«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман»

Астана қаласында өткен биылғы кезекті Тамыз кеңесі осындай атауға ие болды. Оған ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ арнайы қатысты.

«Әлем тарихында білім-ғылымды басты орынға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен, орасан зор табысқа жеткен елдер аз емес. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуы тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық.

Мен Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалаймын, сіздер жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенемін. Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады.

Қазақстанның жарқын болашағы Сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты. Себебі, сіздер тұтас ұлтты оқытып, тәрбиелеп жатырсыздар. Осы жауапкершілікті терең сезініп, қастерлі міндетті абыроймен атқара бересіздер деп сенемін. Сіздердің еңбектеріңіз ең жоғары құрметке лайық.

Мен бүгінгі Тамыз конференциясына орай бір топ ұстазды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым. Бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. Баршаңызға құтты болсын! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр шәкірттеріңіз көбейе берсін! Жаңа оқу жылы табысты болсын!», – деді Президент.

Ол жиын барысында білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазға мемлекеттік наградаларды табыстады.

Конференцияда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Қызылорда облысындағы №290 келешек мектебінің директоры Мөлдір Смаханова, Астана қаласындағы Urban School директоры Александр Лукашевич, Ақтөбе политехникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Дархан Шаңбаев сөз сөйледі.

Ал, панельдік сессияларда еліміздегі Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі алғашқы басқарманың Ақтөбе облысында құрылғаны туралы хабарланды. Еске салайық, басқармаларды құру – қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысын күшейтуге бағытталған реформаның бір бөлігі. Жаңа басқармалар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда негізгі буынға айналады. Олардың міндеті – өтініштерге жедел әрекет ету, отбасыларға көмек көрсету және өңірдегі бала әл-ауқатына жауапты барлық қызметтердің жұмысын үйлестіру.

Жергілікті атқарушы органдардың базалық құрылымына Балалардың құқықтарын қорғау басқармасын құруды көздейтін өзгерістер енгізілді. Басқармаға облыстық және республикалық маңызы бар қалалар мен аудандардағы балалардың құқықтарын қорғау бөлімдері, сондай-ақ елордадағы тиісті бөлімдер бағынады.

«Біз әр баланың сенімді қорғалуын қамтамасыз ететін жүйе құрып жатырмыз. Бұл мәселелерді жедел шешуге және балаларға жергілікті деңгейде көмек көрсетуге мүмкіндік береді», – деді ҚР Оқу- ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Аталған бөлімшелердің тиімді жұмыс істеуі үшін Оқу-ағарту министрлігі заңнамалық деңгейде норма бекітті – қорғаншылық және қамқоршылық органының бір маманы 5 мың балаға қызмет көрсетеді. Соның нәтижесінде биылғы жылдың басынан бері жергілікті деңгейдегі қызметкерлер саны 303-тен 896-ға өсті. Олар үшін оқыту курстары ұйымдастырылып, бірыңғай жұмыс стандарттары енгізілуде. Жоба ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп жүзеге асырылуда және еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен енгізілетін болады.

«Әдістемелік орталықтар: дамудың жаңа парадигмасы» секциясына облыстық және қалалық әдістемелік орталықтардың басшылары, аудандық кабинеттердің меңгерушілері, білім басқармаларының мамандары, тірек және шағын жинақты мектеп директорлары, педагогтер мен сарапшылар қатысты.

Секция жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы қатысып, әдістемелік орталықтардың білім беру жүйесіндегі маңыздылығына тоқталды. Ол бұл орталықтардың педагогтерге сапалы әдістемелік қолдау көрсетіп, мектептердегі білім сапасын арттыруға тікелей әсер ететінін атап өтті. Министр, сондай-ақ, орталықтардың кадрлық әлеуетін күшейту, мүмкіндіктерін дамыту және әдістемелік қызметке білікті мамандарды тарту қажеттігін ерекше баса айтты.

Сондай-ақ секция барысында қатысушылар әдістемелік қызметті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін, мұғалімдерді қолдаудың және олардың кәсіби өсуін қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін талқылады. Әдістемелік орталықтардың білім сапасын арттырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Күн тәртібінде орта білім беруді дамытудың стратегиялық басымдықтары, әдістемелік орталықтардың білім беру экожүйесіндегі орны, басқарушылық шешімдер қабылдауда PISA зерттеулері деректерін пайдалану тәжірибесі, өңірлік жетістіктер, сондай-ақ EdTech пен жасанды интеллект құралдарын енгізу мәселелері қамтылды. «Ұлттық сарапшы» жобасы қатысушыларға жеке бағыт ретінде таныстырылды.

Бағдарламаның екінші бөлігі кейс-сессиялар форматында өтті. Онда өңірлік көшбасшылық пен стратегиялық басқару, табысты білім беру ортасын қалыптастырудағы мектеп басшылығының рөлі, әдістемелік орталықтың аймақ дамуының драйвері ретіндегі маңызы және педагогтерді қолдау экожүйесін қалыптастыру тақырыптары талқыланды.

Бүгінде Қазақстанда 20 облыстық және қалалық әдістемелік орталық пен 205 аудандық кабинет жұмыс істейді. Онда 3 мыңнан астам әдіскер қызмет атқарады. 2019 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы олармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Әдіскерлер мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге, әдістемелік ұсынымдар дайындауға, инновациялық жобаларды енгізуге және білім беру саласындағы өзгерістерді мектептерде тиімді жүзеге асыруға белсенді атсалысуда.

«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» панельдік секциясына өңірлік білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың өкілдері, арнайы білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қатысушылар арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы негізгі мәселелерді, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, мектеп оқушыларын кәсіби бағдарлау, инклюзивті ортаны дамыту, көмекші технологияларды қолдану, инклюзивті шешімдер экожүйесін, әлеуметтік қолдау мен оңалту қызметтерін талқылады. Арнайы мектептерді жабдықтау және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселелері жеке қарастырылды.

Панельдік секция барысында Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Лаура Бутабаева Қазақстандағы инклюзивті білім берудің маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындады.

«Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің бір тетігі – арнайы білім беру ұйымдары желісін кеңейту. Барлық балаларға тең мүмкіндік жасау мақсатында білім беру ұйымдарында арнайы жағдайлар жасалып, тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда мектептердің 91%-ында инклюзивті білім беру жағдайлары қамтамасыз етілген», – деп атап өтті Лаура Бутабаева.

Ұлттық орталық ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жетекші ұйым болып табылады. Түрлі бұзылыстар санаттары мен білім беру деңгейлерін ескере отырып, орталық 83 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен дайындады, инклюзивті ортада оқыту, түзету жұмыстары және жеке тәсілдер бойынша 15 әдістемелік ұсыным әзірледі. Сондай-ақ жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес бейімделген 67 типтік оқу бағдарламасы жасалды.

Секция аясында «E-ымдау» мобильді қосымшасының таныстырылымы мен әдістемелік көрме өтті, инклюзивті және арнайы білім беру туралы бейнеролик көрсетілді. Іс-шара барлық балаларға арналған білім беру сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған тәжірибе алмасу және ұсыныстармен қорытындыланды.

Биылғы тамыз кеңесінде білім беру саласы қызметкерлерін дәстүрлі марапаттаумен қатар алғаш рет жұмысшы мамандықтардың өкілдеріне де құрмет көрсетілді.

Бұл жаңашылдық Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында жүзеге асырылып, тек педагог еңбегінің ғана емес, сондай-ақ білім беру мен балалардың игілігіне үлес қосатын барлық мамандардың маңызын айқындауды мақсат етті.

Кеңестің екінші бөлімінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үздік білім беру қызметкерлеріне, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне және білім саласымен өзара байланыстағы ұйымдардың қызметкерлеріне марапаттар табыстады. Марапат иелерінің қатарында мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлері, сондай-ақ полицейлер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар және басқа да мамандар бар.

«Білім беру саласы – біз барлық балаларымызды тәрбиелейтін орта. Әркім еліміздің болашағын тәрбиелі, кәсіби құзыретті етуге өз үлесін қосуы тиіс. Бұл – тек педагог қауымның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті», – деп атап өтті өз сөзінде министр Ғани Бейсембаев. Сонымен бірге айрықша табысқа жеткен және басқаруда жоғары шеберлік көрсеткен білім беру ұйымдарының басшылары ведомстволық марапаттарға ие болды.

Сондай-ақ республикалық тамыз конференциясында білім саласындағы жаңалықтар таныстырылып, заманауи цифрлық, техникалық және педагогикалық шешімдерге арналған ауқымды көрме өтті. Іс-шараға 20-дан астам цифрлық шешімдер, білім беру платформалары және техникалық инновациялар әзірлеуші компаниялар қатысты. Көрме бес тақырыптық аймаққа бөлінді.

«Келешек мектептері» – ұлттық жоба аясында «Әр мектеп – үздік мектеп» қағидаты бойынша салынған жаңа мектеп инфрақұрылымының үлгісі ұсынылды. Қонақтар мектеп макетімен және оны басқару жүйесімен танысты.

«Абай ұлттық мектебі» – Мемлекет басшысының бастамасымен Алматы қаласында салынып жатқан бірегей мектептің макеті мен білім беру бағдарламасы көрсетілді. Мұнда оқыту Абай философиясына негізделіп, классикалық құндылықтар заманауи әдістермен ұштастырылған.

«Дарынды балалар – ел мақтанышы» – халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары – талантты оқушылардың жетістіктер аймағы. Олар биология, физика, химия және география салаларындағы өздерінің ғылыми және технологиялық жобаларын таныстырды.

Техникалық және кәсіптік білім берудегі үздік тәжірибелер – студенттік стартаптар, мехатроника саласындағы шешімдер, құрылысқа арналған VR-технологиялар, «ақылды үйлер» прототиптері және робототехника үлгілері.

Білім берудегі цифрлық шешімдер – мұғалімдерге, мектептер мен колледждерге арналған инновациялық платформалар мен жасанды интеллект өнімдері ұсынылды. Олардың қатарында бұлтты сервистер, сабақ кестесін автоматты жоспарлау жүйелері, білім беру экожүйелері, функционалдық сауаттылыққа арналған тренажерлар және педагогтердің кәсіби дамуына бейімделетін платформалар бар.

Ерекше қызығушылық тудырған аймақ – жасанды интеллект қолданылған шешімдер болды. Мұнда мұғалімдерге арналған смарт-көмекшілерден бастап, әрбір оқушыға бейімделіп, оқу процесін өзгерте алатын интерактивті симуляторларға дейінгі жобалар ұсынылды.

 Дайындаған:
Орынгүл МАХМУД

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий