«Толық адам» – XXI ғасырдағы ұлттық дамудың стратегиялық бағдары

Бүгінде Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бергі ең ауқымды әрі жауапты жаңғыру кезеңдерінің бірін бастан өткеріп отыр. Конституциялық реформа, саяси жүйенің жаңаруы, Конституциялық Соттың құрылуы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асуы, «Заң мен тәртіп» қағидатының орнығуы, азаматтық қоғам институттарының күшеюі – мұның бәрі көбіне саяси немесе құқықтық реформалар ретінде бағаланады.

Бұл жерде сөз тек мемлекеттік институттарды жаңарту туралы емес, адамның өзін өзгерту туралы.

Қаншалықты мінсіз заң қабылданса да, қаншалықты тиімді мемлекеттік жүйе құрылса да, жасанды интеллект, цифрлық қызметтер мен заманауи технологиялар енгізілсе де, егер адам жауапкершілікке, заңға құрмет көрсетуге, адал еңбекке, ашық диалог пен биік рухани мәдениетке негізделген жаңа өмір салтына дайын болмаса, бұл тетіктердің ешқайсысы толыққанды нәтиже бере алмайды.

Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасына жиі жүгінеді. Бұл – ұлы ойшылға тағзым ету де емес, қоғамды өткенге қайта оралту да емес. Бұл – мемлекеттің ұзақмерзімді даму стратегиясы.

Президент бірнеше мәрте Абайдың идеялары уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпайтынын, ал «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ұлы ақынның адамгершілік қағидаларының заңды жалғасы екенін атап өтті. Бұл пікірдің астарында терең философиялық әрі саяси мән жатыр.

Қазақстан бүгінде қоғамдық дамудың жаңа моделін қалыптастыру үстінде. Оның өзегінде мемлекет те, технология да, экономика да емес, ең алдымен адам тұр.

Осы себепті Абайдың «Толық адам» ілімі әдебиет пен философия шеңберінен асып, мемлекеттік күн тәртібіндегі маңызды ұғымдардың біріне айналып келеді.

Философиялық ілімнен мемлекеттік стратегияға

Ұзақ уақыт бойы Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы қазақ руханиятының ұлы философиялық мұрасы ретінде ғана қарастырылып келді. Алайда XXI ғасыр бұл ілімнің мәнін жаңа қырынан танытып отыр.

Адамзат жасанды интеллект, биотехнология, цифрлық экономика және жаһандық бәсекелестік дәуіріне қадам басты. Технологиялық серпіліспен қатар әлем сенім дағдарысын, моральдық таңдау қиындықтарын, ақпараттық манипуляцияларды, жауапкершілік тапшылығын және құндылықтардың әлсіреуін бастан кешуде.

Осындай жағдайда заңды сұрақ туындайды: технологиялық прогресс қоғамды өздігінен әділетті әрі ізгілікті ете ала ма?

Жауабы анық – жоқ.

Сондықтан «Толық адам» идеясы бүгін мүлде жаңа мазмұнға ие болып отыр. Ол енді тек философиялық ұғым емес. Бұл – білімді адамгершілікпен ұштастыра білетін, еркіндігін жауапкершілікпен тең ұстайтын, кәсіби біліктілігін елге қызмет етумен сабақтастыратын жаңа азаматтың моделі.

Мемлекет реформасынан адам реформасына

Соңғы жылдары еліміз ауқымды саяси өзгерістерді жүзеге асырды. Конституция жаңартылды, Конституциялық Сот қайта құрылды, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу тетіктері кеңейді, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүйелі түрде іске асырылып келеді.

Цифрлық сервистерді енгізуге болады. Жасанды интеллектіні өмірдің барлық саласына пайдалануға болады. Бірақ ешбір технология адамды жауапкершілікке тәрбиелей алмайды. Ешбір цифрлық платформа ар-ожданның орнын баса алмайды. Ешбір реформа адамның өзінен басталмаса, оның нәтижесі баянды болмайды.

Неге Абайға қайтып орала береміз?

Қазіргі әлем адамзат тарихындағы ең күрделі кезеңдердің біріне аяқ басты. Жасанды интеллект еңбек нарығын түбегейлі өзгертуде. Цифрлық кеңістік күн сайын миллиондаған адамның санасына ықпал етуде. Ақпараттық технологиялардың даму қарқыны олардың салдарын зерделеу мүмкіндігінен әлдеқайда озып кетті.

Осы тұста заңды бір қайшылық туындайды: адамзат бұрынғыдан әлдеқайда білімді, бірақ ол бұрынғыдан дана бола алды ма?

