Шәкәрім университеті: Археологиялық мектеп теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибе сыйлады
– Биылғы Besterek халықаралық археологиялық мектебіне қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Алғашқы күндері біз заманауи археологиялық технологиялармен таныстық. GIS және QGIS бағдарламаларымен жұмыс істеуді, дрон мен LiDAR құрылғыларын қолдануды үйрендік. Бұл технологиялардың археологиялық зерттеулерде қаншалықты маңызды екенін өз көзімізбен көрдік. Кейін антропология сабағында адам сүйектерін ажыратуды, олардың анатомиялық ерекшеліктерін анықтауды, жасымен жынысын анықтау әдістерін меңгердік, – дейді Шәкәрім университетіндегі тарих кафедрасының 4 курс студенті Айжан Аманжолқызы.
Ал зооархеология бөлімінде жануар сүйектерінің атауларын, оларды бір-бірінен ажыратуды, жасын анықтауды үйрендік. Сонымен қатар тістерді кесіп, зертханалық талдау жасау үдерісіне қатысып, микроскоп арқылы зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл мектептің ең ерекше тұстарының бірі – халықаралық орта болды. Біз Корея, Италия, Германия және Түркиядан келген қатысушылармен бірге білім алып, тәжірибе алмастық. Әртүрлі мәдениет өкілдерімен танысып, жаңа достар тауып, археологияға деген ортақ қызығушылығымыз бізді жақындастырды.
Besterek археологиялық мектебі бізге тек теориялық білім ғана емес, нағыз практикалық тәжірибе де сыйлады. Осындай халықаралық ғылыми мектептердің ұйымдастырылуы – жас зерттеушілер үшін үлкен мүмкіндік. Мен бұл жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын және ұйымдастырушыларға осындай пайдалы әрі шабыттандыратын тәжірибе үшін шынайы алғысымды білдіремін!, – деп түйіндеді сөзінің соңын осы жоғары оқу орнының студенті.
Бағдарлама аясында далалық лагердегі оқу сабақтарымен қатар Шығыс өңірдің маңызды археологиялық ескерткіштеріне ғылыми танымдық экспедициялық сапарлар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Ақбауыр бірегей кешеніндегі ерекшеліктер, Қалба жотасындағы ежелгі қалайы кеніштері сияқты тарихи маңызы айрықша нысандарға жан-жақты талдау жүргізілді. Археологиялық жазғы мектеп жұмысы алдағы жылдарда да жүйелі жалғаса беретін болады.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...