Абай – ұлттың рухани шамшырағы
Қазақтың сайын даласы – сан ғасырдың сыры мен сазын бойына сіңірген ұлы мекен. Сол даланың төсінде бір шоқ жұлдыз бар. Ол жұлдыздың нұры – ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен мәңгілік жарық. Ол – Абай. Жел өтінде қасқайып тұрған шынардай, дауыл соқса да сыңғыры үзілмес күмбірлі қоңыраудай, ұлы ойдың ұшқынындай – Абай сөзі ұрпақ жүрегін әлі күнге дейін жылытып келеді. Жазиралы Шыңғыстаудың бөктерінде дүниеге келген бір сәби – күллі ұлттың рухани көшбасшысына айналарын сол күннің таңғы самалы сезгендей. 1845 жылдың тамыз айы еді. Анасы Ұлжанның мейіріміне, әжесі Зеренің әлдиіне бөленген нәресте – Ибраһим – кейін ел жүрегінде «Абай» деген атпен мәңгі қалды.
Абайдың арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос пен Жігітек тарайды. Әрқайсысы бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен Ырғызбай, Көтібақ пен Топай туған. Олардың ішінде Ырғызбай оза шауып, ел басқару ісіне араласқан. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар мен Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.
Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі – Күңке, одан бір ұл – Құдайберді. Ал Ұлжан – Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан – Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу» дейтіні содан. Құнанбайдың қартайған шағында үйленген төртінші әйелі – Нұрғанымнан бала болмаған.
Білімге құштарлық
Болашақ ақын ел анасы атанған Зере әжесінің таусылмайтын аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өсті. Абай алдымен әкесінің өз туыстарының балаларын оқытамын деп, «Ескітам» деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұламалардың шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады.
Ұлы Абайдың ой әлемі – терең де сан қатпарлы. Оны өмірдің мәні, қоршаған дүние мен табиғаттың тылсымы, болмыстың сыры мен заңдылықтары үнемі толғандырды. Ақынның көкірегінде: «Мен кіммін? Жаратылыстағы әр жан иесінің түпкі мақсаты неде?» деген сауалдар жиі оянды. Шынында да, жер бетіндегі барлық тіршілік иесі – адам болсын, жануар болсын – қоректенеді, тынығады, ұрпақ қалдырады. Бірақ адам баласын өзгелерден даралайтын басты айырмашылық қайда?
Абай өз пәлсапалық еңбектерінде адамның өмір сүру мақсатын, сол мұратқа жету жолдарын, дүниенің мәні мен ішкі үйлесімін, жалпы заңдылықтарын айқын ашуға тырысты. Абайдың ойынша, біз спорт арқылы тәнімізді шынықтырып, күш-қуатымызды арттыра аламыз, ғылым-білім мен өнерді игеру арқылы ой-өрісімізді кеңейтеміз. Бірақ мұның бәрінен де биік, мәнді жетілу бар – ол рухани кемелдену, яғни жанды жетілдіру.
Абайша, жан – жүректе орын тепкен. Жүрек – адамның барлық тіршілік тынысын, іс-әрекетін басқарушы. Жаны жетілмеген адамның қадамы да, қылығы да мінсіз бола алмайды. Керісінше, ішкі әлемі тазарған, рухы кемел адам ғана қателіктен бойын аулақ ұстап, өмір жолында сүрінбей, дұрыс бағытпен кете алады. Ақын адам бақытының кілтін – жүрек тазалығымен байланыстырады.
Саясаткер Абай
1885 ж. мамыр айында Шар өзенінің бойындағы Карамола деген жерде Семей ген.-губ. Цеклинскийдің басқаруымен Семей губерниясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезі өткізілді. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға «Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заң ережесін» әзірлеу тапсырылды. Абай бастаған комиссия барлығы 93-баптан тұратын ережені 3 күн, 3 түнде әзір етті. Бұл қазақ қауымындағы әдет заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, езгеше құжат еді. Бірақ Абайдың беделін өсірген Қарамола съезінен кейін оның қарсыластары көбейіп кетеді. 1890 ж. Байғұлақ, Күнту деген кісілер бастаған 16 атқамінер Жиренше қыстауының шетіндегі Ши деген жерде Абайға карсы дұшпандық әрекетке сөз байласады. 1891 ж. Оразбай бастаған дау 1897 жылға дейін созылады. Бұл шиеленістің аяғы 1898 жылғы Мұқыр сайлауындағы жанжалға, Абай өміріне қастандық жасауға әкеп соқтырады. Ақын бұл жанжалдың барша жиренішті сырын, өзінің ақ екендігін Сенатқа жазған хатында айғақты деректермен дәлелдеп береді. Ел басқару қызметінде барынша әділ болып, халық қамын ойлаған тұлға «тура биде туған жоқ» принципін ұстанған. Ғұмырының соңына қарай пенделік шаруалардан бойын аулақ салып, уақытының көбісін шығармашылыққа арнаған.
Өмірі мен шығармашылығы
Абай үш әйел алған. Бәйбішесі Ділдәдан – Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия, Райхан; екінші әйелі Әйгерімнен – Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл, Кенже, барлығы 7 ұл, 3 қыз сүйген. Келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ. Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған…») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері – «Йузи-рәушән», екіншісі – «Физули, Шәмси». Өлеңдерін қағаз бетіне 80-жылдардың ортасында түсіре бастайды. «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абыралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870-1880 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда» 1882 ж. жазылган. Бастан-аяқ динамикалық суреттерден тұратын бұл өлең қазақ әдебиетінде қалыптасқан дәстүрлі ұғымдардан өзгеше, ішкі ой иірімдері терең. Абай лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда көпсалалы, көп-кырлы болып келеді. Ол қазақ поэзиясында тіл кестесіне, сөз қолдануына да жаңа сипат дарытқан ақын. Абай поэзиясының тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын, жүрек лүпілін, сезімнің сан құбылып ойнақшуын көрсететін сипаттамалар, эпитет, метафора және баска да бейнелі сөздердің жаңа, өзі шығарған соны үлгі-өрнектері мол. Осы өлеңнің бастапқы тармағындағы сөздердің мәнісіне үңілсек, табиғат сөзін қалыпты мағынада алып, аспан мен жер, күн мен айды айтып отырған сияқты. Олардың өмірі адам өмірінен ұзақ екені талассыз. Ескі философиялық еңбектерде табиғат өлсе де, адам өлмейді деп, осы екеуін біріне-бірін қарама-қарсы қою кездеседі. Мысалы, Сократ адамды табиғатқа қарсы қойып, әділдік, ізгілік секілді адамның жақсы қасиеттерін зерттеу қажет те, ал табиғатты зерттеу деген көңіл бөлуге тұрмайды деп санаған. Табиғат өзгереді, мәңгі өзгермейтін жаратушы бір Алла ғана деген ұғым бар. Жақсы адамның өзі өлсе де, жаны өлмейді деген пікірді философтар да айтқан. «Адам өлмес» деп бірден кесіп айтқан ойын Абай төмендегідей жалғастырады:
«…Ол бірақ кайтып келіп ойнап-күлмес,
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкейбілмес».
… Дәл осы өлеңінде «мен» және «менікі» деген ұғымдарды Абай ажыратып, дәлірек айқындамайды. Келесі шумақта: …
«Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып аяғын көп шалдырған», – дей келіп, алғашқы ойын енді тікелей жалғастырғандай:
«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…», – дейді. «Адам өлмес» дегеннің мағынасы өзі өлсе де, кейінгіге сөзі, айтқан ойы қалады деген пікірге саяды. «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» сияқты өлеңдерге назар салсақ. Абайдың өмір құбылыстары – сөзбен мүсіндеп, жанды бейнеге айналдырып сипаттауда алдына жан салмайтын суреткер ақын екеніне ден қоямыз… «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Бөтен елде бар болса», тағы сондай туындыларға қарап, нағыз сықақшыл, өткір мысқылға шебер ақын осындай-ақ болар десек, «Мәз болады болысың» атты өлеңді еске түсіріп, әжуалап келемеждеудің мұндай да өте нәзік, өтімді түрі болатынына тәнті боламыз. Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» атты өлеңдердің қазақ поэзиясында қалыптасқан насихат, өсиет үлгісіндегі нұсқалардан мазмұны да, ойды бейнелеп айту тәсілі де мүлдем өзгеше екені көңіл аударады. Ал «Сен мені не етесің», «Ем таба алмай», «Қор болды жаным» секілді нәзік лирикалық туындылар қазақ поэзиясында бұрын орын теппеген сыршыл лириканың жаңа үлгілері екені айқын аңғарылады.. Абайдың әр өлеңінде оның осындай ақындық тұлғасын жаңа бір қырынан танытатын өзгешелігі болады десек, олар іштей астасып жатқан сипат, қасиеттер екенін де айтуымыз керек. «Сегіз аяқты» оқығанда мұнда терең сыршылдық, ғибратты насихатшылдық, бейнелеп суреттеуге, тіпті өлең өрнегін өзгеше өрнектеуге шеберлік те – бәрі ұштасып келетіні анық көрінеді. Абайдың көркемдік ойлау, бейнелеп айту, суреттеу тәсілі мүлде жаңа, даралық стилі еркін, икемді, поэзиядағы қалыптасқан, дайын үлгілерді қайталамайды, осының өзі-ақ оның поэзиясына жаңашылдық сипат дарытады. Ол қазақ поэзиясының мазмұндық ауқымын, тақырыбын кеңейтті, әдебиетте жаңа жанрлық түрлер туғызды. Абай А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, т.б. ақындардың шығармаларын шеберлікпен аударып, қазақ әдебиетін жаңа ой орамымен байытты. Пушкиннің «Евгений Онегинінен» бірнеше үзінді-нұсқаларды таңдап алып, «Татьянаның хаты», «Ленскийдің сөзі» атты өлеңдерін шығарды. Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Теректің сыйы», «Асау той, тентек жиын, опыр-топыр», «Жартас», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Альбомға» өлеңдерін казақтың төл туындысынша сөйлетті. Бұл шығармалар Абайдың ой көрігінде қайта қорытылып, жаңадан дүниеге келген туындылар еді.
Бара-бар, дәлме-дәл аудармаларында Абай Лермонтов шығармасының ішкі әлемін, оның толқын лебізін, жаңа саласын казақ тілінің суреттеу мүмкіншіліктерін пайдаланып, мол жеткізеді. Барлық жарастық сәнімен казақ тілінде қайтадан туғызады. Солардың қатарына «Альбомға», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз» сияқты өлеңдерін жатқызуға болады.
Даналықтың өлшемі бола білген философ-ақынның рухани мұрасы шын мәнісінде, қазақ халқының зерделі ойы мен өмірі тұрғысындағы энциклопедия секілді. Абайды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі қазақ қоғамының экономикалық, саяси, құқықтық, отбасылық, мәдени-тарихи, моральдық хал-жайынан айқын да толық мағлұматтар алуға болады.
Ақын шығармалары сусындаған негізгі үш қайнар көзді айтатын болсақ, ол ең алдымен Абай қазақ елінің ұлттық рухы мен менталитетін, оның көкейтесті арманы мен даналық ойларын абыздық көрегенділікпен, өлеңмен өрнектеуді қазақ эпосынан үйренді. Сондай-ақ Абайдың жүйелі ойларының үлкен бір арнасының қалыптасуына Шығыстың рухани қазынасының да ықпал-әсерінің аз болмағандығы сөзсіз. Өйткені ол күллі араб пен парсының батырлық дастаны мен жырларын, Шығыстың атағы жер жүзіне мәшһүр классик ақындарын, Әбу Жафар Мүхаммед ат-Табари, Рабғузи, Рашид әд-Дин, Бабыр Захиреддин Мұхаммед, Әбілғазы Баһадүр ханның тарихи еңбектерін, сондай-ақ, логика ғылымының негіздері мен мұсылмандық құқық, Шығыстың шариғат кағидаларын ұғындыратын ғұламалар еңбектерін жетік меңгерген. Сол еңбектерді түпнұсқасында оқитын жан-жақты білімдар, ғұлама болған. Араб, парсы, түркі тілдеріндегі білім көздеріне Абай ерекше көңіл аударады. Айрықша қабілетінің арқасында, араб, парсы тілдерін өз бетімен жүйелі түрде оқып, игереді. Сөйтіп ол Ә.Бөкейханов айтқандай, қасиетті кітаптардың білімпазы атанады. Отырардан шыққан және Шығыстың екінші ұстазы атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби философиясы Абайдың дүниетанымын қалыптастырып дамытуда елеулі рөл атқарған.
Ақынның шұрайлы философиялық ойлары, негізінен, шығыс ойшылдары мен ақындарының кемел пікірлерін айрықша шеберлікпен игергендігін көрсетеді. Орыстың қоғамдық-философиялық ақыл-ойы ақынның эстетикалық көзқарасының қалыптасуына елеулі әсер етті. Сондай-ақ басын сонау антикалық ежелгі заман мәдениетінен алатын Батыс Еуропа мәдениеті Абай дүниетанымының даму процесінде тарихи сабақтастық желісін атқарды. Казақ кемеңгері Спенсердің «Тәжірибелерін», Льюистің «Позитивтік философиясын», Дрепердің «Еуропа ақыл-ойының даму тарихы» атты туындылары мен Милльдің, Бокльдің және тағы басқа көптеген авторлардың да шығармаларын оқыған. Батыстың өркениеті мен философиясы, қоғамдық ойдың даму тарихы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани есею жолында елеулі рөл атқарып, Батыс пен Шығыс мәдениеттерін оның өз дүниетанымында тамаша ұштастырды. Абайдың негізгі зерттеу объектісі – адам. Сол адамның эстетикалық, этикалық талғамы, арман-мақсаты, өмірінің мәні, сезімі мен түйсігі, болмысы мен ұлттық ойлау ерекшелігі ұлы ойшылды терең тебіреніске түсірген.
Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың қара сөздері, сондай-ақ, жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған, ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысқан. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Міне, Абай әркімді де толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап іздейді. Ол өзінің ілімінде, пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысты, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.
Кемелдену, жетілу – адам өмірінің мақсаты екенін айтады Абай. Жетілу дегеніміз не? Түрлі жетілулер бар. Мысалы, спортпен шұғылданып өзіміздің денемізді, күш-қуатымызды жетілдірсек, ал ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдіреміз. Абай осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырақ жетілу барын, ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетеді.
Абайдың айтуы бойынша жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді Абай. Сонымен, жетілудің негізі – женді, жүректі жетілдіру екен. Бұл – адамның ішкі нәзік болмысын тазарту деген сөз.
Абай өз шығармаларында жетілу жолдарын, олардың түрлі белестерін көрсетеді. Әрбір адам осы жетілу жолдарынан өте отырып өзінің қай деңгейде тұрғанын және өмірінің келесі белесін анықтай алады. Мәні терең ашылып, келешегі айқындалғанда ғана адам өмірі маңызды болмақ. Абай ілімі осылай әркімнің өмірінің мәнін ашып, оның келешектің жарқын жолына шығуына мүмкіндік береді.
Ақын шығармалары 19-ғасырда да Қазақстанда демократиялық қоғамдық ойдың қалыптасып, дамуына негіз болған басты-басты идеялық үш қайнардан нәр алды:
1) қазақтың ауыз әдебиеті мен өткен замандардағы жазба ескерткіштерінен сусындаған алдыңғы қатарлы халықтық дәстүр;
2) ежелгі және орта ғасырдағы Шығыс ойшылдарының таңдаулы шығармалары;
3) орыстың материалистік философиясы мен демократиялық мәдениеті, сол арқылы дүниежүзілік (ең алдымен Батыс Еуропаның) философиялық ойдың жетістіктері.
Әуезов бұл идеялық бағыттарды бір-бірімен табиғи ұштасып, жалғасып кететіндігін айта келіп, Абай дәуірі үшін осылардың ішінде үшінші қайнармен, орыс классиктерінің шығармаларымен таныстықтың маңызы аса зор болғанын, Қазақстандағы қоғамдық ойдың болашақта жандана түсуіне ықпал еткенін атап көрсетті.
Абай – дүниетаным көкжиегі кең ойшыл
Ойшыл-ақын Абай ежелгі дәуірдің Сократ, Платон, Аристотель сынды ұлы философтарының еңбектерін зерделеп, олардың идеяларынан тағылым алды. Шығыстың ғұлама перзенті әл-Фарабидің мұрасын да терең түсініп, бойына сіңірді. Сонымен бірге Батыс Еуропа ойшылдары – Рене Декарт, Бенедикт Спиноза, Герберт Спенсер, Людвиг Фейербахтың еңбектерін оқып, зерделі сараптан өткізді. Белгілі жазушы Мұхтар Әуезов атап өткендей, «Абай өзінің рационалдық философиясын кездейсоқ жасаған жоқ. Алдымен осындай бай мектептердің сабағынан өтіп, содан кейін ғана оларды шығармашылық тұрғыда өңдеп, өз ілімін қалыптастырды» (Әуезов М., 20 томдық шығармалар жинағы, А., 1969, т.15, 141-б.).
Абай Чарльз Дарвиннің эволюция ілімі мен анатомиялық көзқарастарын да жақсы білді. Оның жаратылыстану саласындағы білімін кеңейткен дереккөздердің бірі – орыс материалистік психологиясы. Әсіресе, И.М. Сеченов пен К.Д. Ушинский еңбектері оған айрықша әсер етті.
Семейде саяси жер аударылып жүрген алдыңғы қатарлы демократ зиялылармен достық қарым-қатынасы да Абайдың дүниетанымын байытты. Е.П. Михаэлис, Н.И. Долгополов және басқа да ағартушы көзқарастағы азаматтар оған заманауи білім мен жаңа идеялар арнасын ашты.
180 жылдық – жаңғыру мен жалғастық мерекесі
Биыл, 2025 жылы, Абайдың туғанына 180 жыл толды. Бұл мерейтой – ұлт руханиятының үлкен мерекесі.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы – тек мерекелік шара ғана емес, ұлт руханиятын жаңғыртуға, ұлттық сананы серпілтуге бағытталған ауқымды рухани бағдарлама. Бұл – Абайдың ұлы мұрасын кеңінен насихаттау арқылы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тереңдігін, даналық пен көркемдік байлығын халықаралық деңгейде танытуға арналған игі бастама.
Он күн ішінде, яғни, 1-10 тамыз аралығында өткен мерекелік іс-шараларға 30 мыңнан астам адам қатысты.
Хәкім Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік ауқымды шаралар легі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында бастау алды. Шараның алғашқы күні ақын Айжан Тәбәрікқызының жүргізуімен, ұлы ойшылдың бай мұрасын заманауи форматта ұсынуға бағытталған «ABAI AKADEMIASY» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесері өтті.
Бұл бірегей портал – Абайдың әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектерін терең текстологиялық талдаудан өткізіп, жүйеленген күйде ұсынатын ауқымды цифрлық қазына. Мұндағы материалдар Абайға қатысты институттар, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан жинақталып, электронды форматта біріктірілген. Сондай-ақ портал қоры теле-радио хабарларымен, деректі фильмдермен және бұрын көпшілікке қолжетімді болмаған құнды деректермен толықтырылғаны – мерейтойдың мәнін арттыра түскен жағымды жаңалық.
Дәл сол күні Мақаншыдағы Алакөл жағасында Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің концерті өтті. Семейдегі Арбат алаңында иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмесі ашылды. «Асыл мұра» атты облыстық қолөнер фестивалі де өтті.
Келесі күні де, яғни 2 тамыз да мәдени шараларға толы болды. Анығында, 2-6 тамыз аралығында халық әртісі Майра Ильясованың Абайға арналған гастрольдік концерті Семейден басталып, Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарын аралады.
3 тамызда ұлтымыздың ұлы мұрасы – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Абай атындағы театрда тағылымы мол, мазмұны терең «Абай әлемі» атты рухани кеш өтті. Бұл кеш дәстүрлі ән өнері арқылы Абайдың шығармашылық мұрасын, терең философиялық ойлары мен рухани болмысын дәріптейтін ерекше өнер алаңына айналды.
4 тамызда Секен Тұрысбеков пен оркестрдің қорытынды концерті өтті. 5 тамызда «Ой толғау – Хәкім Абай» атты моноопера сахналанып, ал 6 тамыз күні Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» атты мерекелік концерт пен жас ақындар мүшәйрасы – «Өлең сөздің патшасы» байқауы ұйымдастырылды.
7 тамызда жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Асқар Алтайдың шығармашылық кеші өтті. 8 тамызда Семейде «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы мен Абай ауданында «Жеті қазына» ұлттық байқауы болды. Сондай-ақ Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан «Ілім-білім: Абай оқулары» республикалық байқауы Абай ауданының Мәдениет үйінде өткізілді.
9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция, «Жидебай-Бөрілі» музейінде көрме, Абай кітапханасында кітап тұсаукесері және 15 елдің қатысуымен өтетін халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылды. Кешке қарай орталық алаңда «Абайға тарту» атты концерт өтті.
10 тамыз – ресми Абай күні. Бұл күні таңертең Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалынды. Одан кейін еліміздің барлық өңірінде ұлы ақынға тағзым ретінде Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Мерейлі датаны кеңінен атап өту арқылы оның рухани мұрасын насихаттау, жас ұрпаққа «Толық адам» ілімін терең түсіндіру, ұлттық тәрбие мен рухани жаңғыру құндылықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға белгілі ғалым, қоғам қайраткері, академик Оразалы Сабден, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Мәдениет саласының үздігі Саят Қамшыгер, кино және театр актёрі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов, университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, абайтанушы ғалымдар мен профессор-оқытушылар құрамы және студент жастар қатысты.
Сонымен қатар салтанатты шара барысында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Хәкім Абай» ұлттық тәрбие орталығының Бас ғылыми қызметкері, абайтанушы ғалым Жабал Шойынбеттің «Абайдың Толық адам ілімінің негіздері» кітабы мен «Ұлы Абаймен үндесу» жас ақындардың жыр жинағының тұсаукесері өтті. Бұдан өзге «Абай дара, Абай дана қазақта» атты республикалық жастар мүшайрасының жеңімпаздары марапатталды.
Облыста мерейтойға орай Президенттің қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталды. Еліміздің әр өңірі бір нысаннан салып береді. Кеше Маңғыстау Достық үйінің құрылысын бастаса, Шымкент шығармашылық орталығын, Түркістан көрме орталығын, Астана келешек мектебін, Ақтөбе жекпе жек орталығын, Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын салуды, Шығыс Қазақстан Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр.
«Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені бой көтереді. Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен жүзеге асатын, 60 гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмді дамытып, рухани-мәдени мұраны дәріптеп, Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдырады.
Сонымен қатар Жидебай мен Бөріліде антенна-діңгекті құрылғы орнатылып, интернет қосылды. Осылайша, Абай тойы қарсаңында Абай ауданы 100 пайыз интернетпен қамтылды.
Мерейтойға келген құрметті қонақтар «Бала Абайдан – дана Абайға» атты театрландырылған тарихи қойылым мен «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты концертті тамашалады. Концертте Секен Тұрысбек, Досхан Жолжақсынов, Майра Ильясова, Нұрлан Өнербаев, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Қаракөз Сүлейменова, Ерлан Рысқали, Айгүл Елшібаева, Гүлмира Сарина, Айбек Бекбосын, сондай-ақ «Тараз» триосы мен «Алатау серілері» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Анығында, бұл шаралар өткен кезең нағыз ұлттық бояуға қанық күндер болған сыңайлы: Семей төрінде этноауылдар тігіліп, ұлттық ойындар ойналды, театр сахнасында Абай бейнесін сомдаған қойылымдар қойылды. Расында, ұлтымыз да осындай қазақы тамырымыздан ажырамаған жоғары деңгейдегі ұлттық рухқа толы шараларға шөліркеп қалған сыңайлы.
Абай аманаты – мәңгілік
Абайдың сөзі – ұлттың айнасы. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген бір ғана жолдың өзі өмірлік бағдаршам бола алады.
Ол – еңбексіз өмірдің баянсыз екенін, білімсіз елдің дамымайтынын, әділетсіз қоғамның құритынын айтты. Абайдың аманаты – арлы болу, адам болу, ұлтқа қызмет ету.
Абай – ұлттың ғана емес, адамзаттың да рухани шамшырағы. Оның сөзі – мәңгілік. Оның ойы – шексіз. Оның мұрасы – сарқылмас қазына.
Бүгінгі ұрпақ үшін Абай – өткеннің ескерткіші емес, болашаққа апарар жолдың жарығы.
Өзінің бір өлеңінде ол:
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – дейді.
Абай өлген жоқ. Өлмейді де. Өйткені оның сөзі мен ісі мәңгібақи қазақпен бірге жасайды.
Орынгүл МАХМУД
Загрузка...