Міне, дәл осы тұста Абайдың «Толық адам» ілімі ерекше маңызға ие болады. Ол  XIX ғасырдағы философиялық мұра ғана емес, бұл – XXI ғасырдағы ең маңызды сауалға берілген жауап.

Жасанды интеллект дәуірінде адам қандай болуы керек?

Бұл сұрақтың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткендей.

«Толық адам» – тыңдай білетін адам.

«Толық адам» – жауапкершілікті өз мойнына ала білетін адам.

«Толық адам» – заңды құрметтейтін азамат.

«Толық адам» – өмір бойы білім алып, өзін үздіксіз жетілдіретін тұлға.

«Толық адам» – қоғамға қызмет етуді өзінің азаматтық парызы деп түсінетін адам.

Бүгінгі Қазақстанның ең басты капиталы – табиғи ресурс та, технология да емес. Ең үлкен құндылық – рухани кемел, білімді, жауапты әрі әділетті азамат.

«Толық адам» – ұлт сапасын жаңғыртудың өзегі

Осының барлығы Абайдың «Толық адам» ілімінің бүгінгі мазмұнын айқындай түседі.

Сондықтан «Толық адам» ұғымы енді тек философия ғылымының еншісіндегі мәселе емес. Ол – білім беру мен тәрбие жүйесінің, мемлекеттік басқарудың, ғылым мен инновацияның, білім экономикасының ортақ құндылығына айналған кешенді тұжырымдама.

Түптеп келгенде, сөз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру туралы болып отыр.

Осыған сәйкес жоғары оқу орындарының қоғамдағы миссиясы да жаңа мазмұнға ие болуда. Университет енді тек белгілі бір мамандықтың иесін даярлайтын білім ордасы болып қана қалмай, жаңа дәуірдің азаматын қалыптастыратын зияткерлік әрі рухани орталық болуы тиіс.

Бүгінгі заман кәсіби біліммен ғана шектелетін маманды емес, күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын, сыни ойлайтын әрі қандай жағдайда да адамгершілік ұстанымынан айнымайтын тұлғаны талап етеді.

«Толық адам»: мемлекеттік ұстанымнан университеттік тәжірибеге

Шәкәрім университеті  үшін бұл мәселе ғылыми пікірталас деңгейінен әлдеқашан нақты практикалық шешімдер деңгейіне көтерілген. Өйткені университет Абай дүниеге келген қасиетті өңірде орналасқан әрі оның рухани-философиялық мұрасын жалғастырып, жаңа биікке көтерген Шәкәрімнің есімін еншілеген. Сондықтан Абай мұрасы біз үшін тарихи құндылық қана емес, университеттің ұзақмерзімді даму стратегиясының ажырамас бөлігі болып саналады.

Бірінші бағыт – Абай идеяларын кәсіби даярлық үдерісіне кіріктіру. Осы орайда нақты тақырыптық бағыттар айқындалды: Абайдың экономикалық көзқарастары; «Қара сөздердегі» құқықтық сана; әділет идеясы; Абай және кәсіпкерлік; Абай және заманауи педагогика; болашақ маманның моральдық кодексі; Абай философиясы және заманауи менеджмент; журналистика, сөз мәдениеті және кәсіби этика; табиғат лирикасы және экология; еңбекке деген көзқарас пен ауыл шаруашылығындағы еңбек мәдениеті; «Толық адам» және цифрлық-технологиялық прогресс; Абай және зияткер ұлт.

Екінші бағыт – Абайдың нақты мәтіндері мен құқықтық идеяларын оқу үдерісінде қолдану. Соның бір мысалы ретінде «Қарамола ережесін» атауға болады. Университетте осы құжаттың бесінші бабында бекітілген бейтараптық қағидасы және оның қазіргі әкімшілік құқық нормаларына сәйкестігі қарастырылады. Студенттер тарихи құқықтық ой мен дау-дамайды әділ шешуге, мүдделер қақтығысына және лауазымды тұлғаның жауапкершілігіне қойылатын заманауи талаптар арасындағы сабақтастықты айқын көре алады.

Үшінші бағыт – түлек моделін қалыптастыру. Оның негізіне, Абайдың өзара байланысты үш қағидасы, «нұрлы ақыл», «ыстық қайрат» және «жылы жүрек» алынған. Білім беру тәжірибесінде бұл ұғымдар зияткерлік кемелдік, үздіксіз даму мен іс-қимылға қабілеттілік, адамгершілік жауапкершілік және адамды қадірлеу арқылы ашылады.

Бұл модель тұлғаның зияткерлік, рухани және эмоционалдық дамуымен, яғни IQ, SQ және EQ көрсеткіштерімен үндеседі. Университет үшін кәсіби білім, шешім қабылдау қабілеті мен адами қасиеттердің бір мезгілде қалыптасуы аса маңызды.

