Білім әлемдік болғанымен, тәрбие ұлттық болуы шарт
«Шәкәрім» подкастының бұл жолғы қонағы өте ерекше. Жас та болса бас болып, бүгінде елордамыздың беделді балабақшасын абыройлы басқарып жүрген Мөлдір Жолбарысовадан газетіміздің бас редакторы Ләззат Түркістанова арнайы сұхбат алды. Түрлі тың мәселелер қаузалған сүбелі сұхбатқа сіз де назар салыңыз, құрметті оқырман!
– Құрметті тыңдармандар, бүгін біздің «Шәкәрім» подкаст студиямызда өте ерекше қонақ. Балабақша саласында еңбек етіп қана қоймай, жаңа идеяларымен, жаңашылдығымен, ұлттық құндылықтарға деген адалдығымен көпке үлгі болып жүрген керемет маман – Мөлдір Айтқалиқызы Жолбарысова. Ол – «Үздік балабақша-2023» байқауының жеңімпазы, №5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі. Сонымен қатар «Алаңдағы бестемше» авторлық ойынының авторы, педагогика ғылымдарының магистрі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің жанындағы Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының оқытушы-тренері. Бұл ұстаз ұлттық құндылықтарды насихаттауда шебер ұйымдастырушы ретінде танымал.
Мөлдір Айтқалиқызы, сәлеметсіз бе! Алтын уақытыңызды бөліп, бізге келгеніңізге шын жүректен разымын.
– Сәлеметсіз бе! Шақырғандарыңызға үлкен рақмет.
– Мөлдір, айтып жіберіңізші, неліктен кішкентай балалармен жұмыс істеуді таңдадыңыз, неге мектеп емес?
– Бірінші кезекте мен анамын. Балаға мейрімі мен махаббатын бермейтін әйел жоқ шығар деп ойлаймын. Мен балабақшаға баламмен бірге келдім. Алғашында орыс тіліндегі балабақшада қызмет атқардым. Ол жерде түсінгенім: мектеп – баланың қалыптасуының қабырғасы, ал балабақша – оның іргетасы. Осы салаға өзгерістер енгізгім келді, сондықтан балабақшаны таңдадым.
– Кейде өкінбейсіз бе?
– Педагогика – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық. Әрине, оңай емес. Қиын сәттер болып тұрды. Бірақ «менің орным – осы» деген ұстаным мені ұстады. Балалардың күлкісі, олардың жеткен жетістігі және ата-аналардың алғысы мені мақтанышпен қарауға итермеледі. Қоғамға, ұлттық тәрбиеге өз үлесімді қосу керек деп ойладым. Сондықтан балабақшадан бастау дұрыс деп қабылдадым.
– Сізді ең бірінші кім тәрбиеледі? Астанаға қай өңірден келдіңіз? Балалық шағыңыз қайда өтті? Ата-анаңыз жайлы айтсаңыз?
– Тәрбие отбасынан басталады деп ойлаймын – әкенің қанымен, ананың сүтімен беріледі. Мейірімділікке, нәзіктікке үйреткен – анам. Ал жауапкершілікке, еңбекқорлыққа баулып, «ешкімнің ала жібін аттама, өтірік айтпа» деген ұстанымды бойыма сіңірген – әкем. Мен – Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданының қызымын. Қайнар университетін, одан кейін Шәкәрім университетінде магистратураны тәмамдадым. Бірінші мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, екіншісі – мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие. Өскеменде еңбек жолымды бастадым, 2021 жылдан бері Астанадамын. Анам отбасының ұйытқысы, төрт баланы тәрбиелеген салмақты, сабырлы, жұмсақ жан. Әкем – жылқы бағатын, бәйге ат ұстайтын, бүркіт асырап, қоғамдық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға. Мен көп тәрбиені әкемнен алдым. Отбасымдағы үлкен әкелер мектебінде өстім, сондықтан ұлтқа, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігім жергілікті тәрбиеден басталды.
– Керемет! Мен сізден «Алаңдағы бестемше» ойыны туралы сұрағым келеді. Идеясы қалай туындады? Осы идеяңызды жүзеге асыру барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– «Алаңдағы бестемшеге» тоқталмас бұрын, «Бестемшеге» тоқталған дұрыс шығар.
– «Бестемше» деген не? Тоғызқұмалақты білемін, ал «Бестемшемен» таныс емес екенмін.
– Қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны Тоғызқұмалақты бүкіл халық біледі. Ал «Бестемше» – тоғызқұмалақтың балаларға арналған түрі, шамамен 4000 жылдық тарихы бар, әсіресе Абайдың шығармаларында көп кездеседі. Бұл ойын баланың танымдық, зияткерлік қабілеттерін дамытуға арналған таптырмайтын ойын.
Бұған тоқталатын болсам: 2021 жылы №61 балабақшадан бастап «Бестемше» ойыны енгізіле бастады. Бұл ойынды №61 балабақшада жүргізіп, тоғызқұмалақты насихаттап жүрген Федерацияның вице-президенті білім басқармасымен бірлесе отырып семинар ұйымдастырды. Нәтижесінде 2021 жылы «Бестемше» ойыны 13 балабақшаға инновациялық жоба ретінде міндеттеліп енгізілді. Солардың ішінде мен қызмет атқаратын «Ақбота» балабақшасы да осы жобадан үлесін алды.
Жобаны алдымен зерттеп, өзіміз үйреніп, тәрбиешілерге, ата- аналарға және бүлдіршіндерге үйреттік. Осы тәжірибе арқылы ойынның маңыздылығын түсіндік: бұл ойын тек мектептегі ғана емес, өмірде де стратегиялық ойлауды дамытуға, ұлттық сана мен наным-сенімді балаларға сіңіруге арналған құрал екенін ұқтым.
Қазіргі таңда «Бестемше» жүйелі түрде олимпиадалық форматта өткізіліп жатыр. Үлкен сұранысқа ие. Осы негізде мен «Алаңдағы бестемше» деген командалық ойын ойлап шығардым.
– Неге дәл осы формат таңдалды?
– Мен мамандығымды мақтан тұтамын. Кез келген жұмысты жүрекпен, көңілмен, ниетпен қолға аламын. Ойынды зерттеу барысында баланың бес дағдысын дамыту қажеттігін анықтадым: коммуникативтік, танымдық, зияткерлік, әлеуметтік және құндылықтық дағдылар. Осы мақсатта «Бестемше» ойыны дүниеге келді.
– Бұл ойынды неліктен «Қазақтың футболы» деп атайсыз?
– Себебі бұл ойын далада да, топта да, музыка залында да, спорт алаңында да, яғни кез келген жерде ойналуға ыңғайлы. Ол кез келген материалдан – тастан да, асықтан да, баннерден де – жасалуы мүмкін.
– Бүгінде қандай материалдардан жасап жүрсіздер?
– Ең алғаш ақ матадан, ортасына екі қазандық және бес отау түрінде арнайы қалып салып, суретпен боядық, тастың орнына асық пайдаландық. Бұл алғашқы «Алаңдағы бестемше» болатын. Кейін кілем нұсқасын жасадық, ол баланың майтабандығының алдын алуға да көмектеседі. Қазіргі таңда баннерден дайын түрлері енгізіліп, кеңінен таралған.
– Бұл ойын тек Қазақстанға тән бе? Басқа қай мемлекеттер қызығушылық танытты?
– 2023 жылы Түркияда өткен үлкен халықаралық семинарға біз Астанадан бірнеше балабақша меңгерушілерімен барып, тәжірибемізбен бөлістік. Сол сәтте Түрік педагогтері бұл ойынның өмірде, командалық түрде дамытатын ерекшелігін қызығушылықпен қабылдады.
Бұл ойын тек 2 адамға ғана емес, 5, 10, 20 балаға дейін қамтыла алатын командалық форматқа ие.
– Қанша жастан бастап ойнауға болады?
– 4-6 жас аралығындағы балаларға жарайды, бірақ 3 жастан бастап та ойнатуға болады, өйткені ойын қауіпсіз.
– Ал 10-15 жас аралығындағы балаларға қызықсыз емес пе?
– Оны мектептерге де енгізуде, әрі ата-аналар да қызығушылықпен бірге ойнайды. Бұл – біртұтас тәрбие бағдарламасы. Жақында Түркістан қаласында осы ойын бойынша алғаш рет жарыс өтті. Мен автор ретінде қонақ болдым. Түріктер бұл жұмысқа мониторинг жасап, қызығушылық танытты, тіпті Федерация президентіне ойынымызды Қазақстан атынан сыйлап табыстадық.
Қазіргі таңда Түркияда бұл ойын балабақшада ғана емес, мектептерде де қолданыла бастады. Сондай-ақ «Бестемше» деген мектеп ашылып, қала әкімі өзі ойнады.
– Егер Түркия мойындап жатса, Астанада қалай бағалануда?
– Әрине, Астанада да үлкен қолдау бар. Мысалы, алғашында 37 балабақшаға инновациялық жоба ретінде енгізілді, қазір ойын еліміздің түкпір-түкірінде қолданылады. Маркетплейс платформаларында да сұранысқа ие. Бұл мені қуантады, өйткені ұлттық ойынның насихатталуы – маңызды. Бұл ойын бала дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, салт-дәстүр мен ұлттық санаға тәрбиелейді.
– Сіз сияқты ұлағатты ұстаздарды бағалап, еңбегін елепнасихаттау қажет. Сіз үшін құндылық деген не?
– Құндылық – бұл балаға тиянақты тәрбие беру. Отанға, жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыру. Қарттарды қадірлейтін ұрпақ тәрбиелеу – менің ең үлкен құндылығым.
– 2023 жылы балабақшаңыз «Үздік балабақша» аталымын ұтып алды. Бұның басты себебі неде деп ойлайсыз?
– Иә, бұл аталым арқылы Астана қаласы әкімінің 10 млн теңгелік грантын жеңіп алдық. Бұл марапатқа жету үшін 78 балабақша қатысты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқауда біздің тәрбиеленушілер олимпиадалық жетістіктерге ие, арыз-шағым жоқ, инклюзивті топтар жақсы жұмыс істейді, педагог кадр сапасы жоғары, мониторинг нәтижелері жақсы, авторлық бағдарламалар белсенді. Осы талаптарға сай келдік. Негізінен, танымдық ойынның арқасында біздің балалар «Дарын» орталығы ұйымдастырған халықаралық олимпиадалардан Гран-при иеленді. Балабақшамызға сұраныс көп.
– Осы ауқымды грантты қалай оңтайлы пайдаланудасыздар?
– Біз бұл қаржыға балаларды ерте кәсіпке бағдарлау мақсатында «мамандықтар қалашығын» аштық. Сонымен қатар құндылық траекториясын көрсетуге бағытталған арнайы кабинеттерді іске қостық.
– Ұлттық құндылық аясындағы нақты қандай жұмыстар атқарып жүрсіздер?
– Таңертең балаларды күй күмбірімен қарсы аламыз. Таңғы жаттығудан кейін міндетті түрде Әнұран шырқалады. Асқа дейін бата беріледі. Бір жылда он екі түрлі бата жатталады. Балалар тек орындықта ғана емес, өз көрпешесіне отырады: қыздарға өзіне сай, ұлдарға малдас құрып отыру мәдениеті үйретіледі. Әр топта дефектолог мамандар қазақтың төл дыбыстарын дұрыс айтуға дыбыстық жаттығулар өткізеді. Қыз балалар ши тоқып, ұршық иіреді, жүн түтіп, шаш өріп, ұсақ қол моторикасын дамытады. Ұлдарға арналған ұстахана, қамшы өру, әкелер мектебі бар. Сонымен қатар бізде әжелер ансамблі бар, олар балаларға құндылықтарды түсіндіретін кабинетте ертегілер оқиды. Біздің ұжымда 60 қызметкер бар, оның 33-і педагог. Балабақшамыздың 46 жылдық тарихы бар. Ұжым өте қабілетті және белсенді деп нық сеніммен айта аламын.
– Балабақша балалары қандай олимпиадаларға қатысады?
– Біз «Дарын» орталығы ұйымдастыратын барлық олимпиадаларға қатысамыз: «Жұлдызды жол», «Бестемше» сияқты байқауларға тек біз емес, басқалар да қатысады.
– Егер тәрбиешінің балаға деген шынайы махаббаты болмаса, ол тәрбиеші болып қала бере ала ма?
– Ондай жағдайда оның өзін де, өзгені де қинамауы керек. Менің тәжірибемде мынадай оқиға болған: бір тәрбиеші ерекше баланы қабылдай алмай, оны басқа топқа ауыстырғым келеді деді. Сол кезде мен бүкіл ұжымды жинап: «Алла ешкімді баламен сынамасын. Бұл ерекше бала ата-аналар үшін де, сіз үшін де бір сынақ. Егер сіз оған мейіріммен қарап, оны өмірге жетелесеңіз, сіздің орныңыз жұмақта», – деген мотивациялық сөз айттым. Содан соң ол тәрбиеші ойын өзгертті. Баламен жақсы қарым-қатынас орнатып, өз міндетін адал атқарып жүр.
– Мөлдір Айтқалиқызы, бүгін өте сүбелі және әсерлі сұхбат өткіздік. Біздің студиямызға қонақ болып келіп, тың шығармашылық идеяларыңызбен бөліскеніңізге рақмет. Сәттілік тілейміз!
Загрузка...