БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БІРЕГЕЙ БАСЫЛЫМ
Құрметті «Білімді ел – Образованная страна» газетінің ұжымы! Сіздерді 10 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» демекші, баспасөздің міндеті – мерейлі, қоғамдағы рөлі – жоғары. Осы ретте басылымдарыңыз аталған міндет үдесінен шығып, мерейі үстем болып отырған басылымдардың біріне айналып отыр.
Бүгінгі таңда газеттің бас редакторы Ләззат Мақсұтқызының жетекшілік етуімен 10 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан «Білімді ел – Образованная страна» газеті оқырмандар ойынан шығып, ұстаздардың төл газеті сипатын сақтай білуде. Әрине, аса сауатты оқырман – мұғалімдердің талабынан шығу оңай шаруа емес. Осы ретте өздеріңіз оқырманды білім саласындағы жаңалықтардан хабардар етіп, саланың тыныс-тіршілігінен ақпарат бере отырып, педагогтердің кәсіби білімдерін жетілдіруде маңызды рөл атқарып отырсыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласының мәселелерін, білімді сапаландыру сұрақтарын назарынан еш тыс қалдырған емес. Саладағы соңғы жылдардағы ауқымды өзгерістер Президенттің тікелей тапсырмаларының арқасында жасалды.
Айта кетерлігі, AMANAT партиясы – ірі саяси күш ретінде әрқашан еліміздегі келелі істердің басында. Оның қатарында қазіргі таңда 250 мыңнан астам білім беру саласының қызметкері бар. Олардың әрқайсысы жастар толқынын білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеп, мемлекетіміздің болашағының нық беки түсуіне атсалысып келеді. Сонымен бірге басылымдарыңыздың белсенді оқырмандары санатында. Партияның саяси тұғырнамасында «Біз тың идеяларға ашық, сыни және креативті ойлай алатын, ізденімпаз, өмірін білім мен кәсіби қабілетін жетілдіруге арнауға дайын азаматтарды тәрбиелеп шығаруымыз қажет. Бұл – зияткер, озық ойлы ұлтты қалыптастырудың негізгі алғышарты» делінген. Осы мақсатқа жету жолында ұстаздар қауымының атқарып отырған рөлі маңызды.
Алғашқы сандарынан бастап-ақ білім және ғылым саласына қатысты ерекше құнды дүниелер мен мазмұнды мақалалар жариялап келе жатқан газетте ғибрат аларлық дүние мол. Сіздер ұшқыр қаламдарыңыз арқылы білім саласындағы барлық өзекті тақырыпты көтеріп, сол абырой биігінен көрініп келесіздер. Сол себепті газеттің мерейтойы – бір басылымның ғана емес, барша ұстаздар қауымының ортақ мерекесі дер едім.
Мерейтойларыңызға орай шығармашылық ізденістеріңізге шалқар шабыт тілеймін! Қызметтеріңіз табысты болып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөлене беріңіздер! Газет беттерінен білім саласының жағымды жаңалықтарын оқудан шаршамайық!
Шолпан КАРИНОВА,
AMANAT партиясының хатшысы Астана қаласы, 2024 жыл