Төртінші бағыт – «Толық адам» тұжырымдамасын түлектердің болашақ қызметімен тікелей байланысты салаларда қолдану. Университет материалдарында білім беру, мемлекеттік басқару, бизнес және отбасы институты айрықша көрсетілген. Бүгінгі студент ертеңгі педагог, мемлекеттік қызметкер, кәсіпкер, инженер, журналист, басшы немесе аграрлық саланың білікті маманына айналады. Сондықтан да университеттегі білім беру үдерісі түлекті кәсіби құралдармен қаруландырып қана қоймай, өз шешімдерінің салдарына жауапкершілікпен қарауға баулиды.

Жұмыстың жеке бір бағыты Абай мұрасын заманауи форматта дәріптеуге арналған. Осы орайда халықаралық «Abai Akademiasy» энциклопедиялық порталы мен «Қара сөздердің» AR-нұсқасы әзірленіп, Абай шығармалары Еуропа және Шығыс халықтарының тілдеріне аударылуда. Сонымен қатар «Толық адам» тұжырымдамасы білім беру бағдарламаларына енгізіліп, гуманитарлық дипломатия, мәдени мұраны цифрландыру және Абай философиясының қазіргі білім жүйесіндегі орны бойынша зерттеулер жүйелі түрде дамытылуда.

«Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинақталған тәжірибені ғалымдар мен сарапшылардың талқысына салатын маңызды алаңға айналды. Конференция бағдарламасынан XXI ғасырдың білім беру жүйесіндегі «Толық адам» ілімі, Абай мұрасымен жұмыс істеудің цифрлық форматтары, халықаралық аудармалар, сондай-ақ құқықтық, лингвистикалық және пәнаралық зерттеулер орын алды.

Біз үшін бұл жұмыстың нәтижесі ең алдымен түлектің сапасынан көрініс табуы аса маңызды. Оның терең білімі, кәсіби біліктілігі, жауапты шешім қабылдай алуы және өз еңбегінің қоғам мен мемлекетке ықпалын терең түсінуі – біздің басты мақсатымыз.

Қуатты мемлекеттің негізі – сапалы адам

Бүгінгі таңда ең маңызды мәселе Абай мұрасын қаншалықты терең зерттегенімізде емес, ең бастысы – ұлы ойшылдың адамгершілік қағидаларын қоғамдық өмірдің өзегіне айналдыра алдық па деген сауалға жауап беру.

Біз Абай армандаған әділетті, жауапты, заңға құрметпен қарайтын мемлекет қалыптастыра алдық па? Оның құндылықтарына сүйенетін университет жүйесін орнықтыра алдық па? Адал еңбек пен ар-ожданды өмірлік ұстанымына айналдырған қоғам құра алдық па?

Өйткені мемлекеттің қуаты оның заңдарының көптігімен де, технологиясының озықтығымен де өлшенбейді. Оның шынайы сапасын айқындайтын – адамның сапасы. Ал адамның сапасы біліммен ғана емес, ар-ожданымен, жауапкершілігімен, әділетке адалдығымен және елге қызмет етуге деген ниетімен өлшенеді.

Сондықтан Абайдың «Толық адам» ілімін өткеннің рухани мұрасы деп қана қоймай, Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтын өміршең құндылықтар жүйесі деп қарастыруымыз керек. Мемлекетті жаңғыртудың ең сенімді жолы – адамды өзгерту. Ұлттың қуаты – адамның сапасында. Ал адамды кемелдікке бастайтын ең берік темірқазықтың бірі – Абай мұрасы.

ХХІ ғасыр – білім экономикасының, жасанды интеллектінің және жаһандық бәсекенің ғасыры. Әрине, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі технологиялардың, ғылымның, инновациялардың және мемлекеттік институттардың даму деңгейімен өлшенеді. Алайда осының бәрін өмірге әкелетін де, олардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін де – адам. Сондықтан кез келген мемлекеттің қуаты, ең алдымен, оның азаматтарының зияткерлік әлеуетіне, кәсіби құзыретіне және адамгершілік деңгейіне тәуелді.

Сондықтан бүгінгі күні «Толық адам» тұжырымдамасы Абайдың философиялық мұрасының аясынан әлдеқашан асып, мемлекеттік саясаттың, адами капиталды дамытудың, білім мен тәрбие жүйесінің басты құндылық бағдарына айналып отыр. Бұл, түптеп келгенде, Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру мәселесі.

Сондықтан да бүгін «Толық адам» тұжырымдамасы тек философиялық ілім емес, XXI ғасырдағы Қазақстанның ұлттық даму стратегиясына айналып отыр.

Думан ОРЫНБЕКОВ,
Shakarim University ректоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий