Функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллект тоғысқан алаң
Елордада білім беру кеңістігінің даму бағыттарын айқындаған іргелі оқиға – бейіндік ведомствоның қолдауымен, «Оқытудағы жаңа мүмкіндіктер: функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллект интеграциясы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі және Астана қаласының әдістемелік орталығы бірлесе өткізген бұл маңызды іс-шара білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформация мен мазмұндық жаңғыру тақырыптарын терең талқылаған беделді алаңға айналғаны анық.
Өткен аптадағы осы кезекті ғылыми диалогқа ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы АҚ, Назарбаев Университетінің оқытушылары, «Ustem Foundation» ЖШС қызметкерлері, АҚШ, Эстония, Индонезия, Түркия, Қырғызстан елдерінің білім беру саласының сарапшылары мен педагогтері, сондай-ақ отандық педагогика жүйесінің кәсіби мамандары мен аймақтардағы білім беру ұйымдарының ұстаздары арнайы шақырылған еді.
Бірегей басқосуды ұтымды ұйымдастырған салалық құрылымдардың ресми мәліметіне жүгінсек, бұл конференцияға барлығы 850 педагог мақала жолдаса, оның бес жүзі спикер ретінде іс-шараға белсенді қатысулары арқылы шынайы интеллектуалдық диалог форматындағы әлеуетті әріптестерімен түрлі тақырыптағы талдаулар барысында тағылымды тәжірибелерімен бөліскенін білдік. Әлемнің әр түкпірінен келген қатысушылар өз елдеріндегі салалық тәжірибелерді салыстыра талқылап, қазақстандық педагогика жүйесінің жаһандық білім беру кеңістігімен ықпалдасуының нақты көрінісін көрсетті.
Іс-шараның пленарлық және секциялық бөлімдері білім беру саласындағы заманауи үрдістерді әр қырынан және жан-жақты ашуға барынша басымдық берген болатын. Конференцияға жиналғандар Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL оқушыларының ғылым мен білімнің тоғысқан көрмесін тамашалады. Бұл бағдарлама дрон шоуымен басталып, AI роботтары келген қонақтарды құрметпен қарсы алғанын көрдік. Бір жүз қырық жеті педагогтің авторлық жұмыстары мен 50 шақты ғылыми және STEM жобалары таныстырылды. Сонымен қатар оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша макеттері көпшілік назарына ұсынылғанын да айрықша атап айтқан абзал.
Конференцияның шымылдығын ҚР Оқу-ағарту министрлігіндегі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Қарамбаев Жомарт Петрович, Астана қаласы Есіл ауданының
әкімі Қыдырбек-ұлы Дәрменияр Алғатбекұлы сөз сөйледі. «Білім болашағы» Қоғамдық қорының атқарушы директоры Қадырова Шолпан Маратқызы алғы сөз сөйледі. Гүлнар Елеусізқызы Борамбаева Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің директоры ретінде конференция қатысушыларына алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Пельгулинна гимназиясы директорының орынбасары, Таллин университетінің Білім беру көшбасшылығы академиясының мектепті дамыту жөніндегі кеңесшісі (Эстония) Тийна Тиит «Мұғалімдерді оқыту оқушылардың жақсы нәтижелеріне кепілдік береді. Эстония мектебінің тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Назарбаев Университетінің вице-президенті және осы жоғары оқу орнындағы жоғары білім беру мектебінің ассистент профессоры, білім беру саласының философия докторы Қанай Гүлмира Әмірханқызы «ЖИ дәуірінде өз тәжірибесін зерттеу арқылы әлемді өзгертетін ұстаз» туралы пайымын ортаға салды.
Шу облысындағы Усеин Адиков атындағы мектептің директоры (Қырғызстан) Кайдулатова Миргүл Бейшенбекқызы «Тұрақты даму үшін сапалы білімге қадамдар. Қырғыз Республикасындағы білім беру реформалары» бойынша сараптамасын ұсынды. АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетіндегі білім берудегі технологиялар орталығының даму және стратегия жөніндегі аға кеңесшісі Сакил Малик «Оқу нәтижелерін жақсарту үшін жасанды интеллектіні енгізуде іс-әрекеттік зерттеу циклін қолдану» туралы көзқарасын; Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Қамбатырова Асел Сағадатқызы «Білім алушылардың цифрлық дайындық деңгейі және функционалдық сауаттылықты бағалаудың жаңа тәсілдері: PISA деректері» жөніндегі зерттеуін жариялады.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ физикалық және экономикалық география кафедрасының оқытушысы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Қаратабанов Руслан Адилханович «ЖИ дидактикасы» жөнінде, Binom Education, PhD, даму директоры Сұлтан Жайық Исаұлы «Өмірмен байланысты тапсырмалар: ЖИ арқылы функционалдық сауаттылықты қалай арттырамыз?» сауалдарына жауап берді. Бравиджая университетіндегі (Индонезия) білім беру менеджменті бағдарламасының ассистент-профессоры Аулия Лукман Азиз «Жасанды интеллектке негізделген Z ұрпағына арналған оқыту пассивті сабақтарды интерактивті оқу кеңістіктеріне айналдыру» жайын сарапқа салды.
Түркия мемлекетінен арнайы келген философия докторы, PhD Мирай Доған «Жоғары білім берудегі жасанды интеллект: тәуекелдер мен мүмкіндіктер» туралы; BI Education-дағы «Smart Campus» жобасының жетекшісі Бримжанова Карлыгаш Жалеловна «Жасанды интеллект – оқу үдерісінің айнасы: Қазақстандағы білім сапасын өлшеудің жаңа дəуірі» бойынша; Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің директоры Берікұлы Аралбек «ЖИ дәуіріндегі педагогикалық дизайн: психометриялық топтастыру арқылы математикалық және функционалдық сауаттылықты арттыру» бағытындағы ізденістерімен бөлісті.
Осы пленарлық бөлімде жасанды интеллект әлемінде білім беру саласын дамыту мен функционалдық сауаттылықтың басқа да маңызды мәселелері кеңінен талқылаға салынған болатын. Конференция аясында бес бағыт бойынша секциялық отырыстар өтті. Бірінші және екінші секциялар функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың теориялық негіздері мен практикалық тетіктеріне арналса, қатысушылар өмірмен байланысты тапсырмалар, кейс-әдістер мен бағалау жүйесінің тиімді модельдері бойынша нақты тәжірибелерін ұсынды.
Үшінші секция педагогтің кәсіби дамуына және жасанды интеллект мәселесіне арналды. Мұнда мұғалімнің цифрлық құзыреттілігі, AI құралдарын сабақ жоспарлау мен бағалауда қолдану жолдары талқыланды. Төртінші секция ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар үшін адаптивті цифрлық орта қалыптастыру мәселесіне арналса, бесінші секция орта және техникалық білім беру жүйесіндегі заманауи тәсілдерге арналды. Конференцияға жолданған мақалалар жинақ болып шықты. Шара барысында ұсынылған ғылыми баяндамалар мен практикалық кейстер педагогикалық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды.
Әсіресе жас зерттеушілердің инновациялық жобалары мен цифрлық шешімдері көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл халықаралық конференция – функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллект интеграциясын тек ғылыми тұрғыда негіздеп қана қоймай, оны нақты тәжірибеге енгізудің тиімді жолдарын айқындаған алаң болды. Және бұл бірегей басқосу функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллект интеграциясын теориялық тұрғыдан негіздеумен бірге оны білім беру үдерісіне тиімді пайдаланудың нақты тетіктерін айқындады.
Демек осынау конференцияны – білім мазмұнын жаңартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағалауға толық негіз бар. Бүгінгі таңда білім мен технологияның өзара ықпалдастығы – уақыт сұранысы. Ал осы үдерісті ғылыми тұрғыда ұйымдастыру мен тәжірибеге енгізу – өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттырудың басты шарты. Астана қаласында ұйымдастырылған бұл ауқымды жиын білім беру жүйесінің сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге қадам басқанын айғақтағаны анық.
Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,
Астана қаласы



