Тың бастамалардың туын желбіреткен Жоғары оқу орнындағы ғылыми кеңістіктің маңызы айрықша

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ әлем елдерімен тереземіз тең тұруы үшін алдымен отандық ғылымды дамытуға баса назар аудару керектігін үнемі айтып келеді. Өркениет көшінен қалмау өз алдына, көшті бастайтын ел болуымыз керектігін нақты атап көрсетуінің өзіндік терең мәні бар. Президент сөзімен айтқанда, «Ғылым тек теория емес, елдің дамуына, экономикасына тікелей әсер ететін, инновацияны дамытатын күш».

 

Осынау маңызы айрықша ортақ мақсатқа сүбелі үлес қосуды басты бағыт еткен Шәкәрім университетінде түрлі ғылыми зертханалар ашылып, жас ғалымдардың ғылыми ізденісіне жете мән беріліп отыр. Алдымен айтар жайт, бұл оқу ордасы тек рухани-гуманитарлық бағыттарды ұстанумен шектелмейді. Шәкәрім университеті – ғылымның сан түрлі саласы өзендер сарқырап келіп, ортақ арнасын табатын алып дария іспетті десек, артық айтқандық емес.

Шәкәрім университеті бірқатар инновациялық бағдарламаларға басымдық береді. Олардың қатарында агроөнеркәсіптік кешен мәселелерін зерттеу, радиоэкология және орманды қалпына келтіру, материалтану мен полимерлік материалдар саласындағы әзірлемелер және басқа да бағыттардың жұмысы жүйелі жүргізілуде. Бұл бағдарламалар өңірлік мәселелерді шешуге бағытталған және өнеркәсіптік серіктестермен тығыз ынтымақтастықты қамтитындығын атап өткен жөн.

Соның нәтижесінде университет аймақтың өзекті әлеуметтік, экономикалық және технологиялық міндеттерін шешуге белсене қатысып, өңірдің дамуына атсалысуды көздейді. Соңғы жылдары университетте 20-дан астам ғылыми жоба жүзеге асырылса, оның біреуі коммерцияландыру кезеңіне жетті. Университетте технология трансфертімен айналысатын Innovation Hub кең аяда жұмыс істейді.

Цифрлық өндірісті меңгеруге арналған зертхана

Президент бастамасымен биыл «Цифрландыру жылы» болып жарияланғандықтан, Шәкәрім университетінде заман талабына сай зертханалар ашу нақты мақсатқа айналып отыр. Соның бірі – жақында тұсауы кесілген Цифрлық технологиялар және құрылыс жоғары мектебінің Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар кафедрасындағы Цифрлық инженерия зертханасы. Зертхана заманауи технологиялық жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.

Атап айтқанда 3D-сканер, 3D-принтер және виртуалды зертханалық бағдарламалармен және инженерлік модельдеу мен жобалау жұмыстарын орындауға арналған КОМПАС-3D және SolidWorks бағдарламаларының лицензиялық нұсқаларын қолдануға мүмкіндік бар.

– Зертхананы заманауи құрылғылармен жабдықтаудың ең маңыздысы – осы кеңістікті білікті мамандармен, ғылымға құштар студенттермен, яғни адами капиталмен толықтыру. Осындай зертханалар студенттердің инженерлік құзыреттіліктерін арттыруға, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға және жаңа технологияларды игеруге кеңінен жол ашады. Бұл зертхананың болашақ инженерлердің кәсіби қалыптасуына да оң әсерін тигізері анық, – дейді университет ректоры Думан Орынбеков.

Бұл зертхана негізінен «Машина жасаудағы цифрлық технологиялар» бағытының білім алушылары мен «Машина жасау» бағдарламасы магистранттарының оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік береді. Мұндағы кейінгі толқын өкілдері заманауи цифрлық өндіріс технологияларын меңгеріп, бөлшектерді 3D-сканерлеу, цифрлық модельдерін жасау, аддитивті технологиялар арқылы прототиптерін дайындау және олардың құрылымдық ерекшеліктерін талдау жұмыстарын орындайды.

Сонымен қатар зертханада виртуалды зертханалық кешендер арқылы өндірістік процестерді модельдеу, инженерлік есептеулер жүргізу және заманауи CAD/CAM/CAE жүйелерімен жұмыс істеуді қалыптастыру көзделген. Бұл білім алушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырумен қатар инженерлік ізденісін дамытуға және болашақта цифрлық өндіріс саласында бәсекеге қабілетті мамандардың шыңдалуына мүмкіндік береді.

Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Раил Советбаевтың айтуынша, бұл зертхананы ашудағы мақсат – студенттер мен магистранттардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға жол ашу.

– Мұнда 3D-сканерлер, 3D-принтерлер және виртуалды зертханалық кешендер бар. Мұндай виртуалды зертханалар студенттердің өндірістік процестерді қауіпсіз ортада меңгеруіне мүмкіндік береді. Бұл жабдықтардың барлығы білім алушыларға қолайлы жағдай жасап, олардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған, – дейді Раил Аянұлы.

Цифрлық инженерия зертханасының ашылуы – университеттің ғылыми білім беру инфрақұрылымын дамытуға және машина жасау саласындағы цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған маңызды қадам.

 Инжиниринг орталығының игілігі зор

Күнделікті тіршіліктегі қолданысқа енетін түрлі заттардың құрылымдық компоненттеріне талдау жүргізіп, олардың беріктігін немесе осалдығын анықтайтын зертханалар жұмысы өз алдына бір қызық әлем. Соның бірі – университет базасындағы Инжиниринг орталығы. Мұнда металл құрамын жоғары температурада ұстап, оның қаттылығын сынайтын бірнеше ғылыми құрал-жабдықтар іске қосылған.

Олармен университет магистратурасында білімін шыңдап жүрген 11 маман жұмыс істейді. Инжиринг орталығының басшысы Ринат Құсайыновтың айтуынша, мұндағы мамандар өскемендік «MetPro инжиринг компаниясы» ЖШС мамандарымен әріптестік байланыс орнатқан.

– Біздің орталықта негізінен құрыш, металл бетін қатайту және қорғаныш жабындарын алу, үйкеліске төзімділігін тексеру жұмыстарына талдау жасалады. Алдымен металға микроскоппен қарап, эксперимент жасайды. Одан кейін 15 мың градусқа дейінгі температурада балқытады. Одан басқа да өзгерістерге ұшырау көріністері приборлар арқылы мұқият қадағаланады, – дейді орталық басшысы Ринат Кенжеұлы.

2022 жылы негізі қаланған Инжиринг орталығында негізінен металл жабындарының үйкеліске төзімділігі зерттеледі. Соның ішінде ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі техникаларына қажетті металл элементтері сараптамадан өткізіледі. Соған сәйкес, орталықта «Материалдарды беттік өңдеудің плазмалық технологиялары» зертханасы, металл кесу және механикалық өңдеу аймағы, материалтану және электролиттік плазмалық технологиялар зертханасы, рентгендік-құрылымдық талдау аймағы сияқты бірнеше бөлімдердің жұмысы жүйелі жолға қойылған.

Жылыту және салқындату зертханасы

Шәкәрім университеті ғылыми әлеуетті нығайтуға және заманауи ғылыми әзірлемелерді білім мен өндіріс тәжірибесіне енгізуге бағытталған ғылыми инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуды жалғастыруда. Соңғы жылдары университетте қаржыландырылатын ғылыми жобалар саны жыл сайын артып келеді. Осы жобаларды іске асыру аясында жаңа ғылыми зертханалар ашылып, олар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Бұл өз кезегінде жүргізілетін зерттеулердің аясын кеңейтіп, олардың қолданбалы әрі практикалық маңызын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Осындай жұмыстардың тағы бір нәтижесін Шәкәрім университетінде жылыту және салқындату зертханасының пайдалануға берілгендігінен көруге болады. Бұл игілікті іс университеттің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Бағдатұлының бастамасымен ашылып отыр. Зертхана 40 миллион теңгеге заманауи жабдықтармен жабдықталған. Алдағы уақытта оны қосымша 25 миллион теңгеге жарақтандыру жоспарланып отыр. Бұл зертхананың эксперименттік мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, күрделі ғылыми зерттеулер жүргізуге жол ашады.

Зертхананың негізгі ғылыми бағыты – жылуфизикалық қасиеттері жақсартылған заманауи жылу тасымалдағыштарды әзірлеу. Атап айтқанда, наносұйықтықтарды жасау, олардың жылу өткізгіштігін, тұтқырлығын және ұзақ мерзімді тұрақтылығын зерттеу бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Бұл параметрлер наносұйықтықтардың өндірісте және энергетикалық жүйелерде тиімді қолданылуы үшін аса маңызды. Жүргізіліп жатқан зерттеулер БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен, сондай-ақ жаңартылатын және энергия тиімді энергетиканы дамыту міндеттерімен тікелей үндеседі.

Жаңа жылу тасымалдағыштарды әзірлеу жылу және энергетикалық жүйелердің тиімділігін арттыруға, энергия шығындарын азайтуға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Алынған ғылыми нәтижелердің өңірдің энергетика саласында практикалық қолданылуы күтілуде. Сонымен қатар әзірлемелердің коммерцияландыру әлеуеті де жоғары, бұл ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтуға жол ашады.

– Гранттық қаржыландыру жобалары аясында жабдықталған бұл зертхана толықтай компьютерлік және зертханалық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Алғашында бір жылдық ішкі университеттік жоба аясында жұмыс істедік, сол жоба наносұйықтықтар бағыты бойынша сәтті аяқталды. Қазіргі уақытта осы бағыттағы келесі ғылыми жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Зерттеу жұмыстарына жас ғалымдар белсенді қатысып жатыр. Біз алынған нәтижелер бойынша патенттерге ие болдық және алдағы уақытта процестерді жетілдіріп, өндіріс саласына енгізуге мүмкіндік туады деп сенеміз, – дейді техникалық физика және жылу энергетика кафедрасының меңгерушісі Ольга Степанова.

Ғалымның айтуынша, зерттеудің негізгі мақсаты – кескіш станоктар мен өндірістік жабдықтарды тиімді салқындату мәселесін шешу. Бұл салқындату сұйықтықтарына нанобөлшектер енгізу арқылы жылу алмасу тиімділігін арттыру жолымен жүзеге асуда.

Сонымен қатар зертхана Erasmus+ және KazDual жобалары аясында да кеңейтіліп жатыр. Бұл жобалар Қазақстанда дуалды білім беруді дамытуға бағытталған. Техникалық физика мамандығының докторанты Жандос Акишевтың айтуынша, жоба алдымен ішкі гранттан басталып, мемлекеттік деңгейде қаржыландыруға ұласқан.

– Алғашында көлемі 1 миллион теңге болатын ішкі грант аясында титан оксиді негізіндегі наносұйықтықтың күн коллекторының тиімділігін арттыратынын дәлелдедік. Кейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 79 миллион теңгелік гранты арқылы күн коллекторларына арналған наносұйықтықты жетілдіру жобасын сәтті аяқтадық. Бүгін ашылған зертхана маман даярлау мен университеттің ғылыми әлеуетін арттыруда үлкен рөл атқарады деп ойлаймын, – деді ол.

Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығының директоры Саят Таңатаров университеттегі ғылыми бастамаларға оң көзқарасын білдірді. – Шәкәрім университетінде гранттық жобалар аясында ауқымды ғылыми жұмыстар жүргізіліп жатыр. Күн панельдерін жазғы аптап ыстықта қызып кетуден қорғайтын наносұйықтық әзірлеу – өте өзекті әрі маңызды жоба. Жастардың сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Патенттердің алынуы – осы еңбектің нақты нәтижесі. Біздің университетпен ынтымақтастық туралы меморандумымыз бар, алдағы уақытта бірлескен жұмыстар жалғасады, – деді Саят Замамбекұлы.

Жылыту және салқындату зертханасының ашылуы – Шәкәрім университетінің ғылыми экожүйесін дамытудағы маңызды қадам. Бұл бастама университеттің өзекті, қолданбалы әрі әлеуметтік маңызы бар ғылыми зерттеулер жүргізуге деген ұмтылысын айқын көрсетеді және өңірдің инновациялық дамуына нақты үлес қоспақ.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Шәкәрім университеті Innovation Hub бөлімінің маманы,
Абай облысы, Семей қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий