Аягүл Миразова: “Білімді Ел” басылымы Оқу-ағарту министрлігі бойынша 2024 жылдың үздік педагогикалық тәжірибені жариялау үшін ұсынылған басылымдар тізіміне енді дегенді естіп, қуанып қалдым”
Аягүл МИРАЗОВА, «Алтын жұлдыз» және «Отан орденінің» иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Алматы қаласының Құрметті азаматы:
– «Білімді ел» республикалық басылымы ҚР Оқу-ағарту министрлігі бойынша 2024 жылдың үздік педагогикалық тәжірибені жариялау үшін ұсынылған басылымдар тізіміне енді деген ақжолтай хабарды естіп, қуанып қалдым. Шындығында, бұл тізімде «Білімді ел» әлдеқашан көш бастап тұрғаны ақиқат қой. Мен бұл жаңалықты тек осы дәстүрлі құбылыстың ресми бекітілгені деп қана қабылдадым. Өйткені, талай тың тәжірибелер сіздің басылымда жарық көргеніне өз басым он жыл бойы куә болып келем.
Бұл газет білімнің қыр-сырын, небір тұғырлы, лайықты, әдемі жетістіктерді паш етіп, жазып келеді. Әсіресе, білім саласы қызметкерлеріне таптырмайтын, ауадай қажет басылым дер едім. Мен осы газет шыққалы бері тынбай жаздырып алып, қалт жібермей қарап, әр санын асқан ықыласпен оқып отырамын. Өйткені, мен сияқты 50 жылға тарта ұстаз болған адамға бұл өте жанғаақын газет. Бұл газетте жалпы білім, ғылым туралы болып жатқан жаңалықтар, небір керемет ұстаздардың озық іс-тәжірибелері, білген-түйгені жазылып жатады. Министрлікте болып жатқан барлық жаңалықты да осы газет арқылы біліп отырамыз. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім саласына қатысты жетістіктерге де осы газет арқылы ғана қанық-пыз. Тіпті, кей мектептердің елеулі мерейтойларында мектептің атқарған ауқымды жұмыстары, жүріп өткен жолдары туралы керемет мәліметтер болады. Білім саласында жүрген азаматтарға ол таптырмас құрал дер едім.
Біз тек өз білгенімізбен шектелмей, біліктілерден де өзімізге керекті тәжірибелерін ала жүріп, дами аламыз. Біздің елімізде де мықты ғалымдар, ұстаздар жеткілікті. Тек солардың ғылым-білім саласында түйген-білгенін ала отырып, оны жаңартып, жаңғыртып, өз білімімізге қосып жатсақ, нүр үстіне нұр болар еді.
Тәрбие саласына қатысты да түрлі келеңсіздіктердің алдын алу жұмыстарына, мәселен, балалар арасындағы әлімжеттікті тоқтату жолдары сияқты маңызды мәселелерге де жіті мән беріліп жатады. Тек оны оқу керек, көру керек, түю керек. Тұқетері, еңбегіңде соны пайдалана алу керек. Сондықтан, мен бүкіл республика мектептері осы газетті алса жақсы болар еді деп ойлаймын.
Шама-шарқы келген ұстаздар жекелей жазылып алса да, құба-құп болар еді. Өйткені, қазіргідей ақпарат көп алмағайып заманда ақпаратты бұлай нақты, жеткілікті, шынайы беретін басылымдар некен-саяқ шығар…
Сөз соңында, қызметтеріңізге абырой, табыс тілеймін! Еңбектеріңіздің жеңісін де, жемісін де көре беріңіздер! Ал, газетке тек табыс тілеймін. Он жыл бойы осы басылымда қолтаңбасы қалған әр ұжым мүшесін шын жүректен кезекті белестерімен құттықтаймын. Мәнді де мағыналы, тәрбие мен білімге керекті дүниелер газет бетінен үнемі орын ала берсін, өмірі өскелең болсын деген ұстаздық ақжарма тілегім бар.
Загрузка...