Өкей Маржангүл: «Ұстаздық жолым өмірлік миссияға айналды»

«Білімді ел» апталық басылымының ең қымбат та қадірменді оқырмандары – ұстаздар. Себебі олар бізді үнемі оқып, жазып, қолдап келеді. Сондықтан әр педагогке деген құрметіміз ерекше. Астана қаласы №71 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, математика және информатика пәнінің мұғалімі Маржангүл ӨКЕЙМЕН сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Маржангүл ұстаз, отыз жылдық еңбек жолыңызда сан шәкірттің білімге деген қызығушылығын оятып, мәртебелі мамандықтың жүрек таңдауы екенін дәлелдеп келесіз. Сізге қиындығы мен қызығы қатар жүретін ерекше саладағы кәсіби қызметіңіздің жетістіктері қандай қайталанбас қолтаңба сыйлады?

– Ақиқатында ұлық ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін үлкен күш. Сол себепті барша жұрт парасатты педагогтің өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру жолында төккен теріне тағзым жасап, ерен еңбегіне мың алғыстарын айтады. Адам өмірінде бір сәт болады екен…Өз жолыңды анық түсінетін. Мен үшін ол сәт – мектепке алғаш мұғалім болып кірген күнім емес. Ол – жылдар өте келе, шәкірттерімнің жанарынан ілгері даму барысындағы үздіксіз ізденісімнің ізін көрген кез еді…

– Әр жылдары үлкен өмірге қанат қағып, алға қойған арман-мақсаттарына жету үшін тіршіліктің түрлі тарауына түскен түлектермен кездескен кезде қандай көңіл-күйді кешесіз? Сіз үшін ұстаз бақыты деген не?

– Бір кезде кішкентай ғана бала болып алдыма келген оқушыларымның ер жетіп, өмірден өз орнын тауып жатқанын көрген сайын жүрегім ерекше толқиды. Кейде олар хабарласып: «Апай, сіздің бір ауыз сөзіңіз бізге күш берген еді…», – дейді. Сондай сәттерде мен өз өмірімдегі орнымды тапқанымды түсінемін. Мен ұстаздықты жай жұмыс ретінде таңдамаған екенмін… Бұл – менің өмірлік миссиям екен. Себебі мұғалімнің шын еңбегінің жемісі бірден көрінбейді. Ол жылдардан кейін келеді… Бір баланың адал азамат болып өсуінен келеді. Бір шәкірттің адам болып қалыптасуынан келеді. Бір ананың: «Балам сізді әлі күнге дейін құрметпен айтады», – деген сөзінен келеді. Міне, ұстаз бақыты – осы.

– Сізді әріптестеріңіз отандық ағарту жүйесіне қосқан жеке үлесі бар үлгілі ұстаз, тәжірибелі тәлімгер, майталман маман ретінде бағалайтындығын білдік.

– Олардың бұл құрметіне бас иемін. Еңбегімді бағалаған басшылардың қолдауына және ризамын. Бірақ мен үшін ең үлкен марапат – диплом да, атақ та емес. Басты жетістігім – өмірден өз жолын тапқан шәкірттерім. Соларға қарап тұрып нақты орнымды тапқандай сезінемін. Кейде бала сабақ үлгермегенімен емес, өмірдің ауырлығымен күресіп жүреді…Әлі есімде, бір оқушым үнемі көңілсіз келетін. Сабаққа да селқос. Кейін анасының жалғыз өзі бірнеше баланы бағып отырғанын білдім. Үйдегі жағдайы ауыр екен. Сол кезде мен баладан бұрын, анасының шаршаған жанарын көрдім… Біз ондай отбасыларға қолдан келгенше қамқорлық көрсеттік. Кейде жылы сөздің өзі адамға үлкен сүйеніш болады екен. Содан бері мен үшін мектеп – жай білім беретін орын емес.

– Байырғы бабаларымыз білімді түпсіз терең телегей теңізге теңеп, мектепті шетсіз-шексіз осы алып айдындағы қуатты кемеге балағанын білеміз. Ұлт ұстазы атанған Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлының айрықша атап айтуынша сол мектептің жаны – мұғалім. Дүбірлі дәуірдің ұстазы ретінде осы оралымды ойға не қосасыз?

– Жиырма бірінші ғасырдың бүгінгі заманауи мектебі – кей бала үшін ең тыныш, ең мейірімді орта. Өйткені мектеп – жай ғана білім ордасы емес, ол тұлға қалыптасатын, мінез шыңдалатын, жүрек тәрбиеленетін қасиетті шаңырақ. Мектептің күн сайын қайнаған тынымсыз тіршілігі – тек сабақ оқып, білім алумен ғана шектелмейтін өнегелі өмірдің бір бөлшегі. Ол – таң атқаннан кеш батқанша жалғасатын тәрбиенің, достық пен мейірім және ізгіліктің мәуелі мекені.

Білім ордасында жиі ұйымдастырылатын түрлі тақырыптағы әрбір іс-шара, мектеп ауласын бірге тазалау, қайырымдылық қорларына қатысу, қарттар үйі мен балалар үйіне бару – перзенттеріміздің жүрегіне мейірім мен жанашырлықтың дәнін егеді. Табиғат аясындағы серуендер, кітапхана мен киноға бару, күзгі және қысқы балдар, сыныптастармен бірге коньки тебу – мұның бәрі балалық шақтың ең әдемі естеліктерін қалыптастырады. Осындай басқосуларға қатысу барысында балалар адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды, сыйластықты, ел мен жерді қадірлеуді үйренеді. Ал мұғалім – кейде баланың екінші анасына айналады.

– Педагогтің парасаттылығы мен ұстаздың ұлағатына байланысты пайымды пікіріңіз?

– Ұстаздың шын биіктігі дипломмен өлшенбейді екен. Бұл – сабақтан кейін үнсіз қалып, жылап отырған баланы байқап қалу. Кейде ол – оқушының намысына тимей, білдіртпей көмек беру. Сындарлы сәтте – шаршап отырған ата-ананы тыңдай білу. Мен өзімді қатал мұғаліммін деп айта алмаймын. Керісінше, тіпті жұмсақ шығармын… Бірақ мен бала жүрегіне қаттылықпен жол табуға болмайды деп ойлаймын. Мен үшін әр бала – тағдыр. Сондықтан ұстаздықты жұмыс ретінде емес, адамға жарық беру деп қабылдаймын. Егер менің ерекше қасиетім болса, ол – айналамдағы адал адамдарға нық сенім арта білетіндігім шығар. Содан соң баланың мүмкіндігін ескеру қажет. Ата-ананың үмітін бағалаудың биік белесі бөлек. Және әрбір жанның жақсылығына қуана білу. Менің бар жетістігімнің түбінде де дәл осындай шынайы сенімдердің жиынтығы жатыр. Рас, кейде шамам келгенше оқушыларға қаржылай көмектескенім бар. Кейбіріне киім алып берген сәттер де кездесті. Бірақ бұл қамқорлығымды басқаларға білдірген емеспін. Өйткені жасы үлкен балалардың жүрегінде намыс болады. Олардың көңілін жаралап алғым келмейді.

– Қазіргі жылдам дамыған ақпараттық заманда бұрынғы біліміңді жетілдіріп, біліктілігіңді арттырмасаң, көштен қалдыратын қоғамның құбылмалы кезеңі мұғалім мамандарға үлкен жауапкершілік жүктегенін білеміз. Қайтпек керек?

– Мен үшін ұстаздық – қол жеткен нәтижелермен шектеліп қалмай, ілгері дамудың үздіксіз үдерісі. Сингапурға барған сапар барысында осы елдің білім беру жүйесінің озық үлгілерін үйрендік. Республикалық және халықаралық деңгейдегі семинарларға қатысу барысында тағылымды тәжірибелермен танысамыз. Озат оқушыларым халықаралық жобаларға белсене қатысып, аудандық, қалалық, республикалық деңгейде жүлделі орындарды иеленуде. Авторлық бағдарламаларым қазіргі кезде қаланың, ауылдың бірнеше білім беру ұйымдарында қолданылып келеді. Қалалық, республикалық және халықаралық басылымдарда таңдап алынған тақырыптарға байланысты зерттеу бағытындағы мазмұнды мақалаларым жарық көрді. Жоспарлы жұмыстар жалғасады.

– Біздің басылымның мінберінен барша әріптестеріңізге айтарыңыз болса, мархаббат.

– «Білімді ел» республикалық газетінің редакциясында қонақ болып, жүрекжарды сұхбат берудің сәті түсті. Ұстаз еңбегін бағалап, білім саласындағы жаңашыл ойлар мен тәжірибелерді насихаттап жүрген бірегей басылымның ұйымшыл ұжымына шынайы алғысымды білдіремін. Әрбір журналистің ізденісі мен еңбегінен білімге деген жанашырлық пен жауапкершілік сезіледі. Ұстаздық – мен үшін жай ғана мамандық емес, жүрек қалауым, өмірлік жолым. Шәкірт бойына білім мен адамгершілік дәнін себу – үлкен бақыт әрі зор жауапкершілік. Осы салаға маманданған апталықтың шығармашылық қызметкерлеріне толағай табыс, шабыт, оқырман ықыласы мен биік белестер тілеймін! Тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық бағыттағы білімі мен ғылымының көкжиегін кеңейтуге қосқан ерен еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!

– Маржангүл ұстаз, сізге де әсерлі әңгімеңіз үшін ризашылықпен алғыс айтып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы қажырлы қызметіңізде биік белестерді дарынды дарабоздарыңызбен бірге бағындыра беру жолында сәттілік тілейміз!

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Новости образования | Казахстан (@bilimdi_el)

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий