Газеттің жылдық жазылымы ақмолалық екі педагогқа табысталды
“Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің шығармашылық ұжымы еліміздің барлық өңірінде кең қанат жайған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” – “Моему учителю с любовью!” әлеуметтік сипаттағы жаңа жобаның тұғырландыра түсу үшін әр облыстағы екі танымал ұстаз немесе таңдаулы мектептер ұжымына осы салалық басылымның алдағы 2020 жылға тұтас бір жылдық жазылымын сыйға ұсынып, арнайы сертификаттар беруге шешім қабылдағаны еліміздің барлық аймақтарында білім басқармалары тарапынан кеңінен қолдау тапты.
Ақмолалық педагогтардың өткен аптаның жұма күнінде аймақ жетекшісі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен арнайы ұйымдастырылған салтанатты мерекелік басқосу барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ҚАРАСАРТОВА Шаттық Каналбекқызы мен қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінің оқытушысы ІЛИЯС Данагүл Нұртайқызына елордасынан жеткен жазылым сертификаты жиналған қалың қауымның алдында облыстық білім беру басқармасы тарапынан ерекше қошаметпен табысталып, әріптестерінің алдында асқақ абыройға бөленді.
Шаттық Қарасартова, Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясында алғашқы еңбек жолын бастап, ширек ғасырға жуық осы ұстаздар ұжымында үздіксіз еңбек етіп келеді. 1968 жылғы қаңтар айының 1-і күні Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институттың түлегі. Ол ерен еңбекқорлығымен, жаңашылдығымен, адамгершілік қасиеттерімен білім шаңырағының беделін биіктетіп жүрген ізденімпаз ұстаздардың бірегейі. Қалалық және облыстық «Жыл мұғалімі – 2009» сайысының бас жүлдесін иеленіп, Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен марапатталды. 2012 жылдан бастап әдістемелік бірлестіктің жетекшісі, және қоғамдық негіздегі кәсіподақ ұйымының хатшысы. Ш. Уәлиханов университетінде ғылыми сарапшы және 2014/2015 оқу жылдан бастап мемлекеттік емтиханның төрайымы қызметінде. Жоғары оқу орнының филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бағдарламасынаң авторлық құрастыру тобының белсенді мүшесі. «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойынында оқушысы Шортанбай Олжас екінші орынды иеленсе, 2013-2014, 2014-2015 оқу жылының пән олимпиадасына қатысқан оқушылары Мұрат Айдана, Кабдуш Куаныш бас жүлдеге қол жеткізген еді. Амалбекова Ботагөз республикалық онлайн-ақындар мүшайрасында топ жарды. Басқа да шәкірттерінің жемісті жетістіктері жетерлік.
Данагүл ІЛИЯС, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінің оқытушысы. Осы мамандық бойынша педагогика ғылымдарының магистрі атағын алған тәжірибелі тәлімгер. 1995-1996 жылдары Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Айдабол орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде алғашқы еңбек жолын бастап, ұстаздық жолын 1996-2011жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы №11 білім шаңырағында жалғастырды. Содан соң астықты аймақтың педагогикалық колледжіне ауысып, тіл және әдебиет кафедрасының жетекшісі, сырттай оқу бөлімі мен филология бөлімінің меңгерушісі лауазымдарын абыроймен адал атқарды. Биылғы қыркүйек айынан бастап директордың тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары қызметіне кірісті.
«Intolimp.kz-оқу әдістемелік орталығы биыл ұйымдастырған «Үздік сабақ жоспары» республикалық педагогтар байқауының дипломанты танып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Ақмола облысының 2015 жылғы үздік педагогы. “Үздік педагог” төсбелгісінің иегері.
Республикалық басылымның редакциясы ақмолалық қос педагогты Ұстаздар мерекесімен және арнайы сертификатты иеленуімен шын жүректен құттықтап, игі жақсылықтар тілейді!
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...