Ойлы оқушыларымыздың озықтардан озбайтындығы оқулықтардың осалдығында

«Елімізде оқулықтар сапасы мəселесі жиі көтеріледі. Білім сапасы айналып келгенде оқулықтың сапасына байланысты. Бұл – аксиома. Сол себепті ғылыми-практикалық сараптамаға қойылатын талапты едəуір арттырып, оқулықтардың апробациясын түпкілікті түрде көтеру керек. Бұл – салалық министрліктің міндеті. Еліміздегі оқулықтардың сапасы өте нашар. Заңнамалық түрде сол оқулықтарды жазатын адамдардың жауапкершілігін бекітуді тапсырамын. Нашар оқулық дайындадың ба, жарамай қалды ма – оны жазған адам жауапкершілігін көтеруі керек. Басқаша болмайды. Қазіргі таңда көпшілік оқытушылардың еңбегі қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын», – деген еді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында (27.05.2020 ж.).

Үкіметтің алдыңғы аптадағы кезекті отырысында (18.03.2026 ж.) Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының нормаларын жүзеге асыру мәселесі қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Конституцияның қабылдануы құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып, елдігіміздің тірегі болатындығына тоқталды. – Президенттің командасы ретінде біздің бәріміз, алдымызда тұрған мақсат-міндеттерге қол жеткізіп, реформалардың сапасы мен озық қарқынын қамтамасыз етуіміз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет Парламентпен бірлесіп, тез арада бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіруге тиіс, – деді ол сөйлеген сөзінде.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдеуінше, жаңа Конституция білім беру мазмұнын жүйелі түрде жаңарту үшін мүмкіндіктер ашады. Ата Заңымызда білім беруді, ғылымды, инновациялар мен технологияларды дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы ретінде бекітілген. Бастауыш білімге дербес мәртебе беру – адами капиталды қалыптастырудың және әрбір баланың сапалы білім алуына тең қол жеткізудің тікелей мемлекеттік кепілі, ұлттық қауіпсіздіктің, қоғамдық тұрақтылық пен елдің тұрақты дамуының іргетасы екені атап айтылды.

– Жалпы, жаңа Конституция білім беру мазмұнын жүйелі түрде жаңартуға мүмкіндіктер ашады. Бұл өзгерістер мектепке дейінгі, мектептегі, техникалық және кәсіби, сондай-ақ қосымша білім беру және тәрбие жұмысы жүйесінен бастап барлық білім беру контурын қамтитын болады. Оқу бағдарламаларының мазмұны ғана емес, оқулықтардың сапасы да жыл сайын қайта қаралатын болады. Сондай-ақ бірінші сынып оқушылары негізгі пәндер бойынша жұмыс дәптерлерімен қамтамасыз етілмек. Бестен 9-сыныпқа дейінгі кезеңде еңбек нарығындағы өзгерістерге және экономиканың адами капиталды дамытуға бағдарлануы маңызды факторға айналады, – деді еліміздің бас ұстазы.

– Биыл 3, 4, 7, 8 және 9-сыныптарға арналған оқулықтарды жаңарту жоспарда тұр. Келесі жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, карталарды, тарихи және әкімшілік материалдарды толық ауыстыра отырып, 10–11-сыныптардың оқулықтарын өзектендіруді көздеудеміз. 2028 жылы 2 және 6-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығарылмақ. Бұл тәсіл оқушылардың сапалы дайындығын қамтамасыз етуге, олардың талдамалық және ғылыми ойлауын дамытуға, сондай-ақ қазіргі экономикада сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, білім беру жүйесі Мемлекет басшысының алға қойған жаһандық ғылыми-технологиялық өзгерістер жағдайында лайықты бәсекелесе алатын технологиялық ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетін дәйекті түрде жүзеге асыратын болады.

Threads әлеуметтік желісінде «баламды қазақ мектебінен орыс мектебіне ауыстырсам» деген белсенді бір ата-ананың жазбасы қызу талқыға түскен-ді. «Баламды орыс мектебіне ауыстырсам ба, не істесем болады? Қазақша мазмұндама, түсінік айта алмайды. Тілі қазақша шыққан бала неге бұлай болды?», – деп сауал тастаған бұл пікір иесіне желідегі жамағат түрлі ойын ортаға салғанын оқыдық. Бірі «ауыстырма, үйреніп кетеді» десе, енді бірі «мұндай проблема қазір екінің бірінің басында бар» екенін айтуда. Біз жазба авторына хабарласып, мән-жайды сұрап көрдік. Аты-жөнін өзгертіп беруді сұраған ата-ананың ащы ақиқатын қаз-қалпында беруді жөн санадық.

– Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша университет бітіргенмін. Диплом бойынша мамандығым – педагог. Алайда мектепте мұғалім емеспін, аудармашы қызметін атқарып жүрмін. Биыл ұлым 2-сыныпты бітірді. Екі жыл бойы отбасымызбен «Қазақ тілі», «Әдеиеттік оқу», «Жаратылыстану», «Дүниетану» секілді пәндердің «зардабын тарттық» десек болады. Отбасымызда ешкім орысша сөйлемейді. Менің орысшам нан сұрауға әрең жетеді. Алайда ұлым жоғарыда аталған пәндер бойынша түсінік айтуға келгенде, қатты қиналады, – деді ол былтырғы мамыр айының соңындағы ашық әңгімесінің әлқисасында.

– Бастапқыда «ютубтың зардаптары» деп аса мән бермедік. Кейін қарап көрсек, оқулықтағы әңгіме, ертегі, ереже сынды тағы да басқа көптеген сөздеріне қоса тұтас сөйлемдері бастауыштағы екінші сыныптың тілі енді шыққан бүлдіршіндеріне емес, керісінше жоғары оқу орнының екінші курс студентіне арналғандай ауыр екен. Филолог болсам да, 2-сыныптағы, мысалы, Ж.Жабаевтың «Менің өмірім» әңгімесіндегі сөйлем, сөз құрылысы бірден түсінуіме жеңіл тимеді. Бірінші сыныпты кеше бітірген, әлі әріпті толық танып, меңгермеген 7-8 жасар бала қыркүйектің алғашқы күндерінде «Менің өмірім» сияқты әңгімені қалай оқып, түсінігін айта алады?

Жоғары білімді ата-ананың айтуынша, осыған ұқсас, басқа да әңгіме-ертегілерді «Әдебиеттік оқу» пәнінен көптеп келтіруге болады екен. «Саяхатшы түлкі» деген ертегіні оқығанымда тұтас «Әдебиеттік оқу» оқулығын құрастырған, осы әңгіме-ертегілер, өлең-тақпақтарды осында енгізген, ресми түрде рұқсат берген шенді-шекпенділердің бәрін сыртынан сыбап тұрып ұрыстым. Себебі қалай болса солай жазған осал оқулығына мемлекеттің тарапынан төленетін қаржы үшін өскелең ұрпақтың ертеңге тағдырын саудаға салудың шегі болмай ма? Не сұмдық мынау?! Сенбесеңіз, өзіңіз 1–2-сынып оқулықтарын парақтап шығыңызшы! Неше түрлі қиянаттың көкесін көресіз.

Иә, дәл қазіргі бастауыш қазақ сыныбындағы оқулықтарда балаға қазақ тілін үйретуге емес, керісінше қазақ тілінен жиреніп, бездіруге бағытталған тапсырмалар өріп жүр. «Ғұндар» туралы да осы екінші сыныптың «Дүниетану» пәнінде 22 сабақта берілген екен. Басқаларды айтпағанда бастауыштың баласының басын ғаламшар, атмосфера, тарих, физика тақырыптарымен қатыру кімдерге не үшін керек болды? Әлде біздің баламызды бастауыштан дүбара әрі мәңгүрт ету әлдекімдердің қасақана жасаған жоспары ма?

Баланың бүкіл оқулықтарын ақтарып шығып, түсінгенім – бұл кітаптардың құрастырылуына қатысы бар адамдар негізінен басқа мемлекеттің өкілдері немесе қазақ тілінің болашағына балта шабу арқылы тәуелсіздігімізді әлсіретушілер деген ой түйдім. Ана тілінде қызықты, тәрбиелік мәні бар, тілге және жаттауға жеңіл сөздермен құрылған шығармаларды оқымаған 6-8 жасар ұл мен қыз ертеңгі күні мемлекеттік тілдің мәртебесін қалай биік белеске шығара алады? Әрбір шәкірттің білімі, тілі, тәрбиесі төменгі сыныпта қалыптасатынын ескерсек, біздегі бастауыштың оқулықтары сауатсыз ұрпақтың санын көбейтуге бағытталғандай көрінеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің осыдан алты жыл бұрынғы отырысында оқулықтардың сапасын ашық түрде «өте төмен» деп бағалап, әзірлеушілердің жауапкершілігін заңнамалық деңгейде күшейтуді тапсырғанымен бейіндік ведомство тарапынан нақты нәтижелер жасалмағаны белгілі болды. Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) араласуынан кейін отандық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді (ОӘК) әзірлеу, сараптау және мониторингтеу талаптары едәуір қатаңдатылатындығы хабарланды.

ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың жоғары орган ұсынған ресми деректерге сәйкес, алдыңғы жылдың ақпан айында орта білім беру сапасын арттыруға бөлінген бюджет қаражатының тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілген. Тексеру барысында оқулықтарды іріктеу, бағалау және жаңарту жүйесінде жүйелі кемшіліктер бары анықталыпты. Соның нәтижесінде салалық министрлікке оқулықтар мен ОӘК-ті дайындау, сынақтан өткізу, сараптау және басып шығару қағидаларына түбегейлі өзгерістер енгізу тапсырылды.

Аудиторлар келтірген дерек алаңдатпай қоймайды: 2019-2024 жылдары оқулықтарды қайта өңдеуге бюджеттен 16 миллиард теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, 1,1 миллиард теңгеге қаржылық заңбұзушылық, 62,4 миллиард теңгеге тиімсіз жоспарлау және тағы 3,2 миллиард теңгеге негізсіз шығын анықталған. Соңғы бес жылда оқулықтарды бағалау критерийлері он екі рет өзгертіліп, реформалар жүйесіз жүргізілген. Жаңартылған талаптардың басты акценті – авторлық ұжымның жауапкершілігі мен кәсіби деңгейін күшейту.

Енді оқулықтар мен әдістемелік құралдарды әзірлеуге кемінде үш білікті маманнан тұратын авторлық ұжым ғана жіберіледі. Оның құрамында міндетті түрде: профильдік білімі бар ғалымдар; тәжірибелі әдіскерлер; арнайы оқыту курсынан өткен педагогтер болуы тиіс. Бұл талап нормативтік деңгейде бекітілді. Яғни, сапасыз өнім үшін жауапкершілік енді тек моральдық емес, институционалдық сипатқа ие. Тағы бір маңызды өзгеріс – тақырыптық жоспарды қалыптастыру процесінің толық автоматтандырылуы.

Баспалар мен әзірлеушілер өтінімдерді Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының www.bmso.kz порталы арқылы береді. 2021 жылы «Express Publishing» баспасы екінші сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығындағы қателерге байланысты 400 мыңға жуық дананы қайта басып, барлық шығынды өзі көтерген. «Алматыкітап баспасы» 2019 жылы шыққан оқулықтағы қате үшін электронды нұсқаны түзетіп, кейінгі тираждарды қайта шығаруға мәжбүр болды. Бұған қоса авторлар алғаш рет арнайы курстардан өтетін болды, ал баспалар тиражға жібермес бұрын ішкі сараптаманы міндетті түрде жүргізуі тиіс.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий