Шәкәрім университеті: Республикалық экология акциясы аясындағы рафтинг

Қазақстандағы мұхитқа құятын бірегей өзен – Ертіс. Ол – табиғи байлық қана емес, еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен келешегінің маңызды кепілі. Сондықтан Ертісті қорғау, оның тазалығы мен табиғи тепе-теңдігін сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Осы игі мақсатты жүзеге асыру үшін Шәкәрім университеті ғалымдарының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза Ертіс» рафтингі ұйымдастырылды. Бұл бастама қоғамның экологиялық мәдениетін арттырып, жұртшылықты табиғатты қорғауға нақты істер арқылы үлес қосуға үндейді, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Біз Ертістің ағынымен жүзіп отырып, бірнеше аралдарға, жағалаудағы елді мекендерге тоқтап, үгіт-насихат жүргізіп, флора-фаунаның жағдайына назар аудардық. Орнитологиялық зерттеулер жүргіздік. Ең алдымен, рафтинг – ғажап демалыс түрі. Ерке Ертістің толқынды ағысы мен құстардың үні тербетіп, қайықпен саяхаттау ерекше ғажап күйге бөлейді.

Жағадан Ертіске қарау бір әсер берсе, Ертістен жағаға қарау мүлдем ерекше құбылыс. Ертіс – субстанция, түп негіз, ал аты айтып тұрғандай, жаға – осы түпнегізге қосымша. Ертіспен біртұтас болғанда ғана оның құдыретін сезесің. Біз бірнеше аралдарға тоқтап, орнитологиялық санақ жүргіздік. Осы жолғы сапарымыз сәтті. Өсіп жетілген тырна балапандарының тобын кезіктірдік. Олар топтасып ұшу алдындағы қауырт дайындық үстінде екен.

Қанаттарын қағып, тыраулап шуылдасып жатыр. Басқа да көп мәлімет жинадық. Екі күн аса мазмұнды болды. Оның нәтижесі «Шәкәрім» журналында толық жарияланатын болады. «Таза Ертіс» рафтингіне: Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (АСБК) Семей филиалының директоры Виктор Хромов, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының мүшесі, географ-орнитолог Тұрдықұл Шаңбай, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы мүшесі, қоғам қайраткері, химик-биолог Игорь Панин қатысты.

«Таза Ертіс» — бұл жай ғана өзен бойымен жасалған саяхат емес, туған өлкеміздің табиғатын сақтауға қоғам назарын аударуға бағытталған маңызды экологиялық бастама. Ертіс өзенінің тазалығын сақтау және оның биоалуантүрлілігін қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өзенге деген жанашырлығымызды сөзбен ғана емес, нақты істермен де көрсете отырып, біз оның табиғи байлығы мен қайталанбас сұлулығын келер ұрпаққа аман сақтап қала аламыз.

Редакциядан: Негізі, raft ағылшын тілінен аудар­ған­да «плот» деген сөзді білдіреді. Ал «раф­тинг» деген сөз екі мағынаны білді­реді. Біріншісі  су ағысы мен спорт­тық немесе туристік үйлесімді сомдаса, екіншісі  геологияға қатысты тау жынысы бөлшек­терінің мұз көшкінімен та­сы­мал­дануын білдіреді. Ал рафтинг деген спорт түрінде спортшылар үрілген қайықпен ағы­сы күшті, иірімдері көп, тау етегіндегі өзен суымен жүзіп өтуге тырысады.

Тас­қы­ны күшті тау өзендеріндегі осындай қайық­тарға 4-20 адам отырады. Спорт­тық жарыстарда, негізінен, бір командада (бір қайықта) 6-8 адам болады. Рафтинг – біздің еліміз бойынша таңсық спорт емес. Бізде де әуесқойлар баршылық. Осыдан жиырма бір жыл бұрын республикалық деңгейдегі раф­тинг федерациясы құрылды. Содан бері отандық спортшылар халық­ара­лық деңгейдегі ірі жарыстарға қа­ты­сып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий