Злиха Дуйсекенова: “Білімді Ел” аттестация кезінде мақала қабылдайтын ресми бекітілген басылым”
Злиха ДҮЙСЕКЕНОВА, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет және білім саласының абыройлы ардагері:
– «Білімді ел» газеті соңғы 10 жыл бойына ақпарат айдынында еркін қалықтап, аламанда үзеңгілестеріне дес бермей жүрген белді басылым дер едім. Білім саласына қатысты бар жаңалықтың жаршысы екендігінен бөлек бүкпесіз айтылатын сыни пікірлер, мақалалар да жетерлік. Өзім де талай санын оқып, куә болдым.
Ұстаздардың әсіресе аттестаттау кезінде өз жұмыстарын жариялауға ниеттеніп, шарқ ұрып редакция, басылым іздейтіні бар емес пе?! Бұл үрдіс әлі де бар. Өз басым, адамның өз күнделікті атқарып жүрген тірлігін пысықтап, әдемі әр беріп, астын сыза отырып көркемдеуіне және ең бастысы, өзге өңірдегі әріптестермен тәжірибесін бөлісуге басылым бетіне мақала жариялау сондай дәстүрлі әрі пайдалы үрдіс деп ойлаймын. Міне, енді аталған басылым да аттестация кезінде мақала қабылдауға лайық басылым ретінде министрлік тарапынан ресми бекітілпті. Көз қуантып, көңіл көншітерлік, нағыз өз бағасына лайық жайт.
Өзім еңбек жолымды ауыл мектебінен бастап, кейін 13 жыл бойы Атырау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқардым. Сол кезеңдері осы газетпен үнемі хат алмасып, тұрақты мәлімет даярлайтын жергілікті тілшісі сынды үлесімді қосып та жүргенім қазір есіме түсіп отыр. Облыстың білім саласындағы басты жаңалықтары талай жарық көрді. Бәрі де ұмытылмас, сондай жылы кезеңдер еді.
Ал, бүгінде ардагер болсақ та, қоғам өмірінен, білім саласынан әлі күнге дейін бір сәт те қол үзген емеспіз. Үнемі жаңашылдықтың бәрін қарап, оқып, жіті назарда ұстап отырамын. Міндетті түрде өзім де сол жаңашылдықтарды қабылдап, әрі қарай пайдалануға тырысамын. Міне, маған бұл тұрғыда осы «Білімді ел» таптырмас көмекші құрал іспетті.
Сөз соңында айтарым, біз, Атыраудың ардагер ұстаздары атынан басылым ұжымын кезекті жетістіктерімен құттықтаймыз. Он жылдық белес үшін бұл әдемі ноталық түйін. Енді, келесі он-жылдықтың жаңа парағы су жаңа жаңалықтармен, оң өзгерістермен ашылып жатқанына бек сенімдімін. Жазарларыңыз таусылмасын!
Загрузка...