Шәкәрім университеті: Уақытпен үндескен университет

Қай кезеңде де жоғары білім беру жүйесі мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі. Тарих беттеріне үңілсек, өркениетті елдердің барлығы да білім мен ғылымға арқа сүйеп, болашағын айқындаған. Қазіргі уақытта да жоғары білім беру саласы тек кадр даярлаумен шектелмей, ұлттық дамудың, экономикалық өсімнің және интеллектуалдық әлеуеттің негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Уақыт озған сайын адамзат өркениеті жаңа талаптар мен тың міндеттер жүктейді. Сондықтан да көптеген елдер жоғары білімге айрықша мән беріп, оны инвестицияның ең маңызды бағыты ретінде қарастырады. Себебі білімге салынған инвестиция – елдің ертеңіне басқан сенімді қадам.

Шәкәрім университеті де заман талабына сай жаңғырып, өзінің білім беру кеңістігін жаңа мазмұнмен байытып келеді. Университет Шәкәрім атында болғанымен, ол тек рухани-гуманитарлық саланы ғана емес, ғылым саласының сан түрлі бағыттарын қамтуға ден қойып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай цифрландыру және жасанды интеллект бағыты бойынша кең аяда кешенді жоспар құрып, оны жүзеге асыруға кірісіп кеткенін атап өткен жөн.
Тарихтан тамыр тартқан тағылым. Ғасырлар керуеніне ілескен Шәкәрім университетінің тарихы 1934 құрылған Семей педагогикалық институтынан бастау алады. Қилы-қилы тарихи дәуірлерді, тәуелсіздік кезеңінің барлық өзгерістерін басынан өткерген тамыры терең оқу ордасы. Педагогикалық, зоотехникалық-малдәрігерлік, қаржы-экономикалық және технологиялық институттар базасында құрылған оқу орны 1993 жылдан бері қазақтың ұлы ойшылы Шәкәрім есімімен аталады.

Соңғы жылдары Думан Рымғалиұлы Орынбековтің басшылығымен терең трансформациядан өткен Шәкәрім университеті бүгінде бес жоғары мектеп пен 3 зерттеу мектебі аясында жетпіс екі бакалавриат, 60 магистратура және он PhD докторантура білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Шәкәрім университеті мен Шәкәрім жоғары колледжінде жеті мыңға жуық жас білім алып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен осыдан үш жыл бұрын ашылған Shakarim High School мектебінде 137 оқушы білім нәрімен сусындауда.
Университетте жеті жүз алпыс оқытушы және қызметкер болса, оның ішінде 78 ғылым докторы мен профессор, бір жүз отыз бес ғылым кандидаты мен доцент, 161 магистрден тұратын сұранысқа ие жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құрам жұмыс істейді. Университеттің жетпіс ғалымы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері. Қазіргі уақытта жас ғалымдардың үлесі ғылыми қызметкерлердің жалпы санының елу бір пайызды құрайды.

Жас ғалымдардың әлеуеті – ел болашағының кепілі. Өткен жылы еліміздегі бәсекесі жоғары байқаулардың бірі – «Жылдың үздік жоғары оқу орны оқытушысы» байқауында университеттің екі бірдей ғалымының үздіктердің қатарынан көрінуі – біз үшін зор мақтаныш. Бұл байқауда техника ғылымдарының кандидаты, Биоинженерлік жүйелер кафедрасының меңгерушісі Қайрат Бекбаев пен Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар кафедрасының PhD докторы, қауымдастырылған профессор Ербол Оспанов университет намысын абыроймен қорғады.
Қ.Бекбаев ғылым мен білім саласында бұдан басқа да бірқатар маңызды белестерді бағындырып, халықаралық ғылыми жобаны жеңіп алды (бұл – университетіміз бойынша жалғыз халықаралық жоба), қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ие болды және Қазақстан Республикасының мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері атанды. Сондай-ақ, дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия иегері атанған ғалымдарымыз да бар.

Олар: Берік Идырышев, Әділет Сүгірбай және Елдос Тоқтарбай. Сонымен қатар, Әділет Сүгірбайдың Ұлттық ғылым академиясының «Қазақ ғылымының үміті» арнайы марапатымен марапатталуы – оның жоғары көрсеткіштері мен ауыл шаруашылығын автоматтандыру саласына қосқан елеулі үлесі үшін берілген жоғары баға деп білеміз.
Халықаралық кеңістікке нық қадам. Шәкәрім университеті АҚШ, Германия, Нидерланды, Ұлыбритания, Жапония, Түркия және басқа да әлемнің отыз жеті елінің алпыстан астам университетімен тығыз әріптестік орнатқан. Халықаралық ғылыми конференциялар мен академиялық ұтқырлық бағдарламалары университеттің жаһандық білім кеңістігіне кірігуіне мүмкіндік беріп отыр. Елімізге инвестиция тарту – Президент Жолдауында қойылған басты міндеттердің бірі екені белгілі.

Бұл ретте университет нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Әсіресе, Қытай университеттерімен бірлескен жобалар – білім ордасының ғылыми-инновациялық әлеуетін жаңа деңгейге көтерген маңызды қадам. Былтырғы маусым айында университет Қытайдың Сиань Цзяотун университетімен инвестициялық келісімге қол қойған болатын. Келісім бойынша Абай облысындағы өңірлік жоғары оқу орны – Шәкәрім университеті базасында «Электрлік автоматтандыру жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасы» құрылады.
Осылайша біздің университет өңірлік оқу орындарының ішінде алғашқы болып халықаралық білім мен ғылым трансфері бойынша нақты жобаларды іске асыруда. Бұл келісім – тек қаржылық инвестиция емес, сонымен қатар, технологиялар, тәжірибе, кадрлар даярлау мен ғылыми зерттеулер саласындағы әріптестіктің көрінісі. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Сиань Цзяотун университеті жанынан ашылған, қазақ ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін иеленген «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығы – Шәкәрім мұрасына арналған шетелдегі тұңғыш институционалды орталық екеніне ешкімнің дау айта алмасы анық.

Өйткені бұл бастама ұлт руханиятының шекарадан асып, жаһандық кеңістікке нық қадам басқанын айқын дәлелдейтін тағылымды белес. Сонымен қатар, университеттің HSK тестілеу орталығы мәртебесіне ие болуы халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастықты күшейтіп, білім алушылардың қытай тілін меңгеру деңгейін ресми түрде бағалауға кең мүмкіндік береді. Шәкәрім университетінің AIUTA халықаралық қауымдастығына мүшелігі – білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды әрі стратегиялық қадамдардың бірі.
Бұл серіктестік аясында университет аға буын өкілдеріне арналған білім беру, шығармашылық және әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, өмір бойы білім алу мәдениетін ілгерілетуде. Бұл бастамалар оқу орнының жаһандық білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар, қоғамның зияткерлік әлеуетін дамытуға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және өңірлік әрі ұлттық дамуға елеулі үлес қосып отырғанын айқын көрсетеді.

Әлемдік рейтингтердегі орны. 2025 жыл университет тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Оқу орны алғаш рет QS World University Rankings 2026 жаһандық рейтингіне енді. Әлемнің жүзден астам елінен сегіз жарым мыңдай университет қатысқан аламанда Қазақстаннан рейтингке енген жиырма университет қатарында еліміздің атынан алғаш рет қатысқан үш жаңа ЖОО-ның бірі ретінде танылып, әлемнің ең үздік университеттерінің жоғарғы он сегіз пайыз қатарына кірді.
Осылайша университет беделді халықаралық рейтингте 1401+ позицияны иеленді! Бұл – университетіміздің әлемдік академиялық аренада мойындалуына жасалған маңызды қадам. Азия аймағындағы жетекші жоғары оқу орындарын айқындайтын QS World University Rankings: Asia 2026 рейтингінде Азияның ең үздік бес жүз университетінің қатарынан көрініп, 493-орынға ие болуы (өткен жылмен салыстырғанда 26 позицияға көтерілді) да үлкен жетістік.

Білімге қолайлы заманауи орта. Университеттің инфрақұрылымы да оның даму қарқынын айғақтайды: заманауи зертханалар, жүздеген мың кітап қоры бар кітапхана, цифрлық ресурстар, спорт кешендері мен медициналық орталық – мұның барлығы студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасайды. Әрдайым жаңашылдыққа баса назар аударып, жастардың алаңсыз білім алуына, денсаулығын шыңдап, салауатты өмір салтын ұстануына көңіл бөлетін оқу орнында инфрақұрылымды жаңғырту басты назарда. Биылдың өзінде пайдалануға берілген, көрнекті алаштанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай атындағы «Алаштану» дәрісханасы мәртебелі мақтанышымыз.
Инклюзивті білім беруді дамыту ресурстық орталығы, заманауи LED экранмен жабдықталған 150 орындық дәрісхана, халықаралық академиялық әріптестіктің жарқын көрінісі ретінде ашылған түрік тілі дәрісханасы ілгері дамудың айқын айғағы. Ұзақ жылдар бойы түрлі заман құбылысының әсерінен қолданыстан шығып қалған жүзу бассейні өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, жыл басында қайта іске қосылғаны университет студенттері үлкен сый болғаны даусыз.

Сонымен бірге, кешенді жөндеуден өткен №1 Спорт кешенінде заманауи құрылғылармен жабдықталған спорт және жаттығу залдары, фитнес орталығы жұмыс істеп тұр. Оқу ордасында бірнеше заманауи коворкинг орталығы бар.
Күлия РАЙЫС,
Шәкәрім университетінің баспасөз
хатшысы, Абай облысы, Семей қаласы
Загрузка...