Қазақ күй өнерінің тарихы тың туындымен толықты

Жуырда Атырау қаласында қазақ руханиятының өрелі биік шыңы саналатын күй өнеріне қатысты тағы бір ақжолтай жаңалық орын алды. Анығында, Батыс өңірінің күйшілік дәстүрін дәріптейтін тағы бір су жаңа тың туынды өмірге келді.

Монографиялық кітап «Батыс Қазақстан күйшілік дәстүріндегі қыз-келіншектердің шығармашылығы мен орындаушылығы» деп аталады. Авторы – осы Батыс өңірінің, нақтырақ айтқанда, Атырау облысы, Исатай ауданы, Жанбай ауылының тумасы, бүгінде сонау шығыста, яғни, Семей қаласында өнер жолын жалғап жүрген, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әртісі Мөлдір Қисамеденқызы.

Мөлдір Қисамеденқызы көптеген республикалық конкурстардың жеңімпазы. Атап айтқанда, «Шабыт» шығармашылық жастар сыйлығының лауреаты, Ж.Нәжімеденов атындағы республикалық күйшілер байқауының дипломанты, «Бұлбұл домбыра» қыз-келіншектер конкурсының Б.Қарабалина атындағы арнайы жүлде иегері. Мөлдір өз бар білімін, ынта-ықыласын бала кезінен-ақ осы күй өнеріне арнап, кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы қабырғасында білім алып жүріп үлкен зерттеу жұмысын бастап, аяқтап, күні кеше ғана бүтін республикаға дап-дайын, пайдалы ақпараты мол жұп-жұмыр шығармашылық дүние ретінде ұсынды. Қазір өзі шырайлы Шығыста жүргенімен, өн бойына бала кезден дарыған батыс өңірінің күйшілік өнері ол үшін әрі қарай зерттеп-зерделеуге таптырмас құнды тақырып болғаны сөзсіз.

Аталған туынды Алматы қаласындағы баспаға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы халық музыка факультеті, домбыра кафедрасының шешімімен ұсынылған. Ал, ғылыми кеңесшісі – өнертану докторы, профессор С.Ы. Өтеғалиева. Бұл туынды этномузыкатану ғылымында арнайы зерттеу нысаны болмаған Батыс Қазақстан өңірінің күйшілік дәстүріндегі қыз-келіншектердің шығармашылығы мен орындаушылық өнеріне арналған. Автор еліміздегі батыс күйшілік дәстүрінің екі бағытын саралай келе, музыкалық стильдік ерекшелігі мен орындаушылық шеберлігін салыстыра тұжырымдайды. Зерттеу автордың Батыс Қазақстан өңіріне арнайы жасаған экспедициялы сапарынан жинақталған құжаттар, күй мұралары, өзге де тың деректермен толықтырылған.

Салтанатты тұсаукесер рәсімі Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінде өтті. 5 бөлімнен тұратын кітаптың әлқиссасында қыз-келіншектердің қазақ музыка тарихындағы орны сипатталады. Әрі қарай, 19–20-ғасырдағы Батыс Қазақстан күйшілік дәстүріндегі қыз-келіншектер, олардың музыкалық стильдік ерекшеліктері, «Екі ғасыр куәсі, жаңашыдық иесі – Дина Нұрпейісова» атты бөлімде күй анасы Динаның бүкіл шығармашылық ерекшеліктері, өмірі, күй өнеріне деген құрметі бүге-шүгесіне дейін баяндалған. Одан соң 20-ғасырдағы Динаның күйші ізбасарлары, күй әлеміндегі 21-ғасыр қыз келіншектері турасында сөз қозғалады.

Расында, домбырашылық дәстүрдің бүгінгі деңгейі, репертуары да ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріске ұшрағандығы белгілі. Қазақ өнерлі қыздарын «кербез», «сәйкі» деп атайтын болған. Батыс Қазақстан күйшілік дәстүрін жан-жақты зерттеу тұрғысында күйші қыздардың рөлін көрсету ең өзекті де басты қажеттілік. Өйткені, Құрманғазы бастаған Батыс күйшілік мектебі жаппай халықтың қызығушылығын оятып, өз қатарына ер-азаматтармен қоса қыз-келіншектерді де қосты. Жалпы күйшіліктегі қыздар санының Батысқа қарағанда аз болуының бір себебі осы болса, енді бір себебі, Қазақстанның өзге аймақтарында күйден гөрі ән, жыр, өзге де өнер түрлерінің даму бағыттарына байланысты еді. Домбырашылық дәстүрдегі ер-азаматтардың деңгейінде қасқая бірге тұратын қыз-келіншектердің күй өнеріндегі орны туралы жеке-дара болмаса арнайы зерттелмегендігі де осы тақырыпқа арқау болған.

Атаулы зерттеу еңбегі арқылы алғаш рет Батыс Қазақстандағы күйші қыздар тақырыбы өз алдына бөлек мәселе ретінде қаралды. Айжан қыз, Ақмаңдай күйшілердің өмір жолдары қарастырылды; Алтынай, Ақбикеш, Ханым, Науша, Орынша (ХІХ ғ.); Дина Нұрпейісова (ХІХ-ХХ ғ.); Барша Хасенова, Зәмзәм Есжанова, Күріш Қалиева (ХХ ғ.); Роза Айдарбаева (ХХІ ғ.) төл күйлерінің музыкалық-стильдік ерекшеліктері көрсетілді; Қазақстан этномузыкатану ғылымына тың күйші есімі (Күріш Қалиева) қосылды. Оның жеке туындысы «Көтерілген тың» күйі талданып, музыкалық-стильді ерекшелігі көрсетілді.

Кеш барысында автордың ұстазы ҚР Білім беру ісінің үздігі Бағила Мұхтарова да болып, өз ақжарма тілегін, күйшілік өнерге, күй өнеріне қызығушыларға өзіндік ой-пікірін жеткізді. Бұдан өзге, Атырау музыка колледжіндегі ұлағатты ұстаздар легі де мұндай туындылар қазіргі күй өнерінің тарихы үшін таптырмас құнды дүние екендігін жеткізіп, лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, кеш барысында Наушаның «Шидеме-шегелеме» атты күйін талантты домбырашы Жәнібек Жамиев, Алтынайдың күйі «Ақжелеңді» Ақбөкен Темір, Д.Нұрпейісованың «Домалатпайын» Айнұр Сакупова, ал Күріш Қалиеваның «Көтерілген тың» атты күйін Мөлдір Қисамеденова орындады.

Қорыта келе айтарымыз, өнерді одан әрі тек терең білім арқылы ғана өрістете аламыз. Кезекті тың туынды соның дәлеліндей. Батыс өңірінің күйшілері үшін енді білім алу жолындағы қосалқы құрал да дап-дайын. Оған барлық өнер иелері де, ұстаздар құрамы да бек риза. Осындай берері мол туындылар қатары көбейе берсін!

Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий