Ұрпақ тәрбиесіндегі үлесі мол басылым
«Білімді ел» газетін еңбек ардагері болсам да 2014 жылы айналымға енгелі бері күні бүгінге дейін алып оқып отырмын. Бұл газет бүгінде мектепке дейінгі ұйым қызметінен бастап, мектеп, тіпті, жоғары білім беретін оқу орындарының бәрін қамтып отыратын негізгі озық ойлы басылымдардың бірегейі.
«Білімді ел» газетіне биыл 10 жыл. 10 жылдық тұрақты белсенді оқырман ретінде мен де бүгінгі сандарыңыз арқылы сүбелі пікір қалдырайын деп шештім.
Әрине, білім саласы заманауи іргелі болашақ ұрпағымызды жетілдіру мен тәрбиелеу сынды кәсіпқой қызметті жүйелендіруді және уақыт оздырмай жауапкершілікпен жүргізуді қажет етеді. Тәуелсіз мемлекетіміздің білім беру моделіне ұлттық құндылықтарды енгізу арқылы оқыту өте құптарлық іс әрі бүгінгі заман талабы деп түсінемін. Газет бетінде ұлттық құндылықтарды дәріптейтін озат тәжірибелер мен үздік мақалалар жариялануы ынтымақ пен ырыс, татулық пен береке бар деген қағидаттың көрінісі іспетті.
Біздің бүгінде алдымызда тұрған міндет – оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, саналы, жан-жақты дамыған саламатты, рухани бай, заман талабын орындай білетін тұлғаны тәрбиелеп дамыту. Әр оқушының адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Сондықтан, жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.
Қазір көптеген басылым беттерінде: «Негізгі мәселе – ұлттық құндылықтар», – деп жазылып жүр. Ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған тәжірибесі мен ізгілік қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру. Бұл қазіргі таңда үлкен мақсат болып жүзеге асырылуда.
Оқу-ағарту Министрлігінің кейбір бұйрықтары мен нұсқаулықтарының мәліметі газет бетінде жария етіліп жазылуы – ашықтық белгісінің көрінісі деп білемін. Ұлттық құрылтайдың 3-жиыны мұнайлы қала Атырауда өткізілуі білім саласына үлкен серпіліс берді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келешек ұрпақ қамы үшін «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» формуласымен жұмыстану қажеттігін баса айтқан еді. Осы мақсатты орындау барысында «Білімді ел» республикалық қоғамдық-саяси газеті өз үлесін шүбәсіз қосып келеді деуге толық негіз бар. Сабебі, адал адам кредоларының бастауы – отбасы-ошақ қасынан, балабақшадан, мектептен басталатыны анық. Сондықтан, келешек ұрпақ тәрбиесіне баса назар аудару – баршамыздың міндетіміз деп білемін.
«Ел боламын десең – бесігіңді түзе», – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, ел болашағы қазіргі өрімдей өскін жас жеткіншектердің білімді, саналы, тәрбиелі болуына байланысты. Осы мақсатта барлық жұмыстардың нәтижесін үнемі бағалап, зерттеп-зерделеп, қорытынды жасап отырудың маңызы зор. Әр оқушыға өз мемлекетіне, оның бай тарихына, болашағына деген жауапкершілігін сездіретін әрекет жүйесін жасау қажет деп білемін. Осы орайда, «Білімді ел» газетінің ұжымын 10 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, мерекелік көңіл-күй, бақыт және шығармашылық табыс тілеймін.
Он жыл бойғы қоржындарыңыз талай тың туындымен толығып, сыр-сандықтарыңызда небір сүбелі тәжірибелер сақталып тұрғандығына күмәніміз жоқ. Он жыл бойғы қалыптасқан тың дәстүрлердің тінін бұзбай, халық көкейіндегіні дөп басып айту арқылы сенімнен шығып, білім үшін алаңдайтын әр шаңырақтың төрінен әлдеқашан өз орындарыңызды ойып тұрып алып үлгердіңіздер. Мұның бәрі де адал еңбек пен қажырлы қайраттың, қызметке деген зор сүйіспеншіліктің арқасында тұрақты түрде он жыл бойы жалғасып келе жатыр. Еншілеріңізде әлі талай биікті бағындыру межесі тұрғандығын сеземін және осы ұлы мұрат жолында сіздерге сәттілік тілеймін.
Төл басылым көпұлтты Қазақстанның гүлдене беруіне өз үлесін қосады деп сенемін. Жауапкершілігі мол даңғыл жолда сәттілік болсын. Биіктен биікке өрлей беріңіздер.
Андрей НҰРТАЕВ,
Еңбек ардагері, Жаңаөзен қаласы бойынша білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы, Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы, Маңғыстау облысы