Сәжида Ахметова есімінің қайтарылуындағы қуанышты кезең
«Гауһартас» қазақстандық фильмінің тарихы – бұл махаббат, отбасылық құндылықтар және адамның қоғамдағы тағдыры туралы әңгіме ғана емес. Бұл сонымен қатар орын алған әділетсіздіктің ондаған жылдардан кейін түзетілу тарихы. Сәжида Шайхиевна Ахметованың қызы Ақмарал келесі естелігімен бөлісті.
«Ата-анамның демалысынан кейін белгілі режиссер Шәріп Бейсембаев анама қоңырау шалып, өзінің жаңа фильміне әндер орындауын ұсынды. Бұл картинаға Әмина Өмірзақова, Әнуарбек Боранбаев, Жанна Қуанышева, Кәукен Кенжетаев, Досхан Жолжақсынов және басқа да көптеген жұлдызды актёрлік құрам қатысты. 1960-1970 жылдарда-ақ анамның аты «дүркіреп тұрған» еді. Фильмге арналған әндер алғашқы түсірілімнен-ақ жазылып шыққан – бұл қазіргі заманғы кәсіби студия үшін де сирек кездесетін жағдай. Сәжида Ахметованың бірегей лирикалық сопрано дауысы картинаның басты көркемдік құндылықтарының біріне айналды».
Орыс тіліндегі прокатта фильм «Храни свою звезду» деген атаумен шықты және әртүрлі фестивальдарда марапаттарға ие болып, үлкен жетістікке жетті. 1976 жылы картина Фрунзе қаласындағы тоғызыншы Бүкілодақтық кинофестивальге қатысты, ол жерде 17 жасында басты кейіпкерді сомдаған Жанна Куанышева үздік актриса сыйлығын жеңіп алды. Алайда, кинолентаның көпшілік көзайымына айналғанына қарамастан, әндерді орындаушының есімі титрлерде көрсетілмеген екен. Сонымен қатар көптеген жылдар бойы түрлі дереккөздерде, әсіресе интернетте фильмдегі әндерді қазақстандық ән өнерінің жұлдызы Бибігүл Төлегенова орындайды деп мәлімделген.
Көпшілік, оның ішінде Бибігүл Ахметқызы тарапынан да бұл деректің жоққа шығарылғанына қарамастан, бұл қате түсініктің тамыры тереңге жайылып, шынайы дерек ретінде қабылдана бастаған. Мүмкін, жарты ғасыр бұрын фильмді түсіруге қатысы бар адамдардың басым бөлігінде фильмдегі әндерді Бибігүл Ахметқызының айтатынына күмән болмаған шығар, өйткені одан басқа ешкім жоқ еді. Алайда режиссер Шәріп Бейсембаев басқаша шешім қабылдады. Оның айтуынша, Төлегенова «классикалық, өте кәсіби әнші, біз оны сахнада көруге дағдыланғанбыз».
Ал «Гауһартаста» шопан отбасына келін болып түскен, ерекше мейірімді, сирек кездесетін сұлулығы және өзінің махаббат идеалдары бар жас қыздың дауысы қажет болды. Фильмнің титрлерінде Сәжида Шайхиевнаның есімінің жоқтығы әншінің отбасының, оның қыздары Ақбаян, Ақмарал және Әйгерімнің көңілдеріне қаяу түсірді. Анасының жарқын дауысы естілетін, бірақ та титрлерде ол туралы бір ауыз сөз жазылмаған фильмді көру қаншалықты ауыр екені айтпаса да түсінікті. Бірақ дәл осы «Гауһартас» әні – сценарист Дулат Исабековті шабыттандырған фильмнің ажырамас негізгі құрамдас бөлігі.
Сәжида Ахметова – шығармашылығы Қазақ радиосы мен теледидарының алтын қорына енген, сирек тембр иегері. Ол Кремльдің Съездер сарайының сахнасында, бүкіл Кеңес Одағында гастрольдік сапарда болып, өнер көрсеткен. Сәжида Ахметова Қазақ радиосында радиоинсценировкаларды үнемі дыбыстап отырған. Оның жарқын жұмыстарының бірі – «Абай жолы» радиоинсценировкасында Әйгерім әндерін орындау. Орындаушының қоржынында – жеңістер және көптеген қалалық, аудандық, республикалық фестивальдердің лауреаты атағы бар. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ол Қазақ радиосы мен теледидарының жетекші әншілерінің бірі болды.
Танымал «Сәжида Ахметова ән шырқайды» («Поет Сажида Ахметова») бағдарламасы сол жылдардағы ұрпақтың есінде жақсы қалған. Бүкілодақтық «Мелодия» грампластинкалар фирмасының Ташкент зауыты миллиондаған тиражбен шығарған грампластинкаларда Сәжида Ахметованың орындауындағы бес ән бар. Оның дауысын замандастары жақсы білетін және сүйіп тыңдайтын, алайда оның өміріндегі басты жобалардың бірінде ол «көрінбейтін» жан болып қала берген. Сәжида Ахметованың қыздарының күш-жігерінің арқасында әділеттілік орнады. ҚР Мәдениет министрлігі мен «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен картинаның 50 жылдығына орай «Гауһартас» көркем фильмі қалпына келтіріліп, қайта өмірге келді, бұл жолы оған Сәжида Ахметованың есімі енгізілді.
Бұл тек формальдылық қана емес, мәдени мұраны танудың маңызды актісі іспеттес. Өкінішке қарай әншінің өзі бұл сәтке жете алмай кетті, өйткені 2019 жылы өмірден озды. Оның отбасы мен Алматы зиялылары қатысқан фильмнің қалпына келтірілген нұсқасының алғашқы көрсетілімі Алматы қаласында биылғы жылдың ақпан айының 23-і күні өтті. Бұл күн тарихи шындықтың салтанат құруының символына айналды. Сарапшылар «Гауһартасты» уақытқа бағынбайтын, бүгінгі таңда да өзекті болып табылатын фильм деп саралайды. Бұл махаббат, отбасы және белгілі бір тарихи мәнмәтінде өмірден өз орнын табу туралы хикая.
Ондаған жылдар өтсе де, картина өзінің көркемдік күшін жоғалтпай, көрермендер тарапынан қолдау тауып келеді. Оның қазақстандық кинематографтың маңызды жұмыстарының біріне айналып, «Қазақфильмнің» алтын қорына енгені кездейсоқ емес. Енді, міне, жарты ғасырдан кейін, орындаушысының атын өшпестей еткен әдемі дауыс иесінің есімі қалпына келтірілді. Сәжида Ахметованың орындауындағы «Гауһартас» әні жаңа қырымен таныла түсті. Мұны, ең алдымен, әншінің замандастары мен музыка сыншылары мойындап отыр.
Жақында дүниеден озған фильмнің сценаристі, белгілі жазушы Дулат Исабеков қазіргі тілмен айтқанда «саундтректі» Сәжида ғана орындай алғанын мойындады. Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Бақытжан Байқадамов, Әбілахат Еспаев, Сыдық Мұхамеджанов, Мансұр Сағатов, Бекен Жамақаев, Ілия Жақанов және тағы да басқалар Қазақстанның танымал композиторлары өз шығармаларын Сәжида Ахметова үшін арнайы жазып, оған арнағандары да жайдан-жай емес. Шәмші Қалдаяқов өзі арнайы үшінші курс студенті Сәжида Ахметоваға «Ақмаңдайлым» әнінің ноталарын алып келіп, «8 Наурыз күніне орай С.Ахметоваға «Ақмандайлым» әнін сыйлаймын және оған әрқашан керемет табыс тілеймін. Ш.Қалдаяқов, 7 наурыз 1959 ж.» деген сыйға тарту жазбасымен ұсынған.
Бекен Жамақаев Сәжида Ахметоваға «Қарағанды вальсі» әнін сыйға тарту үшін Семей қаласынан арнайы келген, ал Әсет Бесеуов оған «Сырласу вальсі» әнін берген. Сәжида көрермендер мен тыңдаушыларды жоғары кәсібилігімен баурап алды. Дауыстың ерекше тембрі шығарманың тіліне қарамастан, әр әннің жақсы өңделген және терең сезімге толы мәтінімен үйлесе кететін еді. Бұл қажырлы еңбекті талап етті. Сәжиданың музыкалық білімі болған жоқ. Сәжида Шайхиевна әрдайым: «Менің анам – менің консерваториям», – деп отырған. Шынында да, анасы Карима Садыққызы өзін дамыту үшін күнделікті жұмыс істеу әдетін қызының бойына дарыта білді.
Карима апай қызының дауысы мен тынысының дұрыс қойылуын, әр сөздің анық айтылуын, орындалатын әннің ырғақтылығын мұқият және сыни көзбен қадағалап отырды. «Ол маған әннің бейнесіне толығымен енуді, композитор мен ақынның көңіл-күйін шынайы жеткізуді үйретті… Ол әрбір әуезді әннің саздылығын шын жүрекпен сезініп, мәнерлі орындап шығуыма көмектесті», – деп Сәжида Шайхиевнаның өз анасы туралы естелігін қыздары әңгімелеп берді. Сәжида Ахметованың мұрасы, ең алдымен, орындаушылық өнердің арқасында орасан зор және жан-жақты. Оның репертуарындағы қазақ халық әндері мен қазақстандық композиторлардың шығармалары үйлесім таба білген.
Қыздар педагогикалық институты (Қыздар педагогикалық университеті) студенттері оны сахнадағы әртіс ретінде ғана емес, сонымен қатар өмір жолын 40 жылға жуық белсенді педагогикалық қызметке арнаған оқытушы Сәжида Шайхиевна ретінде еске алады. Кандидаттық диссертациясын қорғауы, оның шығарған монографиялары да көпшілік назарында. Кәсіби қауымдастық арасында да, жалпы жұртшылық арасында да танымал болу оңай емес. Өткен ғасырда оңай танылатын Сәжида Ахметованың қайталанбас дауысы, бүгінгі күні Шалқар радиосы арқылы тыңдармандардың ұрпақтары арасындағы байланысын сақтай отырып, естіледі.
Осы жазбалардың арқасында әншінің дауысы өзекті болып қала береді, ал оның Қазақстанның музыкалық мәдениетіне қосқан үлесі шын мәнінде баға жетпес дүние. 1975 жылы түсірілген фильмнің титрлеріне есімін не үшін қосады деген ой туындауы мүмкін. Алайда, шығармашылық адамдар мынаған сенімді: мәселе орындаған әндері үшін елу жылдан кейін гонорар алуда жатқан жоқ. Мәселе естелікте, интернет құрастырған тарихта емес, өскелең ұрпаққа қалдыратын, адамдар жасаған тарихта екені анық.
Эльвира ИСАБЕКОВА
Загрузка...


