Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің директоры, ветеринария ғылымдарының докторы,профессор, академик Еркімбек ҚАНЖІГІТОВ «Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!» жобасын қолдады
“Ұстаз сөзінің ұғымы кең. Оның ең негізгі мәні жақсылыққа, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізуге үйрету, тәрбиелеу дегенді білдірсе керек. Сондай аяулы жандардың ыстық ықыласы мен шынайы мейірімін көрген жанда арман да жоқ шығар. Әркім заманына қарай мектеп табалдырығын аттап, адам баласы ара қатынастарының ең бір абзал әрі мағыналы, мәнді түрі – ұстаздық пен шәкірттіктің қарым-қатынасын жандарымен сезініп, білім нәрімен сусындағаны анық”, – дейді Еркімбек Қанжігітов.
– Солардың бірі болып мен де алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, әліппемен табысқан болатынмын. Бөген ауданының Бадам ауылындағы төрт жылдық мектепте әріп танып, есеп шығарып, білімнің шырағын сонда жаққан едім. Алғашқы ұстазым Құрал апайдан үйренгенім көп, өмірге деген көзқарасымның қалыптасуы сол кісінің дәрістерінен бастау алды. Екінші сыныптан бастап Охап ағайымыз бастауыш біліміміздің толығып, ілімнің қыр-сырларына терең бойлауымызға көп еңбек сіңірген еді.
Бесінші сыныпта Бадам стансасының орталығындағы Төлебек Жананов ағай басқаратын С.Сейфуллин мектебіне бардық. Ол кісі Ұлы Отан соғысына қатысқан, қаталдау, талапшыл кісі болатын. Ал мектеп бітіретін соңғы жылдары Айтбай Шерімқұлов ағай басшы болып келді. Ол кісі тарих пәнінен сабақ беріп, менің бойымдағы ерекше қасиетті тез байқап, менің сабақ өтуімді талап ететін. Әрине, мен ол кісінің талабын қуана қабыл алатынмын.
С.Сейфуллин мектебінде жұбайым Шарипамен бірге оқып, бірге өстік. Екеуіміз де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өнерге де жақын болдық. Сайтбек ағайымыз ұйымдастырған ұлттық оркестрде Шарипа домбырада мен бойымнан үлкен окордионда түрлі әуендерді нақышына келтіре ойнайтынбыз. Кейінен мектепте «Жұлдыз» ансамблі құрылып Шарипа сонда ән салатын болды.
Біздерге Омашов Шапай, Нұржанов Әбсалам, Қарабаев Нуриддин, ерлі зайыпты Сейітхан – Маржан, Рүстем ағайлар мен, Балатай, Әтіркүл тағы басқа да апайларымыз дәріс үйретті. Сол кісілердің ерінбей төккен маңдай терлерінің арқасында өмірлік білім алдық. Бүгінде өз биігімізге шығып, ғылымды меңгердік. Ұлы педагог Ы.Алтынсарин, «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп, ұлық кәсіп иелерінің ұлылығын дәріптесе керек.
Жақында ғана Республикалық «Білімді ел» газетін қолға алып, ондағы «Ұлағатты ұстазға ыстық ықыласпен» деп айдарланған оқырман бастамасын құп көрдік. «Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді келеді» дегендей, Шарипа екеуіміз оқып, білім алған, бүгінде Шапай ағайымыздың қызы – Омашова Сәуле қарындасымыз басқаратын С.Сейфуллин атындағы орта мектептің зейінді шәкірттер дайындап жатқан ұстаздарын төл мерекелерімен құттықтай отырып, сүйікті мектебімізге, біздерді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызға деген шексіз сүйіспеншілігімізді тағзым етіп білдіреміз.
Загрузка...