Тараздағы зияткерлік мектеп те ауқымды акцияға атсалысты

«Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!» әлеуметтік жобасына Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебі де қосылды. Мұғалімдер күні қарсаңында мектеп оқушылары cүйікті ұстаздарына «Бiлiмдi ел – Образованная страна» газетіне жазылым түрінде ерекше сыйлық жасады. Он бірінші сынып оқушысы Айым Жүрсінәлі өзінің орыс тілі мұғалімі Жамал Өмірбаеваның атына жазылым жасады.

Осындай тамаша сыйлықты күтпеген жерден алдым! Ерекше сыйлығы үшін Айымға рахметімді айтамын. Мен үшін газет пен кітап кез келген букет гүлден артық. Енді мен білім саласындағы соңғы жаңалықтардан хабардар болып отырамын! – дейді Жамал Қанарқызы.

12 сынып оқушылары Ақұлпа Тұрлыбай, Алма Қанатқызы және Әлихан Қосыбай жазылымды өздерінің бастауыш сынып мұғаліміне сыйлады.

– Біз Эльмира Рахманқызына өте ризамыз. Ол бізді санауға және жазуға, қаламды дұрыс ұстауға үйреткен алғашқы мұғалім. Бастауыш сыныпта берген білімі мен дағдылары бізге алдағы мектеп өмірінде көмектесті. 2014 жылы біздің сыныптан Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне бірден 18 оқушы түсті. Барлығы Эльмира Рахманқызының еңбегінің арқасында, – деп атап өтті оқушылар.

Тараз қаласындағы Зияткерлік мектебінің шаруашылық меңгерушісі Жандос Исахаев раушан гүлі мен газетке жазылым қағазын алып өзінің математика пәні мұғалімін құттықтап қайтты. Ғалия Нұртаева Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектепте бесінші сыныптан бастап математикадан сабақ берген.

– Біз Ғалия апайдың сабақтарына үнемі қуана қатысатынбыз. Сабақта түрлі әдістер пайдаланып бізді барынша қызықтыруға тырысатын. Ол кісінің қызықты мысалдары мен кеңестері әлі күнге дейін есімде. Ол шынайы педагог! – дейді Жандос Ошақбайұлы.

 

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий