарында бір ауысымда 600 балаға білім беретін жаңа мектептің ғимараттары салынуда. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында еліміздің барлық аймағында білім ордаларының бой көтеруі – мен сияқты жас мұғалімдер үшін үлкен үміт пен сенім сыйлайды. Бүгінде білім беру жүйесіне қойылатын талап жоғары. Ал осы жауапкершіліктің жүгіне сай заманауи мектептердің құрылысына мемлекеттің тарапынан қыруар қаражаттың бөлінуі – сапалы білім мен бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған бағалы бастама, – деді жергілікті журналистермен жүздесуінде Құрманғазы ауданына қарасты Әбу Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадыра Нәжіп.

– Жаңадан салынып жатқан жайлы мектептердің инфрақұрылымы көңіл қуантады. Әсіресе, STEM кабинеттерінің, заманауи зертханалардың, психолог пен логопед кабинеттерінің қарастырылуы – бұл тек жай ғана мектеп емес, нағыз зияткерлік орталық екенін көрсетеді. Бұл – оқушылардың да, мұғалімдердің де шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған орта. Ұстаз ретінде мен үшін ең бастысы – шәкірттің өзіне сенімді болып өсуі. Ал мұндай сенім тек қауіпсіз әрі жайлы ортада ғана қалыптасады.

Атыраулық педагогтің пайымдауынша, жаңа мектептерде инклюзивті білім беруге арналған жағдайдың жасалуы – ерекше білімді қажет ететін балалардың да тең білім алуына жол ашатыны қуантады. Сонымен қатар жаңа білім ордалары үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге үлкен септігін тигізетіні де маңызды. Бұл оқушылардың білім сапасына ғана емес, мұғалімдердің жұмыс істеу мүмкіндіктеріне де оң әсер етеді. Білім мен ғылымға салынған инвестиция – елдің келешегіне салынған инвестиция. Сондықтан ұлттық жобаның барлық өңірде қарқын алып, белсенді жүзеге асып жатқаны – отандық педагогика саласының кәсіби мамандары үшін мерейлі мақтаныш.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий