Тиімді тетіктерді таразылаудың талмау тұсында тұрмыз
Биылғы жылдың басынан бері еліміздегі мектептердің директорларын жаңа «2+2» жүйесі негізінде тағайындау туралы ұсыныс қызу талқыланып, түрлі пікірлер айтылуда. Оқу-ағарту министрлігі қалалық білім беру ұйымдарының жетекшілерін алдымен екі жыл мерзімге тағайындап, директор діттеген межені орындаса қызметін тағы екі жыл орындауға мүмкіндік берілетінін түсіндірді. Ал ауылдық жерлердегі ұстаздар ұжымының басшылары үшін «3+3» мерзімі ұсынылған.
Бұл батыл бастама «мерзімсіз басшылық» тәжірибесінен арылып, мектептегі менеджерлік мансап моделінің ашықтығын арттыруды көздейді екен. Сондай-ақ жаңашылдық жүйенің кәсіби бәсекелестікті дамытып, жас кадрларға да жол ашатындығы айтылуда. Бейіндік ведомствоның тағайындау мерзіміне қатысты бұл ұстаным бойынша қазақы қоғамның пайымды пікірі бір арнада тоғыспай тұр.
Себебі елдің әр азаматын қамтитын салада – сапалы білім беруді қалыптастыруға «2+2» уақыт аралығы жеткілікті ме, басқарудағы тұрақсыздық білім сапасын тұралатпай ма деген ең басты сауалдары туындауы заңды. Ресми мәліметке жүгінсек, былтыр аттестацияда директор лауазымына үміткерлердің жетпіс тоғыз пайызы тестілеуден өте алмай, дайындық деңгейінің төмендігін көрсеткен. Ал сегіз мың қырық сегіз білім шаңырағының 490-ында директор орны бос болса, сегіз жүз он ағарту ошағын басқару жауапкершілігі уақытша атқарушыларға міндеттеліпті.
Сондай-ақ мектеп тізгіндеген тұлғалардың айтарлықтай бөлігі білім ордасында 10-20 жылдан аса тұрақтап қалған. Бұл үрдіс білім беру саласындағы жаңашылдықтарға педагогтердің енжар қарауына түрткі болуы да ықтимал. – Мектеп директорлығы – өмір бойы атқаратын лауазым емес, белгілі мерзімге берілген басқару миссиясы. Ал білікті басқарушы тәжірибесін келесі мектепте де сынап көруі тиіс, – деді кезекті кеңес кезінде министр Жұлдыз Сүлейменова. Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының ақпараттық-талдау кеңсесінің жетекшісі, білім беру ісінің сарапшысы Қайсар Тұрсынғожа реформаның мақсаты – есеп беруді жүйелеу, басқару корпусын жаңарту, талантты ұстаздарға мансаптық жол ашу екені айқын, бағыт дұрыс болғанмен, мәселе мерзімде екенін алға тартады.
Сарапшы халықаралық ғылыми тәжірибе мен беделді зерттеулер 4 жыл мектепті трансформациялау үшін тым қысқа мерзім екенін меңзейтінін жеткізді. Қайсар Болатбайұлы пайымын төрт түрлі талап негізінде талдап бергенін бұқаралық ақпарат құралдарынан білеміз. Елордасында өткен айда келешек мектептері директорларының ауқымды стратегиялық конференциясы ұйымдастырылды. Отандық білім жүйесінің жаңа кезеңін айқындайтын ауқымды әрі мазмұнды басқосудың тақырыбы – «Келешек мектептерінің тұжырымдамасы: ортақ мақсат, ұжымдық даму» деп аталды.
Үш күнге созылған стратегиялық маңызы бар басқосуға республиканың барлық аймағынан арнайы шақырылған жаңашыл жетекшілер сапалы білім мен тиімді басқару мәдениетін қалыптастырудың тиімді тетіктерін талқылады. Еліміздің бас ұстазы алғашқы дәрісінде мектептердің стратегиялық дамуының 10 негізгі бағытын айқындап берді. Бұл бағыттар білім беру ұйымдарының алдағы үш жылдағы трансформациясының нақты бағдаршамы іспеттес деуге толық негіз бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – ел тарихындағы ең ауқымды әрі нәтижелі білім беру реформаларының бірі. 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асқан жоба аясында төрт жүз алпыс мың оқушыға арналған екі жүз он жеті заманауи мектеп салынғаны хабарланды. Бүгінде олардың бір жүз сексен үшінде оқу үдерісі толық жолға қойылып, 218 мыңға жуық шәкірт білім алуда. Он жеті мыңға тарта педагог еңбек етіп жүр. Жобаның басты ерекшелігі – оның әлеуметтік әділеттілікті жүзеге асыруында.
Мәселен сексен төрт мектеп ауылдық жерлерде бой көтеріп, қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқартуға нақты қадам жасалғанын білдік. Халықаралық стандарттарға сай салынған бұл білім ордалары алдағы уақытта еліміздегі сегіз мың мектептің дамуына серпін беретін тірек нүктелерге айналмақ. – ҚР Президентінің негізгі білім жүйесіндегі іргелі реформаларының бірегейі – «Келешек мектептері» – бұл жаңа басқару философиясы және жаңа білім мәдениеті, – деді сөйлеген сөзінде сала басшысы.
Конференцияның негізгі мақсаты – мектеп директорлары арасында ортақ даму тұжырымдамасын қалыптастыру, басқару тәжірибелерімен алмасу және стратегиялық өзгерістерді жүзеге асыру қабілеттерін күшейтуге бағытталған. Бұл – тек білім беру мазмұнын жаңартумен бірге көшбасшылық және командалық жұмыстың жаңа деңгейіне көтерілу. Іс-шара аясында еліміздің жетекші білім беру ұйымдарының басшылары – Зияткерлік мектептері, «Білім-Инновация» лицейлері, Республикалық физика-математика мектебі, Binom School тағылымды тәжірибелерімен бөлісті.
EdTech саласындағы инновациялық шешімдер көрмесі, білім мен бизнес арасындағы серіктестікті нығайтатын B2B кездесулер, пленарлық және секциялық отырыстар ұйымдастырылуда. Практикалық шеберлік сабақтары арқылы мектеп директорлары STEM-білім беруді енгізу, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, педагогтердің креативті әлеуетін дамыту және олимпиадалық қозғалысты ілгерілету бағытында кәсіби біліктіліктерін арттырғанын және қосайық. «Келешек мектептерін» басқарудың бірыңғай моделі қалыптасып, тоғыз жүзден астам педагогті біріктіретін басқару корпусы құрылған.
Ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жүзеге асырады. Білім беру процесінің сапасын арттыруға, цифрландыруды үйлестіруге және педагогтердің кәсіби дамуына жүйелі қолдау көрсетуде. Бұл конференция – тек тәжірибе алмасу және Келешек мектептерінің алдағы дамуын бірге қалыптастыратын, ортақ жауапкершілік және үлкен сенімге негізделген маңызды қадам. Ақтөбе қаласындағы Сазды орта мектебі былтыр пайдалануға берілді. Жергілікті оқушылар кең де жарық, заман талабына сай салынған, соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған ғимаратта сапалы білім, саналы тәрбие алуда.
– Бұл игі іс-шараның біз үшін маңызы зор болды. Көп нәрсені ұқтық, түсіндік. Министр басқосу барысында білім беру саласының алдағы даму бағыттарын нақтылап, жасанды интеллект пен автоматтандыру дәуірінде мектептің миссиясы түбегейлі өзгеріп жатқанын айтты. Семинарларда мектептерде білім беру мазмұнын жаңарту, басқару жүйесін жетілдіру және бірыңғай әдістеме енгізудің маңызы, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыру Келешек мектептері менеджментінің алдында тұрған басым бағыт екені айрықша атап айтылды, – дейді осы білім беру ұйымының білікті басшысы Светлана Ерахметқызы.
– Бұл тұрғыда мектеп бітірушілердің тек ұлттық емтихандармен шектелмей, IELTS және SAT сияқты халықаралық стандарттарға сай білім деңгейін дәлелдеу қажеттігі, сондай-ақ академиялық ағылшын тілі, сыни ойлау және аргументация дағдыларын дамыту маңызды екені әңгіме өзегіне айналды. Шараға қатысушылар көпфункционалды зертханалар, қосымша білім беру бағдарламалары, педагогикалық әдістемелер мен инновациялық оқыту тәжірибелері бойынша тәжірибе алмастық. Біз әрбір мұғалімнің кәсіби дамуына жағдай жасап, мектеп мәдениетін жаңа деңгейге көтеруіміз қажет.

Келешек мектептері – тек білім беру ордасы емес, сонымен қатар еліміздің болашағына жауапкершілік жүгі артылған сенімді алаң. Бұл мектептер оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың жеке қабілетін дамытып, шығармашылық және зерттеушілік дағдысын қалыптастырады. Сондықтан бізге бұл сенімді ақтау өте маңызды. Сондықтан тағайындалған тұлғалар жауапты жұмыстарын жоғары деңгейде абыроймен әрі адал атқарып, әрбір оқушының мүмкіндігін барынша ашу бар білімі мен білігін жұмсайтындығына сенім мол. Мектеп директоры – тек менеджер емес, ол өзгерістердің бастаушысы.
– Жұлдыз Досбергенқызы сол жиында бірнеше маңызды бағытты айқындап берді. Біріншісі – құндылыққа негізделген білім сапаны көтерудің басты құралы ретінде бағаланды. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы оқушы бойында заңға деген құрмет, тәртіп пен еңбекқорлықты қалыптастыруды көздейді. Әлемдік бәсекеге қабілетті болу үшін ағылшын тілі мұғалімдерінің жауапкершілігін күшейту міндеті бар. Үлкен өзгерістер кішкентай қадамдардан басталады. Егер әрбір басшы заман көшінен қалмай, өз ісіне адалдықпен және жоғары жауапкершілікпен қараса, еліміздің білім саласы жаңа белестерді бағындырары хақ!, – дейді Астана қаласындағы №103 жалпы орта білім беретін мектептің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Турысбековна Айтова.
«Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадрлық резервке қабылданған жас ұстаздың бірі – Жолдыбек Сахаба. Білікті мұғалім еліміздің әр түкпірінен жиналған педагогтер арасынан жүзден жүйрік атанып, ауыл мектебіне директор болып тағайындалды. Кіл мықтыларды іріктейтін бұл жоба осыдан үш жыл бұрын қолға алынған еді. Сынақтан сүрінбегендер кадрлық резерв құрамына өтіп, қызмет барысында бірқатар жеңілдікке ие болады. Тиісті мүмкіндік осы кейіпкерімізге де берілген.
Ол былтыр Қарағанды қаласындағы қыздарға арналған «Білім-Инновация» мектебінде директордың орынбасары қызметін атқарып, мемлекеттік жоба аясында бағын сынауға шешім қабылдайды. Былтыр кадрлық резервке еліміздің барлық аймағынан екі мыңнан астам ұстаз өтінім берген. Жобаға қатысуға құжат тапсырған сала мамандары елордасында бірнеше кезеңнен тұратын тест тапсырып, арнайы курсқа қатысады. Тәжірибелі тренерлермен әңгімелесіп, түрлі тақырыпта өз ойларын ортаға салады. Нәтижесінде жобаға қатысқан төрт жүзге жуық ұстаз білімділер бәйгесінде көш бастады.
– Былтырғы сәуірде басталған кадрлық резервке іріктеу жұмыстары қазан айында аяқталып, министрдің қолынан арнайы сертификат алдым. Жобаға құжат тапсырған уақытта кеншілер қаласында жұмыс істесем де, кадрлық резерв құрамына өтпес бұрын Павлодар облысында еңбек өтілімді жалғастыруды ұйғарғанмын. Осы өндірісті өлкеде туып, білім алғандықтан кәсіби қызметті туған жерімде жалғастырғым келгені рас. Мақсатым орындалып, жаңа оқу жылы басталған кезде облыс орталығындағы №24 мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қабылдандым, – деді ол.
Және қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Өткен жылдың қараша айының соңында Ақсу қаласына қарасты Береке ауылындағы мектепке директор болу жөнінде ұсыныс түскенде еш ойланбастан келісіпті. Біріншіден, кадрлық резерв мүшелері ешбір конкурссыз тағайындалып, бірінші санатты басшы атанады. Яғни, біліктілік санатын қорғап әуреге түспейді. Бұл жобаның негізіндегі арнайы курстардың берері мол және білімді шыңдауға бағытталған. Әрі бірнеше айдың ішінде көшбасшылықтың қыр-сырын толық меңгеріп алуға мол мүмкіндік жасалғанын естідік.
– Заманауи білікті басшының бойындағы құндылықтар, қауіп-қатерлерге дайын болу мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды, түсіндірілді. Бұл бағытта білмегенімізді жаңа біліммен толықтырдық. Басшылық қызметте жоба аясында меңгерген оқудан аларым көп екеніне сенімдімін, – дейді жаңа директор атанған жас маман. Ол бұл қызметке тағайындалғалы бері бірнеше тың өзгеріс енгізгенін әңгімеледі. Нәтижесінде мектеп оқушылары әр дүйсенбі сайын бір уақытта кітап оқуды қолға алыпты. Бұл бірегей бастама қызықты кітапты жарыса оқитын балалардың шұрайлы шығарма мазмұнын да қалыспай айтатындығымен ерекше маңызға ие.
Қостанай облысының білім басқармасы биыл үшінші мәрте басқарушылық шеберлікті шыңдау мақсатындағы «Директор – мектептің жүрегі» байқауын ұйымдастырып, мықтылардың есімін анықтады. Бұл байқау – жай ғана жарыс емес, басқарудың озық тәжірибелерін таратуға және үздіксіз жеке дамуға арналған ашық алаң. Жиналғандар стратег, жаңашыл әрі шабыттандырушы көшбасшы қасиеттерін үйлестіре білетін заманауи басшылардың болмысы мен бітіміне көз жеткізген.
Қатысушыларды өткен жылдардағы байқау жеңімпаздары – Н.Шопанова мен А.Мадибаев екеуінің әлеуетті әріптестер ретіндегі әсерлі өнер көрсетулері шабыттандырса керек. Қатысушылар (еңбек өтілі екі жылдан асатын 14 директор) бейнеролик, эссе, «Таныстыру», берілген тақырып бойынша кейс және мектептегі менеджменттің тұрақты дамуына бағытталған бастама ұсынды. Бұл директорларға өз брендін, мектеп имиджін және оның даму траекториясын көрсетуге мүмкіндік берді.
Сарапшылар комиссиясы мен қатысқан әдіскерлер мен педагогтер байқауға қатысушылардың дайындық деңгейін, олардың бастамаларын және менеджментті дамытуға деген көзқарасын жоғары бағалады. Қатысушылардың бірінің ойы: облыстағы қатысушылардың деңгейі өте жоғары болғандықтан қорытынды кезеңнің нақты нәтижесі анықталғанша белгілі бір болжамға сену қиынға соққан. Бұл барлық директорларды одан әрі көп жұмыс істеуге үлкен ынталандырып, үздіксіз ізденістері арқылы ілгері дамуға тың серпін үстегенімен құнды.
Жүлделі бірінші орынды Бурбаева Айнажан Халиховна еншілесе, екінші қатарға Бисикеев Рамир Жұмағұлович, Исмайлова Жансая Бақытбековна, Тастемиров Дулат Мейірбекович көтерілген. Үшінші орынды Аденова Анара Сагидокасовна, Аубакиров Бақытжан Габдылуахитович, Кисикова Актоты Жанаралқызы иеленіпті. Он төрт қатысушының әрқайсысының жетістігі – директор мәртебесінің жоғары екенін және менеджментте инновацияларды енгізуге дайын екенін дәйекті түрде дәлелдейді. Олар директор бейнесі – ең алдымен әрбір мектептің тұрақты дамуының берік негізі екенін көрсетті.
Директорлар ротациясына байланысты сараптаманың соңында әлем елдеріндегі мерзімдерді санамаласақ. Білім саласындағы нәтижелі реформаларын селкеусіз санайтын Сингапурда мектеп директорларын ротациялау мерзімі – 5-7 жыл. Ескерері, аталған елде білім ұясының басшыларын тағайындамас бұрын алты айлық LEP дайындық бағдарламасы жүргізіледі. PISA нәтижелері тұрақты түрде жоғары деңгейдегі Финляндияда міндетті ротация мерзімі белгіленбеген. Білім мен тәрбие тоғысқан Жапония мемлекеттік мектептер арасындағы теңдікті сақтау үшін үш пен бес жылдық мерзімді айқындаған.
Оңтүстік Корея мықты директорлардың элиталық мектептерде шоғырлануын шектеу үшін «4+4» жылды нақтылапты. Алып АҚШ-та мерзім шектелмеген. Десе де, мұндағы үрдіс директорлардың бір мектептегі орташа мерзімдік қызметі төрт жылға ұласатынын көрсетіп отыр. Ал енді тақырыптың тобықтай түйіні ретінде: «Қандай директор жақсы?» деген күрделі сауалдың қарапайым жауабын бірге іздейік. Бұл ойтолғау ұстаздар мен ата-аналарға арналған. Кез келген директор қызметтен кеткеннен кейін, осы лауазымды атқарған кездегі әрбір әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымданатын, оның шешімінің дұрыс не бұрыстығын сұрайтын, оның орнында сіз болсаңыз не істер едіңіз деп сұрайтындар көбейді.
Тағылымға толы тәжірибесі бар ұтқыр ұйымдастырушылығымен танылған білікті басшы туралы да таласты пікірлер толастамайтындығы түсінікті. Себебі дарынды директордың сөйлеген сөзінен бастап қабылдаған шешімдерінің жалпақ жұртқа жақпайтындығын баршамыз білеміз. Дегенмен, бір нәрсе анық – әрбір директордың өзінің басқару стилі, басқару тәсілі, принципі болатынын ұмытпау керек. Егер мектептің директоры жақсы болатын болса, мұғалім үшін де, оқушы үшін де, ата-ана үшін де үлкен мүмкіндіктер ашылатыны ақиқат.

Шынтуайтында жайлы да жақсы директор деген кім? Ол – тек белгілі бір мерзімге тағайындалған лауазым иесі емес. Ол – мектептің жүрегі. Ол кабинеттен бұйрық беріп отыратын басшы емес, мектеп дәлізінде оқушылармен амандасып, мұғалімнің жанайқайын тыңдай алатын адам. Ол есепке емес, есімге мән береді. Құжаттан бұрын жүректі оқи алады. Ол – мұғалімді қорғай алатын, сонымен қатар талап қоя білетін әділетті басшы ретінде дара. Ол – ата-анамен тіл табыса білетін, тыңдай алатын сабырлы адам.
Ол – оқушының бойынан жарық іздейтін, сенім беретін көшбасшы. Ол – ұжымға демеу, бағыт, абырой бола алатын тұлға. Ол – ұрысқанда әділ, мақтағанда орынды. Ол – «мен» деп емес, «біз» деп сөйлейтін адам. Жақсы директорды ешкім іздемейді – оны жақсы мектептің ауасынан-ақ сезесің. Бұл мектептегі ұйымшыл ұжымда үйлесім бар, оқушының көзі жанып тұрады, ата-ана сеніммен келеді. Қағаз емес – қарым-қатынас бірінші орында.
Бұйрық емес – бірлік маңызды. Қорқыныш емес – құрмет шешуші. Жақсы директор – мектеп мәдениетін қалыптастыратын, адамгершілікпен басқаруды білетін, қарапайым бола тұра ұлы мақсатқа жетелей алатын жан. Ал ойлы оқырман, сіздің ойыңызша, жақсы директор қандай болуы керек? Сіздің мектептің директоры қандай немесе сіз қандай директорсыз? Осы сұрақтардың толық жауабын білсеңіз, пайымды пікір жариялағыңыз келсе – хабарласыңыз.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...
